Мінілгенді мініп жүр

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
15566

Отандастарымыздың басым бөлігі қолдану мерзімі 20 жылдан асқан көлікпен жүреді. 

Мінілгенді мініп жүр

Жартыжылдықтың қорытындысын жариялаған Қазақстан автобизнес қауымдастығы өткен айда 107 954 темір тұлпар есепке алынғанын мәлімдеді.

Қауымдастықтың баспасөз қызметі таратқан хабарламаға сәйкес, бұл мамыр айымен салыстырғанда 12,5%-ға көп көрсеткіш және соңғы 4 жылдағы рекордтық нәтиже.  

Соңғы алты айда көлік тіркеу көрсеткіші 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,2%-ға артқан. Маусым айында автокөліктерін алғаш рет тіркегендердің көрсеткіші - 7,8%-ды, қайта тіркегендердің көрсеткіші - 92,2%-ды құраған. Бұл өткен айда 8 406 адам су жаңа көлік сатып алды, ал 99 548 адам бұрын мінілген көлікті тізгіндеді деген сөз.

Белгілі болғандай, темір тұлпарды қолдан сатып алған 70 606 адам осыдан 10 жыл бұрын пайда болған көлікпен жүр. 40 571 жүргізуші баратын жеріне қолданылу мерзімі 20 жыл болған автокөлікпен жетіп жүргеніне көндіккен. 29 937 адамның шамасы зауыттан шыққанына 20 жылдан асқан автокөлік мінуге жеткен. 25 672 жүргізуші қолдану мерзімі 10 жылға, ал 11 676 адам 3 жылға жетпеген темір тұлпарды тізгіндеген.

Алты айдың қорытындысында Алматы облысы көлік құралын тіркеу көрсеткіші бойынша көш бастады. Бұл өңірде жарты жылда 82 592 көлік құралы есепке алынды. Екінші орынға бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы орналасты. Мұнда 79 378 автокөлік тіркелді. Үшінші, төртінші орындарды Алматы, Астана қалалары өзара бөлісті. Алматыда - 71 272, Астанада - 48 076 темір тұлпар әкімшілік полиция комитетінің дерекқорына енді. Қарағанды облысы бесінші болды. Бұл өңірде 39 116 автокөлік тіркелді.

Естеріңізге сала кетейік,  2018 жылғы 26 мамырдан бастап көлік құралын тiркеу мен жүргізуші куәлігін алу талабы жеңілдетілді. Нәтижесінде көлікті қайта тіркеу кезіндегі есепке қою, көлік құралын тіркеу туралы куәлікке өзгеріс енгізу және бұрын тіркелген көлікті қайта тексеру шарасы алынып тасталды. Ал жүргізуші куәлігінің қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін ауыстырып үлгерген жүргізушілерге медициналық тексерістен өтпеуге рұқсат берілді.

Айтпақшы Қазақстанда автокөлікпен халықаралық тасымал жасауға   берілетін рұқсат куәліктерін алу ісі де заман талабына лайықталды. Бұған қатысты ИДМ көлік комитеті басшысының автокөлік саласында мемлекеттік қызметтерді бекіту туралы бұйрығы шықты. Осыған сәйкес қолданысқа халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыруға берілетін рұқсат куәлігінің электронды нұсқасы енгізілетін болды.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу