МИБ-терге қатысты шектеулер белгілі болды

4912

Пәтер иелері мен тұрғын үйді басқарушы бірлестіктер арасындағы шайқас ушығып барады.  

МИБ-терге қатысты шектеулер белгілі болды

Пәтер иелері кооперативтері (ПИК) кезінен қалыптасқан тәжірибе бар. Кейбір тұрғын үй кешендерінің кіреберісінде, кейде лифт жанында, тіпті темір есікте ара-тұра берешек тұрғындардың тізімі ілінеді. Онда берешек пәтердің нөмірі, иесінің аты-жөні және қарызының көлемі жөнінде ақпарат беріледі. Борыш қордалағанына арланбағанымен, атының жария болғанына қорланған кейбір тұрғын не ондай тізімдерді жыртып тастайды, немесе ондағы өзінің аты-жөнін сызып тастайды. Кейде "төледім!" деген жазуды да көруге болатын.

"Қара тізімді" қайтсе жариялауға болады?

Енді тәжірибе өзгергені көрінеді. Борышқа батқан тұрғындар қарсы шабуылға көшіп, МИБ басшыларымен соттаса бастапты. Дәлелдері ұқсас "заңмен қорғалған дербес деректерімді жариялады". Содан ТК басқарушыларының үлкен бөлігі адамдарды ар-ұятқа шақыратын бұл тәсілден жаппай бас тартуда. Оның орнына әлгі тізімді шағыммен бірге сотқа жолдайды.

Тағы бір бөлігі бұл тетікті сақтап қалуға тырысуда.

"ПИК-тер әдетте коммуналдық қызметтер бойынша қарызы бар тұрғындардың, коммерциялық жылжымайтын мүлік иелерінің тізімін подъездің есігіне немесе ақпараттық тақтаға орналастырады. Тізімде енді тек пәтердің нөмірі және берешек сомасы ғана көрсетіледі. Аты-жөні, ЖСН-і көрсетілмейді. Мұндай ақпаратты орналастыру дербес деректер туралы заңды бұзу болып табыла ма?", – деп, алматылық салтанатты тұрғын үйдің меншік иелері бірлестігінің (МИБ) басшысы Нұрлан Нұрайдаров өзге әріптестерінің көкейінде жүрген сауалды Цифрлық даму министрлігіне қойды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбектің түсіндіруінше, "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" заңының 1-бабының 2-бөліміне сәйкес, дербес деректерге – "дербес деректердің субъектісіне қатысты электрондық, қағаз немесе өзге де материалдық жеткізгіште тiркелген мәліметтер" жатады.

Бұлыңғыр анықтама, сондықтан оған көп нәрсені жатқызуға болады.

Дегенмен белгілі бір шарттар орындалса, борышкерлер тізімін ары қарай жариялай беруге жол беріледі.

"Қосымша мәліметтерді пайдаланбай, тек пәтердің нөмірін және қарызының сомасын көрсеткен жағдайда ол ақпараттың нақты бір дербес деректер субъектісіне қатыстылығын анықтау мүмкін болмайды. Ендеше көрсетілетін мәліметтер қатарында нақты дербес деректер болмағандықтан ПИК пен МИБ өз іс-әрекетімен Қазақстанның "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" заңын бұзбайды", – деді Асхат Оразбек.

Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі МИБ-тер персонал жалдай алмайтынын түсіндірді. Елордалық тұрғын үйдің МИБ жетекшісі Әйгерім Уәлиева бұл ведомствоға сауалмен жүгінген болатын: "Меншік иелерінің бірлестігі үйді күтіп ұстау қызметтерін көрсететін жеке тұлғалармен – еден жуушылармен, сантехниктермен, электриктермен және басқаларымен тікелей азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт бекіте ала ма?".

МИБ басшылықтарын мазалаған бұл сұраққа Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов жауап берді. Оның айтуынша, "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңының 43-бабының 7-бөліміне сәйкес, МИБ төрағасы сервистік қызмет субъектілерімен қызметтер көрсету туралы шарттар жасасуы қажет.

"Меншік иелерінің бірлестігі кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп ұстаумен өзі айналыса алмайды. Ортақ мүлікті күтіп ұстаумен МИБ төрағасымен арада бекітілген қызмет көрсету туралы келісімшарт негізінде сервистік қызмет субъектілері айналысады. МИБ-тің штатында аула сыпырушы, электрик, сантехник және басқаларының болуы жауапкершілігі қарастырылмаған", – деп жауап қатты министр өз блогында.

МИБ кеселі заңғар үйлерден жеке үйлерге көше ме?

Қазіргі кезде Нұр-Сұлтан, Алматы және басқа қалалардағы сән-салтанатты тұрғын үй кешендерінде МИБ-тердің құрылуы айналасында қырықпышақ қырқыс, үлкен дау-дамай өрбуде.

Бұл шайқастар кереғар жағдайға, парадокске дейін жетті. Мысалы, Алматы қаласының Алатау ауданындағы "Қарасу" ықшамауданында орналасқан коттедждер қалашығында ақылға симас жанжал өршіп барады. Тіпті осы іске қатысты шешім шығарған соттың өзі проблеманы шешу орнына ушықтырып жібергендей.

"Қарасу" коттедждер қалашығының 48 тұрғыны осында құрылған МИБ-ке қарсы сотқа шағым түсірді. Мәселенің мәнісі неде?

"Бізді ешкім де тыңдағысы келмейді. Үйлеріміз бір-біріне тәуелсіз, автономды тіршілік етеді (өз су құбыры, кәріз жүйесі, электр жабдықтары бар). Әр үй төл қазандығымен жылытылады. Алайда 2021 жылғы ақпанда нақты, қомақты сомаларды талап еткен түбіртек ала бастадық. Анықтағанымыздай, 2019 жылдың желтоқсанында біркелкі үлгідегі үйлерде тұратын кейбір тұрғындар бірігіп, МИБ құрып алыпты. Ал МИБ-тер тек көппәтерлі тұрғын үйлерде ғана құрылады. Өйткені олардың коммуникациялары, аулалары ортақ. Ал бізде оның бірі жоқ", – деп әңгімеледі мүлік иелерінің бірі Әсел Мұратжанқызы.

Соған қарамастан, сот ұжымдық шағым жазған тұрғындардың меселін қайтарып, МИБ құруға болады деп ұйғарады. Дауласушы тұрғындар аудандық соттың шешімімен келіспей, Алматы қалалық сотына талап арыз түсіреді. Арызданушылар Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне, Алматы қаласының әкімдігіне, тұрғын үй басқармасына хат жолдайды. Бұл ведомстволарының бәрі жеке тұрған коттедждер үшін МИБ құрылмайтынын растаған. Тұрғындар қалалық сотқа осы ресми хаттармен қаруланып барады. Алайда бәрібір сотта жеңіліп қалған.  

Әйткенмен наразы тұрғындар бұған тоқтамайтындарын, Жоғарғы сотқа шағымданып жатқандарын айтады. Олар Алматы қаласының Әділет департаментінің жеке секторда қалайша МИБ-ті тіркегеніне аң-таң. Жалпы тұрғындардың мәліметінше, бұл коттедждер қалашығында шамамен 15 мыңдай адам тұрады. Әділет департаментінің түсіндіруінше, МИБ құрушылар тұрғындардың үштен екі бөлігінің даусын жинапты. Тұрғындардың бір бөлігі мұны жалған деп отыр.

Қалай болғанда, егер жеке тұрғын үйлердің арасында да МИБ құру тәжірибесі заңдастырылып, кең тарала бастаса, МИБ-терге қатысты қалалардағы кесапатты, шыж-быжы көп шайқастар енді ауылға да қанат жаюы ғажап емес.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу