The Guardian, +972 Magazine және Local Call бірлескен зерттеуінде Израильдің әскери барлау құрылымы – Unit 8200 – палестиналықтарды жаппай бақылау үшін Microsoft Azure платформасын пайдаланғаны анықталған.
Әсіресе, Газа секторында және Батыс жағалауда миллиондаған телефон қоңырауларын сақтау мен талдау жұмыстары назарға іліккен.
Reuters хабарлауынша, Microsoft 15 тамыздан бастап ішкі аудит жүргізіп, қаржылық есептер мен келісімшарттарды тексерді. Тексеру барысында Израиль тарапынан Нидерландыдағы Azure деректер қоймасы мен корпорацияның жасанды интеллект қызметтерін пайдаланғаны расталған.
Соның нәтижесінде компания жазылымдардың бір бөлігін өшіріп, бұлтты сақтау және AI қызметтеріне қолжетімділікті шектеді.
Microsoft президенті Брэд Смит компания азаматтарды жаппай қадағалауға жол бермейтінін атап өтті.
"Біздің технология бейбіт тұрғындардың құқығын бұзатын мақсатта пайдаланылмауы тиіс", – деді ол.
Израиль қорғаныс министрлігі Microsoft шешімі әскердің операциялық қабілетіне айтарлықтай әсер етпейтінін мәлімдеді. Ал корпорация тексеруді жалғастырып, этикалық стандарттарға қайшы келетін кез келген пайдалану жағдайында шара қолданатынын жеткізді.