Микрокредит алу қиындайды

3018

Пандемия кезінде микрокредит алу үшін жеке басын куәландыратын қолдан жасалған немесе ұрланған құжаттарды қолдану практикасы кең тараған. 

Микрокредит алу қиындайды

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі соңғы 8 айда қаржы пирамидаларының қызметі мен алаяқтықтыққа қатысты жеке және заңды тұлғалардың 125 өтінішін қарастырған. Бұған қоса жыл басынан бері қаржы пирамидаларының белгілері бар 110-нан астам ұйым бойынша құқық қорғау органдарына ақпарат жіберілген.

Агенттіктің қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциялық реттеу департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаевтың айтуынша, қаржы пирамидалары мен алаяқтыққа қарсы шараларды әзірлеу үшін жуырда жұмыс тобы жосықсыз іс-қимыл практикасының 39 өлшемшартынан тұратын қаржы пирамидалары белгілерінің тізбесін бекітіпті.

Бұл белгілер қандай? Бірінші белгі – нарықтық көрсеткіштерден әлдеқайда асып түсетін жоғары кірістілікке уәде ету. Екінші белгі – бизнесті қатысушының кірісі жаңадан қосылған адамдардың салымы есебінен қалыптасатын желілік маркетинг қағидаттарымен ұйымдастыру. Үшінші белгі – компанияда кірістің, сондай-ақ қажетті лицензиялар мен рұқсаттардың болмауы. Төртінші белгі – жобалардың атауына белгілі жария компаниялардың, брендтердің атауына ұқсас сөз тіркестерін немесе нышандарын пайдалану.

Бұған қоса қаржы пирамидаларының белгілері бар ұйымдардың тізімін жариялау алгоритмі келісілген. Тізім агенттіктің сайтында орналастырылған. Бүгінде онда қаржы пирамидаларының белгілері бар 56 ұйым тіркелген. Тізім үнемі жаңартылып отырады. Ол жеке және заңды тұлғалардың шағымдары мен өтініштерінің, сондай-ақ құқық қорғау органдары тарапынан түскен сұраулардың негізінде қалыптастырылады.

"Қаржы нарығында пандемия кезінде микрокредит алу үшін жеке басын куәландыратын қолдан жасалған немесе ұрланған құжаттарды қолдану практикасы кеңінен тарады. Осы жылдың сәуірінде алаяқтықтың мұндай түрлеріне жол бермеу үшін агенттік электронды тәсілмен микрокредиттер беру қағидаларын қатаңдатты. Жаңа талаптарда қарыз алушыны идентификаттаудың қосымша тәсілдері көзделген. Енді микрокредитті электронды тәсілмен беру үшін электрондық-цифрлық қолтаңбадан бөлек, Ұлттық банктің банкаралық есеп айырысу орталығының сервистері арқылы қарыз алушыны биометриялық идентификаттау, не нақты уақыт режімінде қарыз алушының дербес деректері мен бейнесін екі факторлы тексеру жүйесі пайдаланылуы мүмкін", – дейді департамент директоры.

Д. Сәлімбаевтың түсіндіруінше, екі факторлы тексеру шеңберінде қарыз алушының жеке кабинетіне қол жеткізудің бір реттік парольдері және клиенттің нақты уақыт режіміндегі бейнесін оның жеке басын куәландыратын құжаттағы бейнесімен салыстырып тексеретін беретін бағдарлама пайдаланылады.

"Қарыз алушыларды идентификаттауға қойылатын талаптардың өзгеруіне байланысты жалған микрокредиттерді рәсімдеуге қатысты шағымдар саны күрт азайды. 2020 жылы 94,4 млн теңгеге жалған микрокредит рәсімдеген 1 102 жағдай анықталса, биылғы мамырдан бастап, яғни электронды тәсілмен микрокредиттер беру қағидаларына қойылатын талаптардың өзгеруімен жалған микрокредит беруге қатысты небәрі 6 жағдай тіркелді", – дейді ол.

Агенттік қазіргі уақытта электронды тәсілмен микрокредиттер беру қағидаларына қарыз алушылардың идентификаттау деректерін мобильді байланыс операторларының деректерімен салыстырып тексеру мүмкіндігін көздейтін түзетулер жобасын талқылауда. Яғни клиенттің жеке сәйкестендіру нөмірін мобильді байланыс операторының дерекқорындағы абоненттік нөмір иесінің жеке сәйкестендіру нөмірімен салыстырылмақ. Бұдан бөлек, жалған микрокредиттер анықталған кезде азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында құқық қорғау органдары микрокредит бойынша сыйақы есептеуді және жәбірленушіге қатысты талап-арыз жұмысын тоқтата тұру жөніндегі шаралар көзделген.

Ғалия Әділ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу