Микрокредиттік ұйымдар берген қарыздарын қайтара алмай жүр

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
4772

17 млрд теңгенің қайтару мерзімі өтіп кеткен.

Микрокредиттік ұйымдар берген қарыздарын қайтара алмай жүр

Ұлттық банктің дерегінше, жыл басынан бері микрокредиттік ұйымдар несие нарығының 5,2 пайызын иеленіп, халыққа 236,7 млрд теңге қарыз берді. Қарыз сомасы өткен жылмен салыстырғанда 36,6%-ға, 62,5 млрд теңгеге артық болды.

Бұл – микрокредиттік ұйымдарда барлығы жақсы деген сөз емес. Бүгінгі таңда олар қарызға берген 17 млрд теңгелерін қайтара алмай жүр.

"Төлем мерзімінің өтіп кетуіне, қарыз сомасына пайыздық мөлшерлеменің қосылуына және микрокредиттік ұйымдардың сотқа шағымдануына қарыз алушылардың жауапкершіліктен жалтаруы, яғни несиелерін өтемеуі себеп болып отыр", – деп хабарлады қаржы реттеушісі.

Ұлттық банктің мәліметінше, қалай болғанда да микрокредиттік ұйымдардың несие қоржынының сапасы екінші деңгейлі банктердің несие қоржынының сапасынан жақсы.

Белгілі болғандай, 2019 жылдың 1 сәуіріндегі дерек бойынша, жеке тұлғаларға 236,7 млрд теңге қарыз берілген. Оның 7,2%-ы, 17 млрд теңгесі мерзімі өткен қарыз деп танылған. Ал мерзімі 90 күннен асып кеткен қарыз үлесі 3,5%-ды, 8,4 млрд теңгені құраған.

Еліміздегі барлық қаржы жүйесін тұтас алғанда бұл қауіп төндіретін, қорқыныш туғызатын сан емес. Себебі екінші деңгейлі банктердің көрсеткіштері әлдеқайда нашар. Банктердегі мерзімі өткен қарыздардың жалпы көрсеткіші 15,66%-ды, ал мерзімі 90 күннен асып кеткен қарыз көлемі 8,61%-ды құрайды.

Ұлттық банктің мәліметіне сүйенсек, 2018 жылдың қорытындысында мерзімі өткен микрокредиттердің үлесі 11,2% болған. 2019 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 10,1%-ға азайған. Есептік кезеңде төлем мерзімі 90 және одан да көп күннен асып кеткен микрокредиттердің үлесі 6,6%-дан 5,9%-ға қысқарған.

Берген несиелері мерзімінде қайтарылмаса да, микрокредиттік ұйымдардың кірісі азаймаған, керісінше, көбейген.

Ұлттық банктің хабарлауынша, былтыр микрокредиттік ұйымдардың жылдық таза табысы 16,6 млрд теңгені құраған. Ал 2017 жылы 9,8 млрд теңге болған.

Абылай БЕЙБАРЫС

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу