Елена Рыбакина Miami Open турнирінің ширек финалына шықты

213

Қазақстанның 1-ші, әлемнің 2-ракеткасы Елена Рыбакина Майами (АҚШ) WTA 1 000 турнирінің ширек финалына жолдама алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Елена Рыбакина Miami Open турнирінің ширек финалына шықты   Фото: sports.kz

Отандасымыз төртінші айналымда әлемдік рейтингіде 68-орындағы аустралиялық, 21 жастағы Талия Гибсонмен алаңға шықты.

Бұл қос спортшының өзара алғашқы кездесуі еді. Соңғы кезде ерекше жарқырай көрінген Талия Гибсон осы Майами додасының барысында ТОП-20-ға кіретін жапониялық Наоми Осака мен америкалық Ива Йовичті ұтып, сенсация жасаған еді. 

Бірінші партияда Елена қос брейкке қол жеткізді – 6:2. Екінші сетте есеп 2:2 болған мезетте Рыбакина тағы да брейкпен алға кетті. Тағы бір брейк – 5:2. Ақыры матчты эйспен түйіндеді – 6:2. 

1 сағат 5 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 7 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Гибсон 1 эйс жасағанымен, 1 брейк-пойнтты пайдалана алмады. 

Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 5-ракеткасы, америкалық Джессика Пегуламен таласады. Ол төртінші айналымда рейтингіде 36-сатыдағы румыниялық Жаклин Кристианды жолдан тайдырды – 6:4, 6:1. 

Е. Рыбакина осының алдында Индиан-Уэллс (АҚШ) мастерс жарысының ширек финалында Д. Пегуланы 6:1, 7:6 (7:4) есебімен жеңген еді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу