Microsoft пен Fendi көрші елдің нарығына қайта оралуды көздеп отыр

ТАСС агенттігі LVMH құрамындағы Fendi компаниясының Ресейде бірден екі тауар белгісін тіркегенін жазады. 

Microsoft пен Fendi көрші елдің нарығына қайта оралуды көздеп отыр Фото: Volodymyr Kyrylyuk / Shutterstock / FOTODOM

Сондай-ақ, 2022 жылдың наурызында елден кеткен Microsoft компаниясы да қайта оралуы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Fendi сән үйі тіркеген екі тауар белгісінің бірі – брендтің баспа өнімдеріне арналған танымал логотипі, ал екіншісі – қара-қоңыр түсті матаның текстурасына қатысты белгі. Бұл тауар белгісі былғары бұйымдар мен киім-кешекке арналған.

Fendi S.r.l. компаниясы тауар белгілерін тіркеуге өтінімді Ресейдің Зияткерлік меншік жөніндегі федералды қызметіне 2024 жылдың қарашасында тапсырған. Десе де, олар тек 2026 жылдың қаңтар-ақпан айларында ғана ресми түрде тіркелген. Тауар белгілеріне берілген құқық 2034 жылдың қараша айының соңына дейін жарамды болмақ. 

Франциялық люкстік брендтер ішінде LVMH-тың Ресеймен байланысы арта түсуі мүмкін. Agence France-Presse агенттігінің хабарлауынша, концерн басшысы Бернар Арноны 2016 жылы Кремльде Ресей президенті қабылдаған. Сол кезде Владимир Путин Арноға Парижде өнер коллекционері Сергей Щукиннің көрмесін ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірген. 

Ресей нарығына қайта оралуы мүмкін компаниялар тек LVMH пен Fendi-мен шектелмей тұр. ТАСС агенттігінің мәліметіне сай, америкалық технологиялық алпауыт Microsoft та Роспатентке 2 тауар белгісін тіркеуге өтінім берген. 

Ведомствоның деректеріне сәйкес, өтінімдер 2025 жылдың 3 қазанында берілген және ол "Microsoft 365" пен "Halo" брендтеріне қатысты болып отыр. Бұл тауар белгілері электронды құрылғылар, телекоммуникация және техникалық қызмет көрсету салаларында қолданылуы тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу