Михал Билек: Өзбекстан құрамасымен жолдастық кездесу ойнаймыз

2938

Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құрама бас бапкері Михал Билекпен келісім-шартты ұзартты. Чехиялық маман алдағы жоспарымен бөлісті. 

Михал Билек: Өзбекстан құрамасымен жолдастық кездесу ойнаймыз

- Қазақстан ұлттық құрамасының іріктеу кезеңіндегі нәтижелерін қалай бағалайсыз?

- Менің Қазақстанға келгендегі ең басты мақсатым өткен жылдармен салыстырғанда іріктеу кезеңінде үздік нәтиже көрсету болды. Сіздер турнир кестесін көрген шығарсыздар. Ұлттық құрама іріктеу кезеңіндегі ең үздік нәтижесіне қол жеткізді. Ал, ұпай жағына келсек, біз Ресей мен Кипрге қарсы матчтарда одан да жақсы ойнауға қабілетіміз жететін еді.

- Сіздің ойыңызша, Қазақстан ұлттық құрамасы қай кездесуде үздік ойын үлгісін көрсетті. Яғни, сіз көргіңіз келетін ойынды көрсете алды ма?

- Іріктеу кезеңіндегі ең үздік матч Шотландияға қарсы бірінші ойынымыз болды. Жігіттер жақсы ойнады, олар тактикалық шешімдерді жүзеге асырып, тапсырмаларды толық орындады. Топтың мықтысы Бельгияға қарсы кездесуде де команда жоғары деңгейін көрсетті. Біз жаңа ойын жүйесімен өнер көрсеттік, оған дейінгі іріктеу матчтарында басқаша жоспар құрған едік. Бірақ көбірек ұпай ала алмағанымыз өкінішті.  

- Іріктеу кезеңінде 10 ұпай жинадық. Бұл біздің құраманың бүгінгі деңгейін көрсете ме? Әлде одан да көп ұпай алуға шамасыз жететін бе еді?

- Іріктеу кезеңі басталмай тұрып, қандай командалармен ойнайтынымыз белгілі болды. Өз алаңымызда өткен алғашқы матчта Шотландияны жеңгеніміз біз үшін күтпеген жағдай болды. 10 ұпайдан да асып түсуге шамамыз жететін еді. Бірақ Ресей мен Кипрге қарсы кездесулерде сәл ғана сәттілік жетіспеді. Біз өз мүмкіндігімізді жүзеге асыра алмадық, ал қарсыластар алаңдағы жағдайын ұтымды пайланады.

- Біздің құраманың іріктеу тобындағы көрсеткішіне қандай баға бересіз? Қазіргі жағдайымыз осы ма? 

- Соңғы матчта жеңіске жетсек, тобымызда үшінші орын алуға мүмкіндік бар еді. Бірақ Шотландия екінші таймда өз басымдығын дәлелдеп, айласын асырды. Сондықтан турнир кестесінде бесінші орынға сырғып кеттік.

- Ақпарат құралдарында Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары жолдастық кездесу өткізетіні туралы жазылып жатыр. Бұл командаға қатысты Сіздің көзқарасыңызды білсек?

- Ия, бұл матч УЕФА-ның ойын жоспарында бар. Келесі жылдың наурыз немесе маусым айында біз жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап отырмыз. Өйткені, келер жылы Ұлттар кубогына қатысамыз. Біз өз тобымыздағы мықтылармен кездескіміз келеді. Өзбекстан құрамасының ойыншылары Ресей премьер-лигасында ойнайды. Сондықтан мен екі құраманың алаңда жолыққанын қалаймын. 

- Өзбекстан құрамасындағы футболшылар мықты чемпионаттарда ойнайды. Біздің жігіттерге де Еуропаның таңдаулы біріншіліктерінде доп тепкені дұрыс қой. Отандық аяқдоп шеберлерінің шетелге кетуіне қалай қарайсыз?

- Біздің ойыншылардың шетелде мықты чемпионаттарда доп тепкенін қалаймын. Негізгі құрамда өнер көрсетіп, тұрақты ойын тәжірибелері болғаны жақсы. Мысалы, Бақтиер Зайнутдинов қалпына келген соң, басқа елдің біріншілігіне ауысты. Ол ұлттық құрамада жақсы өнер көрсетіп, Кипрге қарсы матчта гол соқты. Ұлттық құраманың жеңісіне өз үлесін қосып, жақсы ойнады.  

- Енді өзіміздің ішкі чемпионатқа оралсақ. Биылғы Қазақстан біріншілігіне қандай баға бересіз?

- Чемпионат бірқалыпты деңгейде өрбіді. Өткен маусымның көшбасшыларынан бөлек, Қостанайдың "Тобылы" жақсы нәтиже көрсетті. "Ордабасы" да табысқа кенеліп, жүлделі орынға ілінді. "Қайсардың" Қазақстан кубогында жеңіске жетуі де заңдылық деп білемін. Ел кубогы да қызықты өтті деп есептеймін.

- Қазір жанкүйерлер "Манчестер Юнайтедпен" болатын матчты асыға тосып жүр. Бұл ойыннан не күтесіз?

- "Манчестер Юнайтед" әлем футболындағы алпауыт команданың бірі. Мен ұлттық құраманың ойыншылары осындай клубпен жасыл алаңда кездескеніне қуаныштымын. Бұл бір есте қалатын футбол кеші болатынына сенімдімін. Біздің құраманың футболшылары лайықты ойын көрсетеді деген ойдамын. Олар маусымды атақты командаға қарсы кездесумен аяқтайды. Сондықтан ұлттық құрама жігіттерінің ойынын зор мақтанышпен қараймын.

- Ойынға болжамыңызды айтсаңыз?

- Бұл қиын сұрақ. Мен "Астананың" жеңіске жетуіне тілектеспін. Себебі бұл Қазақстан футболының жаңа деңгейге көтерілгенін паш етеді.

- Қазақстан ұлттық құрамасындағы болашағыңыз туралы не айтасыз? 

- Біз жақсы команда жасақтадық деп ойлаймын. Ұлттық құрама өсу үстінде, ойын сайын мінез көрсетіп жүр. Келісім-шарт мерзімі ұзартылды. Біз жоғары жетістерге жетеміз деген сенімдемін.

- Сіз Қазақстан құрамасымен толыққанды іріктеу кезеңінде жұмыс істедіңіз. Команданың ішкі жағдайы мен ойыншылармен арадағы қарым-қатынасқа ризасыз ба?

- Маған жаңа ортаға бейімделуге көп уақыттың қажеті жоқ. Команда біртұтас болып жұмылды. Федерация дайындыққа барлық жағдайды жасады. Ел астанасы әдемі қала, Осы шаһарда ойнап, мұнда келетін қарсыластардың деңгейін байқап отыру бізге ыңғайлы.

- Келесі жылдың дайындық жоспары бар ма? 

- Биылғы жылды қорытындылауға әлі екі апта бар. Ал, қаңтар айында әдеттегідей Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізуді жоспарлап отырмыз. Басқа командалармен жолдастық кездесу өткізіп, ойыншылардың қарым-қабілетін қараймыз. Жігіттер жасыл алаңға бой үйретіп, ойынды сезінуі керек.

- Сіз ұлттық асханамыздан дәм таттыңыз. Қалай екен сізге ұнады ма? Сүйікті асыңыз қандай?

- Бұған дейін де айтып өттім. Мен қазақ мәдениетіне толық бейімделдім. Ұлттық асханасы да көңілімнен шығады. Қазақтың асылған еті тіл үйіреді. Дәмді екен. Маған ұнады.

- Сұқбатыңыз үшін рахмет!

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу