Михал Билек: Кипр құрамасын жеңуге шамамыз жетеді

2668

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Михал Билек "Қазақстан – Кипр" ойыны алдында баспасөз мәслихатын өткізді. 

Михал Билек: Кипр құрамасын жеңуге шамамыз жетеді

Баспасөз-мәслихаты барысында бас бапкер: "Кипр құрамасымен бір ойын өткіздік. Тең түстік. Олар техникалық тұрғыдан бізге қарағанда мықтырақ. Дегенімен біздің де басым түсер тұстарымыз баршылық. Сондықтан да Кипр құрамасын жеңіп, үш ұпай олжалауымыз керек", – деді.

Құрама командаға Роман Мұртазаевтың шақырылмауының себебі неде деген сауалға Михаил Билек: " Роман қазір өте шаршаңқы. Оның "Астана" сапында көп тер төгіп жүргенін білеміз. Сосын "Астананың" ойын мәнері құрама команданікімен бірдей емес. Үш қорғаушымен ойнайтын ыңғайымызға Роман келіңкіремейді" , – деп жауап берді.

Сондай-ақ  Сергей Хижниченконың құрамаға қайта оралуына қатысты да сұрақ қойылды.

Негізгі екі шабуылшы – Алексей Щеткин мен Абат Айымбетов бар екенін атап кеткен бас бапкер олардың қазір емделіп жатқанын айтты.  "Сондықтан да біз соңғы кезде жақсы өнер көрсетіп жүрген Хижниченконы шақырттық. Сонымен қатар, шабуыл шебінде Зайнутдинов те ойнай алады. Ол жақында ғана "Ростов" сапында жүріп, алғашқы голын салды. Бірақ  оның жарақаты түгел жазылмаған. Ертеңгі жаттығуда көреміз, осы екеуінің бірін шабуылға шығарамыз", – деді.

Сонымен қатар "Қайсар" сапындағы Думан Нәрзілдаев кеңейтілген тізімге қосылған.  Бас бапкер Думанның Қазақстан кубогы финалында жақсы ойнағанын тілге тиек етіп, алайда оның ұлттық құрамада ойнауы үшін тәжірибе жинақтауы керектігін айтты.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу