Михал Билек: "Исламханды клубы жібермей қойды"

1671

Билек бүгін көздеген нәтижеге қол жеткізетініне сенімді болып отыр.

Михал Билек: "Исламханды клубы жібермей қойды"

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Михал Билек кадрлар мәселесіне қарамастан, оның ойыншылары Черногорияға қарсы кездесуде жақсы ойын көрсетеді деп үміттенеді.

"Бізде көптеген мәселелер бар, мұнда сегіз ойыншы келе алмады, кейбіреулері жарақат алды, басқаларында коронавирус бар, ал Исламханды клубы жібермеді. Бұл матч – Ұлттар лигасындағы қалған ойындарға дайындық. Сондықтан қазір бізде 19 ойыншы мен үш қақпашы бар. Черногорияға қарсы кімдер ойнайды білмеймін, келесі жаттығудан кейін айтайын. Бірақ біз алаңға кім шығатынына қарамай, жақсы нәтиже көрсетіп, әдемі футбол ойнағымыз келеді", – деп келтірді ҚФФ Билектің сөзін.

Бауыржан Исламханнан бөлек Ұлттық құраманың бірнеше негізгі ойыншылары алдағы матчтарға қатыса алмайды.

Жарақаттарына байланысты жартылай қорғаушылар Бактиёр Зайнутдинов, Серікжан Мужиков, Думан Нәрзілдаев, сонымен қатар орталық қорғаушы Сергей Малый ұлттық құраманың қатарына келе алмады. Денсаулықтарына байланысты алдағы ойындарға қорғаушы Темірлан Ерланов пен жартылай қорғаушы Асхат Тағыберген қатыспауы мүмкін.

Беларусьтық "Рух" командасының жартылай қорғаушысы Владислав Васильев ойнамайды. Футболшының COVID-19 тапсырған сынағы оң нәтиже көрсеткен. Қосалқы тізімнен орталық алаңда ойнайтын жартылай қорғаушылар Аслан Дарабаев пен Юрий Перцух, сонымен қатар шабуылшы Тоқтар Жаңғылышбай шақырылды.

Черногория мен Қазақстан арасындағы жолдастық кездесу бүгін, 11 қарашада Подгорицада өтеді және Нұр-Сұлтан уақытымен 23:00-де басталады. Ойын Qazsport арнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу