Микроқаржы ұйымдары 105,8 млн теңге қарыздың төлеу мерзімін ұзартты

4129

Биыл 553 шағын және орта бизнес субъектісінің несие төлеу мерзімі ұзартылды, деп хабарлайды inbusiness.kz Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайловтың депутаттық сауалға берген жауабына сілтеме жасап. 

Микроқаржы ұйымдары 105,8 млн теңге қарыздың төлеу мерзімін ұзартты

Әлихан Смайлов Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мемлекет басшысының шағын және орта бизнес субъектілерінің борыш жүктемесін жеңілдету туралы тапсырмасын орындау мақсатында несие төлеу мерзімін кейінге қалдыру туралы бұйрық шығарғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, осы бұйрыққа 2021 жылғы 1 сәуірге дейін шағын және орта бизнес субъектілеріне, оның ішінде жеке кәсіпкерлерге 2021 жылғы 1 сәуір мен 30 маусым аралығындағы кезеңде берілген кредит бойынша төлемді кейінге қалдыруға рұқсат беру міндеті жүктелген. 

"Кейінге қалдыру мерзімі шағын және орта бизнес субъектісінің таңдауы бойынша 30 күннен 90 күнге дейінгі аралықты қамтыды. Қарыз алушыға өз өтінішінде төлемді кейінге қалдырудың өзге мерзімін көрсету құқы берілді. Кейінге қалдыру кезеңінде қарыз алушыға қатысты талап-арыз жұмысын жүргізу мен мерзімі өткен берешекті өтеу қажеттігі туралы хабарлама тарату, сондай-ақ борышкерден комиссия алу тоқтатылды", – деді Әлихан Смайлов.

Оның айтуынша, биыл екінші деңгейлі банктерге 603 шағын және орта бизнес субъектісінен қарыз бойынша төлемді кейінге қалдыру туралы өтінім келіп түсті. Нәтижесінде 553 шағын және орта бизнес субъектісінің 9,7 млрд теңге қарызды төлеу мерзімі ұзартылды.

"Микроқаржы ұйымдарына 131 өтінім түсті. Қорытындысында 95 шағын және орта бизнес субъектісі 105,8 млн теңге несиені кейін төлеу құқына ие болды", – деді премьер-министрдің бірінші орынбасары.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу