Қазақстандық теннисшілердің WTA 1000 Miami Open presented by Itaú турниріндегі қарсыластары анықталды. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева жарысты екінші айналымнан бастайды. Е.Рыбакина эстониялық Кайя Канепи немесе америкалық Лорен Дэвис арасында өтетін кездесудің жеңімпазымен сынға түседі. Ю.Путинцева ұлыбританиялық Хизер Уотсон немесе іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірімен шеберлік байқасады. Қазақстан құрамасының капитаны Ярослава Шведова алғашқы айналымда іріктеу сайысы жеңімпаздарының біреуімен кортқа шығады. Ал Зарина Диястың қарсыласы – атақты америкалық Винус Уильямс.
Ерлер арасындағы осы додада Қазақстаннан Александр Бублик пен Михаил Кукушкин сынға түседі. Еліміздің бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Александр Бублик жарысты екінші айналымнан бастайды. А.Бублик әлемнің 57-ракеткасы, сербиялық Ласло Дьере немесе рейтингте 71-сатыдағы чехиялық Иржи Веселыйдың біреуімен кездеседі. Әлемнің 105-ракеткасы М.Кукушкин рейтингте 316-орында тұрған ұлыбританиялық Джек Грэйпермен күш сынасады. Оны жеңсе, екінші айналымда жуырда өткен Dubai Duty Free Tennis Championships турнирінің жеңімпазы, кеше рейтингте 27-орынға көтерілген ресейлік Аслан Карацевпен кортқа шығады.
Тағы бір қазақстандық Дмитрий Попко іріктеу сайысында америкалық Бьорн Фратанджелодан 5:7, 2:6 есебімен ұтылып қалды.
Ермұхамед Мәулен