Миланда "Джиро д’Италия" мәресіне жетті

1058

103-мәрте ұйымдастырылған "Джиро д’Италия" суперкөпкүндігінің 21-кезеңі 15.7 шақырымдық жекелей жарыспен Милан көшелерінде мәресіне жетті. "Астана Про Тим" командасының шабандозы италиялық суперкөпкүндіктің бас классификациясында 6-орынға ие болып, спорттық мансабындағы ең үздік нәтижеге қол жеткізді.

Миланда "Джиро д’Италия" мәресіне жетті

Соңғы "жекелей уақытқа" арналған жарыс Миланда күтпеген жағдаймен аяқталды. Кезең басталар алдында жалпы есептің көшбасшысы Джей Хиндли мен 2-орында тұрған британиялық Тео Геоган Харттың арасын бірнеше секунд қана бөліп тұрған. Нәтижесінде, жекелей жарыс жалпы көпкүндіктің тағдырын шешті. Геоган Харт Хиндлиге қарағанда 39 секунд жылдам өнер көрсетіп, нәтижесінде "Джиро д’Италия 2020" велододасының жеңімпазы атанды. Хиндли 2-орын иеленсе, үздік үштік қатарын голландиялық Вилко Келдерман толықтырды.

"Астана Про Тим" үшін италиялық Гранд-тур оңайға соқпады. Жарыс басталғанда команда негізгі екі шабандозы - Мигель Анхель Лопес пен Александр Власовты жоғалтып алды. Ал соңғы аптада Мануэле Боаро да жарыстан шығып қалды. Дегенмен, әр кезең сайын команда бар күшін салып күресті. Нәтижесінде Якоб Фульсанг өзінің Гранд-турлардағы ең үздік нәтижесіне қол жеткізіп, 6-орынға ие болды.

Жекелей жарыста Фульсанг мәреге 31-болып келіп, суперкөпкүндіктің қорытындысы бойынша жалпы есепте 6-орынды сақтап қалды.

"Әрине, біз Италияға қызғылт жейде иелену үшін келдік. Ал жарысты бас классификация бойынша 6-болып аяқтадық. Бұл біз үшін өте ауыр жол болды. Көптеген қиындықтарға тап болдық. Жақсы сәттер де аз болған жоқ. Жарыс осылай өтті. Әр бір бөлшегіне дейін есептеу мүмкін емес. Сондықтан ылғи да өз жұмысыңды 100% жақсы атқаруың керек. Әрқайсымыз қолымыздан келгенін жасадық. Соңына дейін күрестік. Енді міне, Миланда біз жарысты 6-болып аяқтадық. Әрине, жарысты жеңіс тұғырында аяқтағым келді. Бірақ велоспорт деген осындай. Кейде жеңесің, кейде жеңілесің. Әлі ештеңе аяқтала қойған жоқ. Алда мен тағы да көптеген жарыстарға қатысамын. Дәл қазіргі сәтте мен демалыс туралы және отбасыммен қалай уақыт өткізетінім жайлы ойлап тұрмын. Қиынға соққан маусымнан кейін біраз уақытты, келесі жарыстар басталғанша велесебедсіз өткізгім келеді", - деді Якоб Фульсанг.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу