Төрт құрлық чемпионаты 19-23 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Сеул қаласындағы "Mokdong Ice Rink" мұз айдынында өтуде.
Жарысқа Америка, Азия, Африка және Океаниядан келген спортшылар қатысып, ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сырғанау, спорттық жұптар және мұздағы би сайыстарына түсуде.
Бүгін мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан ұлттық құрамасының спортшысы Михаил Шайдоров қысқа және еркін бағдарламада топ жарып, жалпы есепте 285,10 ұпай жинады. 2-орынды оңтүстіккореялық Ча Джун Хван (265,02 ұпай) иеленсе, 3-орынға америкалық Джимми Ма (245,01 ұпай) жайғасты.
Михаил Шайдоров бұл турнирде жеңіске жеткен екінші қазақстандық спортшы. Бұл жеңіс Қазақстан үшін ерекше маңызға ие. Өйткені осыдан 10 жыл бұрын, 2015 жылы Сеулде өткен чемпионатта Денис Тен жеңіске жеткен болатын.
Осылайша, Михаил Шайдоров отандасының жетістігін қайталап, Сеул төрінде еліміздің көк туын тағы да желбіретті. 2019 жылы Элизабет Тұрсынбаева күміс жүлде иеленгенін айта кетейік.
Жарыстар әлі жалғасуда. Алда әйелдер арасындағы жекелей сырғанау, спорттық жұптар және мұздағы би сайыстары өтеді.