Миллион доллар тұратын әскери көлік америкалық сынақтан сүрінбеді

3706

Қазақстандық "Арлан" атты брондалған машина АҚШ-тың "ең қатал" тест-драйв сынағынан абыроймен өтіп, америкалықтарды тамсантты.

Миллион доллар тұратын әскери көлік америкалық сынақтан сүрінбеді

Бұл туралы бүгін парламент депутаттарына қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов хабарлады.

"Бронды техника бойынша отандық өндірушілердің жарқын өкілі – "Қазақстан Парамаунт инжиниринг" болып табылады. Кәсіпорынның беткеұстар-флагманы – 4х4 доңғалақты формуласы бар "Арлан" БДМ (брондалған машина). Беделді "TopGear" журналының нұсқасы бойынша бұл машина "әлемдегі ең арынды машина" аталды", – деді министр.

Оның мәліметінше, егер қалыптасу басында бұл "сауытты" соғыс көлігінің тек 20%-ы ғана қазақстандық өнімдерден құрастырылса, ал қалғаны шетелден әкелінсе, қазір жергілікті мазмұнның үлесі 70%-ға дейін жеткізіліпті.

"Жалпы, жарып жіберуден және торуылдан тосын шабуылдаудан қорғалған машиналар өндірісі тек бірнеше технологиялық тұрғыда дамыған елдерде ғана жүргізілетінін атап өткен жөн және Қазақстан осы тізімге енген. Бізден басқасы тек АҚШ, Германия, Польша, Израиль, Оңтүстік Африка республикасы және Түркия", – деді Бейбіт Атамқұлов. 

Сондықтан алыстағы қазақ елі осындай заманауи ұрыс құралын шығара бастағанын естігенде, әлем жұртшылығымен бірге АҚШ елең еткен. Әу баста Қазақстанның тұңғыш 16 тонналық қуатты әрі алып бронды автомобилі "Мародёр" деп аталған екен. Содан жаһандық көлемде танымал Top Gear бағдарламасы өз шығарылымын соған арнауды жөн көреді. Оның қабілеттілігі мен "қасиеттеріне" күмәнмен қараған бағдарлама жүргізушілер шоу жасап, әбден масқарасын шығару үшін небір қиын сынақтар әзірлейді. Тиісінше, тест-драйвқа тиянақты дайындалады. Алдымен қазақстандық "броневикті" олар фугас минасымен жарып жіберген. Бірақ содан кейін де ол сау қалып, жүрісін жалғастырған. Ал әлемнің әр түкпіріндегі заманауи соғыстар кезінде АҚШ қолданып жүрген Humvee бронды машинасы осындай минаға жарылғаннан кейін сау-тамтығы қалмаған.

Қазақ соғыс машинасының феноменалды беріктігіне таң-тамаша қалған телешой жүргізушілері "Мародёрға" мініп алып, зырғыған күйі иесіз қалған бірнеше ғимараттың кірпіш және бетон қабырғаларын соғып, қиратып өтеді. Бұл ретте егер машина қабырға астында қалса, жүргізушіні құтқару "операциясын" өткізу қарастырылыпты, бірақ ол керек болмай қалған.

Осыдан кейін отандық көлік әлемдегі ең арынды әскери машина деген беделге ие болып шыға келді. Артынша оның кеспірсіз аты ("мародер" тонаушы дегенді білдіретіні мәлім) "Арлан" болып өзгертілді.

Айта кету керек, оны "Marauder" атаған қазақстандықтар емес. Бұған дейін оны осы атпен оңтүстік-африкалық Paramount Group корпорациясы шығарып келген екен. Оның бастапқы тактикалық-техникалық сипаттамаларының Қазақстан қарулы күштеріне ұнағаны сонша, алғашқы отандық бронды көлікті шығару бойынша бірлескен жобаға тек сол компанияны тарту туралы шешім қабылданыпты.

Оның үстіне көлік сынақтан өткен Африкадағы ОАР мемлекетінің табиғи жағдайы да біздегіге келіңкірейді: оларда да ұшы-қиырсыз да, шөлдер бар. Бірақ бір айырмашылығы – оларда біздегідей қақаған аяз жоқ. Демек, көлік жетілдіруді қажет етеді.

Бұл істі біздің әскери ғалымдар мен әзірлеушілер 2014 жылы қолға алыпты. "Қазақстан Парамаунт инжиниринг" (әлемдік бренді – КРЕ) ЖШС да сол жылы құрылған. Ал екі жыл өте, 2016 жылы Қазақстан қарулы күштеріне отандық төл броневиктердің бірінші партиясы жеткізілді. Қазір олардың барлығы қазақтың арқалы сөзімен "Арлан" аталады. Минадан жан-жақты қорғалған, көпмақсатты бронды машинамыз әлемдік нарыққа да осы атпен жол тартуда. 

Әскери мамандар бұл көліктің басты нысанасы – майдан даласында барлау жүргізу екенін айтады. "Арланның"  "V" пішіндес корпусы жарылғыштардың жарқыншақтарына еркін төтеп беріп қана қоймай, жарылыс энергиясын лезде жан-жаққа таратып жібере алатын көрінеді.

Қазіргі уақытта оның броны STANAG 4569 қорғаныш стандартына жауап береді. Ал бұл кинетикалық әрекеттегі жарылғыштар, майдан артиллериясының снарядтары және қолдан жасалған фугастық жарылғыш заттар іске қосылғанда, әскери машинаның экипажын жарақаттанудан қорғау деңгейін анықтайтын НАТО стандарты болып табылады.

Машинаның асты қалыңдығы 7 сантиметрге дейін баратын бронмен қапталған. Ол да зауытта жасалып, V формасында иліктіріледі.

"Арлан" корпусы екіқабатты броннан тұрады және кез келген атыс құралының бронтесер патрондарына шыдас береді екен.

Бұл деректердің барлығы шоу кезінде емес, "КРЕ" компаниясы өткізген шынайы әскери сынақ кезінде тексеріліпті.

Оның әрбір дөңгелегі 8 келіге дейінгі тротил эквивалентіндегі жарылысқа төтеп береді. Ал егер жарылыс 5 метр әріде жарылса, доңғалақтардың шыдамдылығы 50 келі тротилға қарсы тұра алады Мұның сыртында, әр дөңгелегі 50-ге дейін оқ тисе де жарылмайды. Тіпті дөңгелегіне әлдеқалай зақым келсе, ол 70 шақырымға дейін еркін айнала беретін көрінеді. Бұған оның ішіне орнатылған каучукті және болат жиек-шеңбер арқылы қол жеткізілген. Бүлінген дөңгелекті көлікке бекітілетін запасты дөңгелекке ауыстыру үшін домкраттың өзі жеткілікті екен. Тәжірибелі солдаттың оны жалғыз өзі де алмастыра алатыны дәлелденіпті. Рас, бұл дөңгелек Қазақстанда жасалмайды, оны француздың Michelin компаниясының технологиясы бойынша ресейлік "Камаз" әзірлейді.

Ал 6,7 көлемді турбодизель қозғалтқышы АҚШ-та шығарылады. Жатжұрттық үлесі осылар.

"Арлан" "соляркінің" кез келген түрімен "қоректене" береді екен. Багына бір құйғанда, 220 литрге дейін дизель отыны толтырылады. Спидометрі бойынша трассада сағатына 120 шақырымға дейін жылдамдық өрбіте алады. Бірақ өндірушілер машинаның 120 шақырымнан да артық жылдамдықпен айдай алатынына сендіртеді.

Оның "қарнында" экипажға барлық қолайлы жағдай жасалыпты. Қыста пеш, ал жазда кондиционер жұмыс жасайды, ауа температурасын климат-контроль реттеп отырады.

Өндіруші зауыт "Арланның" оңтүстік-афарикалық Paramount Group ұсынған сызбалар негізінде жасалғанын растайды. Соның негізінде отандық әзірлеушілер қазақстандық талаптарды ескере отырып, пысықтаған. Бірақ қазіргі нұсқада "Арланда" бұрынғы "Мародердан" тек тарих қана қалған көрінеді. Басқасының барлығы жаңартылып, жетілдірілген. Оның үстіне жабдықтарының көбі Қазақстанда жасалады. Мәселен, байланыс жүйелерін Киров атындағы Петропавл зауыты қамтамасыз етеді. Орындықтарды, резиналы-техникалық бұйымдарды "Тыныс" АҚ-ы даярлайды. Әскери модульды, тепловизорларды, бақылау аспаптарын "Қазақстан Аселсан Инжиниринг" жасайды. Сонда сырттан тасылатыны – қозғалтқышы, дөңгелектері және блок-панелі.

Әлемдік көрермендердің көз алдында Top Gear бағдарламасының барлық қатал сынақтарынан лайықты өткен "Арланның" бағасы қанша?

Бұған дейін ақпарат құралдарына KPE бас директорының орынбасары Йохан Делпорт хабарлағанындай, бұл машинаның бағасы барлық тапсырыс берушілер үшін бірдей бекітілген.

"Баға қазіргі уақытта әбден бәсекеге қабілетті. "Арланның" негізгі конфигурациясы бар, оған қосымша шешімдер, опциялар сұратуға болады. Мәселен, әртүрлі қару түрлерін орнату, радиациядан қорғау жүйесін қосу, әскери улаушы заттардан немесе биологиялық агенттерден қорғанышты енгізу сияқты. Әрине, қосымша элементтер талап етілсе, баға өзгереді. Сондай-ақ тапсырыс беруші көлікке қандай да бір өз шешімдерін ендіргісі келсе, біз оған дайынбыз. Тұтастай алғанда, машинаның бағасы  және 8х8 түрлеріне қарай 500 мың доллардан 1 миллион доллар аралығында құбылады", – деді ол.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу