Михаил Гурман қызметінен кетуі мүмкін

1350

Клуб басшылығы бас директорды команданың еурокубоктар мен Қазақстан Премьер-лигасындағы сәтсіздіктерінің басты себепкері деп санайды.

Михаил Гурман қызметінен кетуі мүмкін

"Астана" футбол клубының бас директоры Михаил Гурман маусым соңында қызметінен кетуі мүмкін, - деп хабарлайды Meta-ratings.kz.

Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, бас демеуші - "Самұрық-Қазына" басшылығы еуропалық жарыстан шығарылып, биыл чемпиондық атақты қорғау мүмкіндігінен айрылған клубтың нәтижелеріне көңілі толмайды.

"Маусым аяқталғаннан кейін клуб басшылығы Михаил Гурманның директор қызметінде қалуы туралы мәселені қарайды. Ал, бұған дейін бірнеше матчта бас бапкер қызметін атқарған атқарушы директор Пол Эшворт "Астанадан" кеткен болатын. Клуб басшылығы Гурман мен Эшуортты команданың осы маусымда сәтсіздікке ұшырауына басты себепкер деп санайды", - деп жазады сайт.

Естеріңізге сала кетейік, "Астана" маңызды матчта "Қайраттан" жеңіліп, оған чемпиондық жарыста одан әрі турнирлік кестедегі көшбасшылықты нығайтуға мүмкіндік берді. Осы ойыннан кейін Гурман төрешілікке шағымданды.

"Чемпионаттың екі көшбасшысының ойынына сәйкес келетін жекпе-жек болды. Әдеттегідей, мұндай матчтың тағдырын бір гол және ұсақ-түйек нәрселер шешіп кетеді. Оның ішінде төреші Игорь Чесноковтың жіберген бірнеше қателігі де болды және бұл соңғы нәтижеге әсер етті. Бірақ таблодағы есепке қарамастан, мені "Астананың" ойыны қуантты, команданың ойын дағдарысынан шықаны көрініп тұрды. Бұл бізге үміт сыйлайды және бас бапкер таңдауда қателеспегенімізді дәлелдейді", - деді Гурман.

Сонымен қатар бас директор матч тағдырына төрешілер әсер етті ме деген сұраққа да жауап берді

"Біздің тең нәтижені жұлып алуға мүмкіндігіміз болды. Тіпті жеңіске жетуіміз мүмкін еді. Бірақ қарсылас өз мүмкіндігін голға айналдырғанымен, біз олай жасай алмадық. Соған қарамастан, мен нәтижеге әсер еткен кем дегенде екі қателікті атай аламын. 31-минутта Евгений Постниковқа қарсы алаңның ортасында ереже бұзылғаннан кейін бірінші гол соғылды. Ол жерде қарсылас ойыншысы қауіпті ойнады. Бірақ төреші ереже бұзылды деп есептеген жоқ. Екінші таймда айып алаңының жанында Барсегянды шалып жыққанда, төреші тағы да үнсіз қалды. Өкінішке орай, осы маусымда "Астанаға" қарсы матчтарда төрешілер қателікті қарсыластың пайдасына жасап жатыр", - деді "Астана" футбол клубының бас директоры.

Қалай болғанда да маусым әлі аяқталған жоқ. Алда әлі "Астананың" бірнеше ойыны бар. Бірақ, "Қайрат" әрбір кездесу сайын өзінің көшбасшылығын одан әрі нығайтуда.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу