Бұл сында Қазақстан намысын Ольга Тихонова мен Яна Хан қорғады.
Жарыс ережесіне сәйкес, жартылай финалға шығу үшін спортшылар өз тобында алғашқы екі орынның бірін алуы немесе үшінші орын иегерлері арасында ең үздік уақыт көрсетуі тиіс еді. Алайда бұл жолы қазақстандық спортшылар келесі кезеңге өте алмады. Яна Хан өз тобында 5-орын алып, жарысты аяқтады. Ал Ольга Тихонова 4-ші нәтиже көрсетіп, жартылай финалға жолдама ала алмады.
Осылайша, Қазақстан құрамасының өкілдері 1500 метр қашықтықта Олимпиададағы жарыс жолын тәмамдады. Спортшылар барын салып өнер көрсеткенімен, бәсеке өте жоғары деңгейде өтті.
Сондай-ақ, әйелдер арасында 1500 метрге конькимен жүгіруде ел намысын Арина Ильященко, Елизавета Голубева және Надежда Морозова қорғады. Ең үздік нәтижені Елизавета Голубева көрсетіп, мәреге 7-ші болып жетті. Надежда Морозова 12-орынға, ал Арина Ильященко 24-орынға тұрақтады.
Бұған дейін фристайл-акробатикадан да қазақстандық спортшылар іріктеу кезеңінен өте алмаған еді. Қысқы Олимпиада ойындарының 14-ші жарыс күнінде Қазақстан қоржынына медаль түскен жоқ.
Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы медальдар кестесінде 1 алтын медальмен 19-орында келеді.