- Команда бүгін үш орталық қорғаушы жүйесімен ойнады. Бұл "Астана" командасының алдағы маусымда осы тактикалық жүйемен ойнайтынын білдіре ме?
- Мен футболшылардың бірнеше тактикалық схемамен ойнап үйренгенін қалаймын. Бүгін біз үш орталық қорғаушы жүйесін таңдадық. Алайда, бұл әрдайым осылай болады деген сөз емес.
- Команда капитаны Ненад Эрич неліктен жасыл алаңға шыққан жоқ?
- Мен бүгін Дмитрий Непогодов пен Станислав Павловтың ойынын көргім келді. Ненад дәл қазір бабында, әрі жаттығу жұмыстары барысында тыңғылықты еңбек етуде. Бізде алда ойындар жеткілікті. Ол міндетті түрде алаңға шығатын болады.
- Команда сапына жаңадан қосылға Тигран Барсегян мен Макс Эбонгтың ойыны көңіліңізден шықты ма? Олар команданы күшейтуге қаншалықты қауқарлы?
- Тигран бүгін өте тамаша гол соқты. Ол біздің команданың шабуыл шебіне қарқын қоса алатын өте мықты ойыншы және ол оны бүгінгі кездесуде толықтай дәлелдей алды. Бірақ мен бүгін оның біздің қақпа маңындағы қорғаныс сәтіндегі ойынын көргім келді. Ал Максқа келер болсақ, ол жас ойыншы. Сондықтан, барлығы өз қолында. Мен Барсегян мен Эбонгтың "Астана" сапына қосылғанына өте қуаныштымын. Олар алдағы маусымда бізге көмектеседі деген сенімдемін.
- Бүгінгі кездесуде жас ойыншылар Рамазан Каримов пен Дінмұхамед Қашкенге алаңға шығуға мүмкіндік бердіңіз. Олардың ойыны қандай әсер қалдырды?
- Олар үшін бүгінгі кездесу үлкен ойын. Рамазан тамаша гол соғу арқылы ойнай алатындығын, әрі командаға өз пайдасын тигізе алатындығын дәлелдеді. Ал Дінмұхамед болса бірнеше қателікке бой алдырды. Дегенмен, оның бүгінгі көрсеткен ойынына менің көңілім толды.
Ермұхамед Мәулен