20-24 ақпан аралығында Германияның Котбус қаласындағы "Лаузиц" аренасында спорттық гимнастикадан Әлем кубогының алғашқы кезеңі өтуде. Мұнда әлемдік деңгейдегі гимнасттар медальдар мен маңызды рейтингтік ұпайлар үшін сынға түсуде.
Еркін жаттығу бойынша финалда қазақстандық гимнаст Милад Карими 14.133 ұпай жинап, алтын медальға қол жеткізді. 2-орынды жапониялық Кацуки Минами (13.666) иеленсе, 3-орын италиялық Никколо Ваннуччиге (13.533) бұйырды.
Қазақстандық спортшы 2020, 2024 жылғы Олимпиада ойындарының және 2022 жылғы әлем чемпионатының жүлдегері Армениядан келген Артур Давтян, 2021, 2023 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері жапониялық Казуки Минами, 2022, 2023 жылғы әлем чемпионатының жүлдегері иорданиялық Ахмад Абу Аль-Суд, 2023 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері украиналық Назар Чепурный, 2024 жылғы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, Әзербайжан атынан өнер көрсететін Никита Симоновтармен қатар Котбуста өткен Әлем кубогының алғашқы кезеңінің фавориттері қатарында болды.
Айта кетейік, Милад Карими – халықаралық аренада үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жүрген қазақстандық гимнаст.
2023 жылы ол әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алса, 2024 жылы жекелей көпсайыс бойынша Азия чемпионы атанды.
Сонымен қатар, Милад Карими 2021 жылғы Жазғы Универсиаданың алтын медалінің иегері, 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарының қатысушысы. Ол Парижде жекелей көпсайыста 24-нәтиже көрсеткен болатын.