Михаил Шайдоров Қазақстанға Харбинде өтіп жатқан қысқы Азия ойындарында тағы бір жүлде әкелді.
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы қысқа және еркін бағдарламалардың қорытындысы бойынша 246,01 ұпай жинап, үшінші орынға ие болды.
Алтын медальді Оңтүстік Корея спортшысы Ча Джун Хван жеңіп алса (281,69 ұпай), күміс жүлдені жапониялық Юма Кагияма иеленді – 272,76 ұпай.
Топ-10 қатарына тағы бір қазақстандық Диас Жиренбаев (9-орын) кірді. Оның нәтижесі – 186,18 ұпай.
Сондай-ақ, бүгін қыздар арасында мәнерлеп сырғанаудан сайыс өтті. Өкінішке қарай олар жүлдегерлер қатарына іліге алмады.
Софья Самоделкина Харбинде еркін бағдарламада 125,12 ұпай жинап, жалпы есепте 188,43 ұпаймен 4-нәтиже көрсетті. Ал София Фарафонова еркін бағдарламада 79,64 ұпай жинап, жалпы есепте 125,27 ұпаймен 10-орынға тұрақтады.