Microsoft жүйесіндегі ауқымды ақаудан келген шығын 7 миллиард доллардан асуы мүмкін

170

Соның салдарынан әлем бойынша миллиондаған пайдаланушы Outlook пен Teams сияқты қосымшаларды қолдана алмады.

Microsoft жүйесіндегі ауқымды ақаудан келген шығын 7 миллиард доллардан асуы мүмкін Фото: BILD

Microsoft компаниясы Outlook, Teams және Copilot сервистерінің қайта қалпына келгенін хабарлады. Осылайша, 12 қараша күні сағат 19:26-да басталған серверлердегі ақау аяқталды, деп жазады inbusiness.kz сайты BILD басылымына сілтеме жасап.

Компанияның мәліметінше, ауқымды іркіліске қате жаңарту себеп болған. Байқалмай қалған ақау серверлерге біртіндеп шамадан тыс жүктеме түсіріп, ақырында олардың істен шығуына әкелген. 13 қараша күні Microsoft 365 жеке пайдаланушылар үшін шектеусіз жұмыс істей бастағаны хабарланды. Ал корпоративтік клиенттерге сервистердің толық қалпына келуін таңға дейін күтуге тура келді.

Нәтижесінде әлем бойынша компаниялардың байланысы мен жұмысы 35 сағат 43 минут бойы бұзылды. Ақау электрондық поштаға, күнтізбе функцияларына және Microsoft Copilot жасанды интеллект көмекшісіне әсер етті.

Америкалық Anderson Economic Group талдау орталығының бағалауынша, Microsoft 365 жүйесіндегі ақаудан зардап шеккен компаниялардың шығыны 7 миллиард доллардан асуы мүмкін. Сондай-ақ Microsoft компаниясы жүйе істен шыққан бір күн үшін пайдаланушыларға жазылым ақысының шамамен 830 миллион долларын қайтаруы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу