Михал Билек: "Біз жақсы қорғанамыз, бірақ бұл шабуыл жасамаймыз дегенді білдірмейді"

1833

Ойын бүгін Нұр-Сұлтан уақытымен 22:50-де басталады.

Михал Билек: "Біз жақсы қорғанамыз, бірақ бұл шабуыл жасамаймыз дегенді білдірмейді"

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Михал Билек алдағы Ұлттар лигасында Албанияға қарсы матч туралы пікір білдірді.

"Біздің командада аздаған қиындықтар бар. Өйткені сегіз ойыншы бұл жерге келген жоқ. Олар Қазақстанда қалды. Кейбіреулері жарақат алса, қалғандары коронавирус жұқтырған. Қазір осы жерде отырған барлық ойыншылар ойнауға дайын. Біз жеңілгіміз келмейді. Албанияның өте жақсы команда екенін білеміз. Олар өздерінің қабілеттерін Қазақстандағы алғашқы матчта көрсетті, бірақ біз күресеміз. Қарсыластарға бос кеңістік қалдырмауға тырысып, қорғаныста жақсы ойнаймыз, өйткені олардың жылдам ойыншылары туралы білеміз. Бұл біз шабуылдамаймыз дегенді білдірмейді. Біз жақсы нәтижеге қол жеткізгіміз келеді және ол үшін гол соғуымыз керек", - деді бас бапкер.

Сонымен қатар баспасөз мәслихатында Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Сергей Хижниченко мен жартылай қорғаушы Асхат Тағыберген алда өтетін матчқа қатысты өз ойларымен бөлісті. Черногориямен болған матчта Хижниченко негізгі құрамда шыққан еді.

"Ұлттық құрама сапында 50 матч өткізу үлкен мәртебе болды. Голдың көп болғаны жақсы еді. Қарсыласымыз мықты. Көптеген ойыншыларының Италияда және басқа Еуропа чемпионаттарында ойнайтыны жасырын емес.

Бірінші ойын біздің олармен тең жағдайда ойнай алатынымызды көрсетті. Бізді тек оң нәтиже қанағаттандырады. Жеңіс үшін ойнаймыз. Жауынгерлік көңіл-күйдеміз. Сізді Ұлттық құрамаға шақырған кезде басқа көңіл-күй болуы мүмкін емес. Бұл абырой. Біз бір-бірімізді жақсы білеміз. Барлығы тамаша. Черногориямен болған матчтағы нәтиже (0:0) керемет көңіл-күй сыйлады. Сондықтан, жанкүйерлерді қуанту үшін күрескіміз келеді.

Ұлттық құраманың жартылай қорғаушысы Асхат Тағыберген де Албанияның осал қарсылас емес екенін тілге тиек етті.

"Каспиймен" болған кездесуде кішігірім жарақат алдым. Бірақ қазір бәрі жақсы. Албания - мықты қарсылас. Олардың ойыншылары жақсы чемпионаттарда ойнайды. Мен олардың "Наполиде" ойнайтын капитаны Элсейд Хюсайды ерекше атап өткім келеді. Бірақ ойыншылар қанша мықты болса да, алаңда барлығы тең. Біз Албанияны құрметтейміз. Бірақ қорықпаймыз. Оларда да біз сияқты кадрлық мәселелер бар. Біздің сегіз ойыншымыз келе алмады. Олардың ішінде капитанымыз Бауыржан Исламхан да бар. Барлығы 100 пайыз біздің еліміздің намысын қорғауға дайын", - деп Асхат Тағыберген сөзін қорытындылады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу