Миллиардтаған доллар аударсақ та, медицинамыздың хәлі мүшкіл...

1306

Елімізде денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын көбейіп келеді.

Миллиардтаған доллар аударсақ та, медицинамыздың хәлі мүшкіл... Фото: inbusiness.kz

Алайда, медицинамыз да, халықтың денсаулығы да одан жақсарып жатқаны шамалы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында "Елімізде медициналық сақтандыруға ірі көлемде қаржы бөлініп келе жатқанымен, денсаулық сақтау сапасы әлі күнге түзелген жоқ" деген еді.

Биылғы жылға елімізде денсаулық сақтау саласын дамытуға 2,6 триллион теңге бөлініп отыр. Бұл қаржы бірден халықтың игілігіне жұмсалып кете салмайтыны да белгілі.

Өйткені, былтырғы жылға жоспарланған "Ауылды жерлердегі денсаулық сақтау саласын модернизациялау" бағдарламасы бойынша салынуы керек болған 655 медициналық мекеменің тек 85-і ғана бой көтерген.

Одан бөлек, былтырғы жылды еліміз бойынша жаппай қажетті дәрі-дәрмек жетіспеушілігімен аяқтадық. Ал, МӘМС секілді сақтандыру қоры алған дәрі-дәрмектің 30%-ы мүлдем сұранысқа ие емес өнімдер.

Президенттің сынынан кейін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елдегі медициналық қызметке халықтың көңілі толмайтындығын, жер-жерден шағым түсірушілер көбейіп бара жатқанын мойындаған.

Оның айтуынша, 2023 жылы министрлікке шағым жасаушылар саны 3,8%-ға өскен. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысына қанағаттанбаушылар саны 14%-ға артқан.

"Шағымдар сапасыз медициналық қызметке қатысты, медициналық көмекті ұйымдастырудағы кемшіліктер мен медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясына жіберуден бас тартушылыққа, медқызметкерлердің кәсіби этиканы бұзуына байланысты көптеп түсуде", – деді министр.

Денсаулық сақтау қызметінің сапасына қатысты арыз-шағымның дені Алматы, Жетісу және Абай облыстарынан түскен.

Бізде сақтандырылған тұлғалардың өзі тегін медициналық көмекке қол жеткізе алмайды. Мемлекеттік кепілдіктер ақылы қызметке ауыстырылғандықтан, жеке тұлғалардың медициналық қызметке шығаратын шығымы орасан.

Медициналық көмек жүйесінде маман тапшылығы басым, ал, қызметкер тарту мәселесінде қабылданып жатқан шаралар нәтижесіз.

МӘМС жүйесінде ашықтық жоқ, оның тиімділігінің төмен және басқа да медициналық ұйымдардың қаржылық тұрақсыздығы басым.

Қазақстанда денсаулық сақтау саласындағы реформалар соңғы 10-15 жыл бойы елдегі өзге де әлеуметтік-экономикалық реформалар секілді бағытта жүргізіліп келді.

Бұл тәсіл нарықтық экономика мен заң үстемдігінің негізгі қағидаларын әлсіретіп, елдегі сыбайлас жемқорлықтың қалыптасуына түрткі болды.

Отандық медицинада кейінгі кезде кеңінен етек алыған проблема, ол – дәрігерлердің қабілетсіздігі, диагностиканың қате қойылуы, хирургияға шамадан тыс жүгіну, пациентті ауру екендігіне сендіру, яғни, негтивті ойға итермелеу, дәрігерлердің санасының коммерцияланып кетуі.

Жауапты министрліктен бастап, ауылдық жердегі дәрігерге дейін қағазбастылыққа ұрыну соңғы кезде ел ішінде аты жаман аурудың бой бермей кетуі мен дәрігерге көрінгеннен кейінгі кісі өлімі көбейіп кеткендігін көрсетіп отыр.

Қазір білікті дәрігерлер бірнеше жерде жұмыс істейді. Ол бір жағынан дұрыс шығар, алайда оның өзі маман тапшылығынан туындап отырған ахуал. Ал, кейбір дәрігерлер ғылыми атақ алу арқылы өзінің жеке материалдық жағдайын көтерумен де айналысып жүр.

Мемлекеттік медициналық мекемелерде сыбайластық, жемқорлық, парақорлық әлі күнге күшейіп тұр.

Еске сала кетсек, елімізде 2010 жылдан бастап отандық медицинаға мемлекеттен бөлінетін қаражат көлемі жыл санап артты. Сол кездерде 2020-2026 жылға арнап халықтың денсаулығын көтеретін керемет бағдарламалар мен жобалар жасалып қойылған болатын.

Одан беріде миллиардтап-трилиондап қаржы бөлгенімен, дуылдатып реформа өткізілгенімен, халықтың денсаулығы еш түзелген жоқ, керісінше, дәстүрлі медицинаға жүгінушілер арасында өлім-жітім көбейіп кетті.

Әлемді шарпып өткен пандемия салқынынан кейін бүкіл дүниежүзінің медицинаға деген көзқарасы түбегейлі өзгерді. Қазақстанда денсаулық сақтау қызметінің қаншалықты жақсаратынын халық боп жіті қадағалайтын боламыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу