Милан-Кортина қысқы Олимпиада ойындарында фристайл-акробатикадан ерлер арасындағы іріктеу кезеңі аяқталды. Бұл сында Қазақстан құрамасы сапынан Дінмұхаммед Райымқұл, Роман Иванов, Шерзод Хаширбаев және Асан Асылхан өнер көрсетті. Жалпы жарысқа 25 спортшы қатысты. Ереже бойынша алғашқы кезеңде үздік алты спортшы бірден финалға жолдама алса, екінші кезеңде ең жоғары ұпай жинаған тағы алты атлет финалға өтті.
Қазақстандық спортшылардың ең жоғары нәтижесі Роман Ивановқа тиесілі болды. Ол 105.75 ұпай жинап, 13-орынға тұрақтады. Шерзод Хаширбаев 98.67 ұпаймен 16-орын алды. Асан Асылхан 93.21 ұпай еншілеп, 18-сатыға жайғасты. Ал Дінмұхаммед Райымқұл 90.50 ұпай жинап, жарысты 19-орында аяқтады. Өкінішке қарай, бұл көрсеткіштер финалға шығуға жеткіліксіз болды.
Екінші іріктеу кезеңінде Роман Иванов шешуші секіріс кезінде қону сәтінде қателік жіберіп, құлап қалды. Бұл оның нәтижесіне кері әсер етті.
Енді ертең аралас командалық сайыста (микст) қазақстандық спортшылар ел намысын қорғайды. Әр команда сапында екі ер және бір әйел фристайл шебері өнер көрсетеді.