Михал Билек қиын жағдайға тап болды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2981

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Молдова құрамасымен өтетін ойынға шақырылған футболшылардың тізімін жариялады.

Михал Билек қиын жағдайға тап болды Фото: kff.kz

Еліміздің ұлттық құрамасы Анталияда (Түркия) биылғы маусымдағы алғашқы оқу-жиынын өткізіп жатыр. 15 ақпанда басталған жаттығу жұмыстары барысында ұлттық құрамамыздың жаңа бас бапкері, яғни Михал Билек қарамағындағы ойыншылардың әлеуеттерін іс жүзінде байқап көрген секілді. Бірақ ол қиын жағдайға тап болып отыр...

Бұлай дейтін себебіміз, ұлттық құрама сапында Ресей клубтарында ойнайтын екі футболшымыз (Еркебұлан Сейдахмет пен Бахтиер Зайнутдинов) және Алматы клубының ойыншылары жоқ. "Уфа", "Ростов" және "Қайрат" клубтары Молдова құрамасымен өтетін матчқа өз ойыншыларын жібергілері жоқ. Өйткені, бұл ойын FIFA күнтізбесіне сай, арнайы бекітілген күні өтпейді.

Осы ретте айта кетуге тиіспіз, бұл ресми ойын емес. Яғни Қазақстан – Молдова ойынының нәтижесі FIFA рейтінгін түзгенде, есепке алынбайды. Әйтсе де, екі елдің футбол федерациялары ойыншыларын жасыл алаңда бір тексеріп алып, жастарына мүмкіндік бере алады.

Десек те, Михал Билек 21 ақпан күні Анталияда Молдова құрамасымен өтетін ойынға 24 футболшыны таңдап алыпты. Бүгін Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты чех маманының аталған жолдастық кездесуде сенім артқысы келетін ойыншыларының тізімін жариялады:

қақпашылар – Дмитро Непогодов ("Ордабасы"), Марсель Исламқұлов ("Қайсар"), Игорь Шацкий ("Шахтер");

қорғаушылар – Темірлан Ерланов, Сағадат Тұрсынбай, Мардан Төлебек, Марат Быстров, Сергей Малый (бәрі де – "Ордабасы"), Рафкат Аслан, Руслан Есімов (екеуі де – "Ертіс"), Дмитрий Шомко ("Астана"), Рауан Орынбасар ("Жетісу"), Бекзат Шадманов ("Тараз"), Дмитрий Мирошниченко ("Тобыл");

жартылай қорғаушылар – Азат Нұрғалиев, Максим Федин (екеуі де – "Тобыл"), Думан Нәрзілдаев ("Қайсар"), Еркін Тапалов ("Жетісу"), Юрий Перцух ("Астана"), Геворг Наджарян ("Шахтер");

шабуылшылар – Бауыржан Тұрысбек ("Тобыл"), Оралхан Өміртаев ("Шахтер"), Роман Муртазаев ("Астана"), Алексей Щеткин ("Ордабасы").

Жаттықтырушылар құрамы:

Михал Билек – бас бапкер,

Михал Хипп – бас бапкердің көмекшісі,

Талғат Байсуфинов – бас бапкердің көмекшісі,

Николай Родионов – қақпашылардың жаттықтырушысы.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу