Месси жоқ – Криштиану Роналду, Салах, Модрич

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
6160

FIFA 2018 жылғы үздік футболшы атағына үмітті үш ойыншыны жариялады.

Месси жоқ – Криштиану Роналду, Салах, Модрич Фото: fifa.com

Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) 2018 жылдың үздік футболшысы атағынан үмітті үш ойыншының есімін жариялады. Олар – Криштиану Роналду ("Ювентус", Португалия құрамасы), Лука Модрич ("Реал", Хорватия құрамасы) және Мохамед Салах ("Ливерпуль", Египт құрамасы).

FIFA шілде айында 10 үміткерді атаған болатын. Онда ондыққа мына футболшылар да енген еді: Лионель Месси ("Барселона"), Кевин Де Брёйне ("Манчестер Сити"), Антуан Гризманн ("Атлетико"), Эден Азар ("Челси"), Гарри Кейн ("Тоттенхэм Хотспур"), Килиан Мбаппе ("ПСЖ") және Рафаэль Варан ("Реал").

Өздеріңіз байқап отырғандай, финалға 2006 жылдан бері бірінші рет Лионель Месси енбей қалыпты. Сонымен қатар, биыл әлем чемпионы болған Франция құрамасынан да ешкім ілікпеген. Ал 2018 жылдың үздік футболшысы 24 қыркүйек күні Лондонда өтетін "The Best FIFA Football Awards" шоуында жарияланады.

Әлемнің үздік футболшысы дауыс беру арқылы анықталады. Сауалнамаға FIFA құрамындағы елдердің ұлттық құрамаларының бас бапкерлері мен капитандары, сонымен қатар әр елдің спорттық басылымдары тартылады (дауыс береді).

Жалпы, "The Best FIFA Football Awards" шоуында тоғыз номинация бойынша жыл үздіктері анықталады. Олар – үздік футболшы, әйелдер арасындағы үздік футболшы, үздік жатықтырушы, әйелдер арасындағы үздік жаттықтырушы, үздік қақпашы, ең үздік гол соққан ойыншыға Ференц Пушкаш атындағы жүлде, fair play (әділетті ойын), FIFA Fan Award (жанкүйерлерге арналған жүлде), таңдаулы құрама.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу