Бұл күн отандастарымыз үшін аса жауапты әрі тартысты болмақ. Жарыстар Астана уақытымен өтеді.
Күндізгі бағдарлама сағат 14:00-де шаңғы қоссайысынан басталады. Үлкен тұғырдағы сайыста Шыңғыс Рақпаров ел намысын қорғайды. Ол іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, финалға жолдама алуды мақсат етіп отыр.
14:45-те фристайл-акробатикадан әйелдер арасындағы іріктеу кезеңі өтеді. Бұл бәсекеде Аяна Жолдас бақ сынайды.
Кешкі сессия 17:30-да ерлер арасындағы фристайл-акробатика іріктеуімен жалғасады. Қазақстан сапынан Асан Асылхан, Дінмұхаммед Райымқұлов, Шерзод Хаширбаев және Роман Иванов өнер көрсетеді. Команда мүшелері жоғары деңгейде өнер көрсетіп, шешуші кезеңге өтуді көздейді.
19:43-те конькимен жүгіруден әйелдер арасындағы командалық із қуу жарысы өтеді. Қазақстандық үштік – Кристина Силаева, Надежда Морозова және Арина Ильяшенко ел қоржынына жүлде салуға тырысады. Командалық үйлесім мен тактикалық шеберлік бұл сында шешуші рөл атқарады.
Күннің соңғы жарысы 22:45-те мәнерлеп сырғанаудан әйелдер арасындағы қысқа бағдарлама болмақ. Ел чемпионы Софья Самоделкина мұз айдынында өз өнерін көрсетіп, жоғары ұпай жинауға талпынады.
Жарыстарды Qazaqstan, Qazsport, Khabar және Jibek Joly телеарналарынан тікелей эфирде көруге болады.