Микробизнестің маркетингін меңгереді

3005

Әйелдер бизнесіне қатысты білім беру жобасына 200 мың еуро бөлінді.  

Микробизнестің маркетингін меңгереді

Ұлттық экономика министрлігінің қолдауымен Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) "Әйелдер микробизнесте" деп аталатын жаңа білім беру жобасын қолға алды.

ЕҚДБ менеджері Алма Қасымованың сөзінше, аталмыш жобаға микробизнеспен айналысатын, қызметкерлерінің саны 9 адамнан аспайтын және жылына 100 мың еуроға дейін табыс табатын кәсіпкер әйелдер тартылады.

"Жобаның бюджеті 200 мың еуроны құрайды. Бұған дейін ЕҚДБ-ның корпоративті парақшасында ашық байқау жарияланды. Байқауға 7 үміткер-компаниядан өтініш келіп түсті. Комиссия мүшелері "Диалог" компаниясын жеңімпаз деп танып, оған жобаны жүзеге асыру құқығын сеніп тапсырды.

Жоспар бойынша, "Әйелдер микробизнесте" жобасына еліміздің 14 облысында кәсіпкерлікпен айналысып жүрген 350 қыз-келіншек қатысады. Әр аймақтан 25 кәсіпкер таңдалады", – деді Алма Қасымова.

ЕҚДБ менеджерінің мәлімдеуінше, бағдарлама бизнесті жаңа бастаған, несие алуға немесе нарықты талдап отыратын маман жалдауға мүмкіндігі жетпейтін бизнес-ледилерге арналған. Жоба аясында кәсіпкер әйелдер түрлі тренингтерге қатысады, бизнестің тәуекелдері мен тәсілдерін сараптайды. Микробизнестің маркетингін меңгеріп, сату шеберлігін шыңдайды. Микробизнесті цифрландыруға, пайда мен шығынды есептеуге, кәсіби ұжым қалыптастыруға қатысты сұрақтардың жауабын біледі.

"10 ақпанға дейін women-microbusiness.kz сайты арқылы үміткерлердің өтініштері қабылданады. Барлық талапқа сай болған кәсіпкерлер жобаның келесі кезеңіне өтіп, шілде айына дейін дәріс тыңдайды. Жобаның қорытынды конференциясы Алматыда өтеді. Конференцияда  жоба барысында ерекше көзге түскен кәсіпкер әйелдер марапатталады", – деді Алма Қасымова.

Оның айтуынша, ЕҚДБ  2015 жылдан бері "Бизнестегі әйелдер" жобасын жүзеге асырып келеді. 2018 жылға дейін аталмыш жоба аясында 20 мыңнан астам несие берілген. Оның жалпы құны 26,1 млрд теңгені құраған.

"Бізде шағын, орта және ірі бизнес жайлы жиі айталады. Ал микробизнес тасада қала береді. Шындығына келетін болсақ, барлық бизнес микробизнестен бастау алады. Осыны назарға ала отырып, ЕҚДБ қыз-келіншектерге қолдау көрсетуге қадам жасады. Бұл бастаманың нақты нәтижесін уақыт көрсетеді. Ал біз оның ойдағыдай болатынына сенеміз",– деді ЕҚДБ менеджері.

Сөз арасында ол ЕҚДБ "Әйелдер микробизнесте" жобасын неге тікелей қаржыландырмайтынын айтты.

"Бұл – білім беру жобасы. Сондықтан біз жоба аясындағы мақсатпен шектелеміз. Негізі ЕҚДБ микрокәсіпорындарға әріптес-банктер мен микронесие ұйымдары арқылы несие береді", – деп қорытты сөзін ЕҚДБ өкілі.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу