Михаил Кукушкин Индиан-Уэллстің жеңімпазынан ұтылды

951

Miami Masters-2022 турнирінде қазақстандық теннисшілер Михаил Кукушкин, Елена Рыбакина және Анна Данилиналар жарыстың алтыншы күнінде қарсыластарына жол берді.

Михаил Кукушкин Индиан-Уэллстің жеңімпазынан ұтылды

Ерлер арасында Қазақстанның екінші ракеткасы Михаил Кукушкин Индиан-Уэллсте өткен турнирдің чемпионы, америкалық Тейлор Фрицтен жеңіліп қалды. Корт қожайыны қазақстандықты үш сетте – 6:3, 5:7, 6:3 есебімен жеңді. Кездесу 2 сағат 8 минутқа созылып, Михаил бір рет қателесіп, бірде-бір эйс жасамады. Ал Фриц ойын барысында қателікке бой алдыра қойған жоқ. Америкалық келесі кездесуін 28 наурызда жерлесі, әлемнің 37-ракеткасы Томми Полға қарсы өткізеді.

Айта кетейік турнирдің алғашқы кезеңінде Кукушкин голландиялық Ботик Ван де Зандшульпты жеңіп, сенсация жасаған болатын.

Әйелдер арасында жұптық сайыс бойынша еліміздің бірінші ракеткасы Анна Данилина серіктесі бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен дуэтте П. Бадоса (Испания) мен А. Сабаленкадан (Беларусь) 3:6, 4:6 есебімен жеңіліп қалды.

Елена Рыбакинаның да жұптық сайыста жолы болмады. Ол украиналық Ангелина Калининамен бірге Б. Бенчич (Швейцария) пен А. Конюхтан (Хорватия) жеңіліп қалды – 2:6, 7:6, 7:10. Дегенмен жекелей сайыс бойынша Елена бүгін тағы да жарыс жолына шығады. Ол Слоун Стивенсті жеңген әлемнің 21-ракеткасы америкалық Джессика Пегуламен сынға түседі. 1/16 финал 27 наурыздан 28 наурызға қараған түні елорда уақытымен 00:00-де басталады.

Сонымен қатар турнирдің 3-айналымына Юлия Путинцева да жолдама алды. Ол әлемнің 6-ракеткасы Паула Бадосамен сынға түседі. Кездесу Хард Рок Стэдиумде Нұр-Сұлтан уақытымен 22:00-де басталады. Ал Александр Бублик 22:30-да әлемдік рейтингте 8-орында тұрған Каспер Руудпен кездеседі.

Ермұхамед Мәулен