Михайлистің хет-тригі "Барысқа" жеңіс сыйлады

2425

"Барыс" өз алаңындағы матчтар сериясын "Амурмен" өткен кездесумен аяқтады. 

Михайлистің хет-тригі "Барысқа" жеңіс сыйлады

Сергей Светловтың шәкірттері Қазақстанға үш матчтық жеңіс сериясынан кейін келді. Соңғы турда "Амур" өз айдынында қытайлық "Куньлуньнан" - 3: 1 есебімен басым түсті. Гол авторлары дубль жасаған Александр Шаров және Дмитрий Лугин. Ал қақпашы Евгений Аликин қақпаға бағытталған 42 соққыны қайтарды.

Соңғы матчта "Барыс" бейсенбі күні өз алаңында "Салауат Юлаевтан" жеңілді - 3: 6. Соған қарамастан Юрий Михайлис шәкірттері Шығыс конференциясында сегізінші орынды сақтап қалды. Бұған дейін "Барыс" пен "Амур" үш матч өткізген. Оның екеуінде елордалық команда қарсыластарынан басым екенін дәлелдеді.

Ал бүгінгі Нұр-Сұлтандағы кездесу 3:2 есебімен, "Барыстың" пайдасына аяқталды. Никита Михайлис 23, 28 және 49-минуттарда гол соғып, хет-трик жасады. Ал қонақтардан Дмитрий Лугин 38 минутта, ал Сергей Терещенко 47 минутта гол соқты. Елордалық команда осы жеңістен кейін 51 ұпай жинап, Шығыс конференциясында сегізінші орынды  сақтап қалды. Ал "Амур" 38 ұпаймен оныншы орында келеді.

Құрлықтық Хоккей Лигасы
"Барыс" - "Амур" 3:2 
Голдар: Михайлис, 22 (1:0) ; Михайлис, 27 (2:0) ; Лугин, 37 (2:1) ; Терещенко, 46 (2:2) ; Михайлис, 48 (3:2)

Кездесу аяқталған соң екі команданың бас бапкерлері ойынға қатысты өз пікірлерін білдірді.

"Өте тартысты, жақсы ойын болды.  0:2 есебімен жеңілген уақытта, бар күшімізді жинап, шабуылға шықтық. Есепті 2:2-ге дейін жеткіздік. Бірақ, өкінішке орай, біз қарсы шабуылды жіберіп алдық. Нәтижесінде есеп 2:3-ке жетті. Бұл көрсеткіш қарсыластарымыздың жеңіске жетуіне жеткілікті болды. Соңында біз тығырықтан шығудың жолын іздедік. Қақпашыны алып тастадық. Мүмкіндіктер болды. Гол соғып, ойынды овертаймға жеткізуге тырыстық. Бірақ, бүгін жолымыз болмады. Жігіттерге рахмет айтқым келеді. Ойынның нәтижесіне көңілім толады", - деді Амур хоккей клубының бас жаттықтырушысы Сергей Светлов.

"Тең ойын болды. Жігіттер барынша жақсы ойнауға тырысты. Екінші кезеңде біздің ойыншылардың тынысы ашылғандай болды. Ал кезең соңында мұқият ойнамады. Содан кейін гол жіберіп алды. Үшінші кезеңде хоккейшілеріміз сенімді ойнады. Иә, қарсыластарымыз біздің қақпаға көбірек қауіп төндіріп, белсенді өнер көрсетті. Бірақ біз жеңіске жете алатынымызды сездік. Командаға және қақпашыға алғысымды білдіремін!", - деді "Барыс" ХК бас жаттықтырушысы Юрий Михайлис.

"Барыс" келесі матчы сырт алаңда 19-қаңтар күні финляндиялық "Йокеритке" қарсы өткізеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу