Михал Билек: "Ойынға барынша тыңғылықты дайын болуға тырысамыз"

1625

"Астана" "Динамо-Брест" командасына қарсылас атанғаннан кейін екі команда өкілдері де кездесудің айқын фаворитін нақты атап айта алмады.

Михал Билек: "Ойынға барынша тыңғылықты дайын болуға тырысамыз"

"Астана" командасының Чемпиондар Лигасындағы қарсыласы анықталды. Ол Беларусь чемпионы "Динамо" (Брест).

Жеребе қорытындысы туралы команда бас бапкері Михал Билек өз ойымен бөлісіп, "Астананың" ресми сайтына сұхбат берді.
- Біз Чемпиондар Лигасының басталуын асыға күтудеміз. Алайда команда өте қиын жағдайға түсіп отыр. Біздің ресми ойын өткізбегенімізге 5 айға жуық уақыт өтті. Команда соңғы уақытта ғана толыққанды жаттығу жұмыстарын жасап жатыр. Дегенмен, біздің алдымызға жоғары міндеттер жүктелген. Біз ішкі біріншілікте де, еурокубоктерде де жақсы нәтиже көрсетуге тиіспіз. Алдағы ойынға дейін бір аптадай уақыт бар. Сондықтан осы сәтті лайықты пайдаланып, ойынға барынша тыңғылықты дайындықпен келуге тырысамыз. 

- Жеребе біз үшін қаншалықты сәтті түсті деп ойлайсыз?
- Бізге ол туралы ойлаудың қажеті жоқ. Бар қарсыласты қабылдап, аталмыш ойынға дайындық жасауымыз қажет. Бапкерлер құрамы қазірден бастап қарсылас туралы ақпарат жинауға кірісіп кетті. 

- "Астана" Чемпиондар Лигасы алдында Урош Радакович есімді орталық қорғаушыны қатарына қосты. Бұл ойыншыға қандай баға бересіз? 
- Урош Чехия чемпионатында "Сигма" мен "Спарта" сапында, сондай-ақ өткен маусымда "Оренбург" құрамында өзін жақсы қырынан көрсеткен білікті жас футболшы. Оның команданың құрылымына және жаңа ұжымға бейімделуі үшін уақыт қажет екені түсінікті, әсіресе ол бізге келесі аптада ғана қосылады. Бірақ Урош бізге маусымға арналған тапсырмаларды орындауға көмектеседі деп үміттенемін.

Сонымен қатар жеребе қорытындысы туралы клубтың бас директоры Михаил Гурман да өз пікірімен бөлісті: 

"Мен жеребеге аса көңіл аудармауға тырысамын. Себебі, Чемпиондар Лигасында оңай қарсылас жоқ. "Динамо" да солардың қатарында. Олардың өз елдерінің үздік командасы атағын жеңіп алғандығы, автоматты түрде бұл ұжым сапындағы ойыншылардың жоғары деңгейі мен команданың мықтылығын көрсетеді. Дегенмен, бізге дәл қазір өз жағдайымызға қарау қажет. Елдегі карантинге байланысты команда өте қиын жағдайға тап болып отыр. Команда соңғы рет ресми ойынды 15 наурыз күні өткізіп, одан бері 5 айға жуық уақыт ойын тәжірибесінсіз қалып қойды. Дегенмен, мен жігіттерге, командаға сенемін. Келесі кезеңге өту олардың қолдарынан келеді! Бұл өте маңызды, өйткені Чемпиондар Лигасында олар өздері немесе жаттықтырушы үшін емес, клубтың, Қазақстанның абыройы үшін күреседі", - деді Михаил Гурман.

Сондай-ақ бүгін Чемпиондар Лигасы 2-іріктеу кезеңінің жеребе тарту рәсімі өтті. "Динамо Брест" - "Астана" жұбының жеңімпазы "Коннас-Ки Номадс" (Уэльс) - "Сараево" (Босния және Герцеговина) жұбының жеңімпазымен кездеседі. Екінші раунд ойындары 25/26 тамыз күндері өтеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу