Министр Әбілқасымова жұмыста жоқ

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
8053

Еңбек министрі денсаулығына байланысты демалыс алыпты.

Министр Әбілқасымова жұмыста жоқ

Үкіметтің бүгінгі отырысына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова қатысқан жоқ. Оның орнына вице-министр Светлана Жақыпова келді. Журналистер қауымы отырыстан соң министрдің орынбасарын сұрақтың астына алды.

Вице-министрдің сөзінше, Мәдина Әбілқасымова бірнеше күн бұрын денсаулығына байланысты демалыс алған екен.

Сондай-ақ Светлана Жақыпова министрлік өкілдері Астанада өрттен қайтыс болған бес қыздың отбасына арнайы барып, көңіл айтқанын жеткізді.

"Министрлік көп балалы отбасыларды қолдау шараларын қайта қарау мәселесімен айналысып жатыр. Бірақ бұл мәселе Астанада орын алған қайғылы жағдаймен байланысты емес. Қабылданатын шаралар туралы алдағы уақытта еститін боласыздар. Қазір көп балалы отбасылар мемлекеттен әлеуметтік жәрдемақы алады. Бұған қоса, оларға қосымша төлемдер төленеді. Егер отбасының табысы кедейшілік деңгейінен төмен болса, атаулы әлеуметтік көмек те қарастырылады", – деді вице-министр.

Журналистер "Ата-аналар неліктен түнгі ауысымда жұмыс істеуге мәжбүр?" деген сұраққа Светлана Жақыпова: "Бұл – олардың таңдауы!" деп жауап берді.  

Еске сала кетейік, 4 ақпан күні Астана қаласының Көктал-1 шағын ауданында кішігірім үй отқа оранып, 5 қыз қаза тапқан болатын. Бүгін оларды жер қойнына тапсырды. 

"Өртенген үйде 11 айлық сәбиден 12 жасқа дейінгі 5 бала қаза тапты. Өрттің себебіне келетін болсақ, пеш жаққанда қауіпсіздік шарасы сақталмаған. Өрт содан шыққан. Сондай-ақ балалар түнгі уақытта қараусыз қалған. Хабарлама түскенде өрт сөндірушілер 7 минутта жеткен. Полиция мен жедел жәрдем қызметкерлері де осы уақытта болған. Өкінішке қарай, жағдайдың алдын алуға мүмкіндік болмады", – деді үкімет отырысында ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.

Сонымен қатар, ішкі істер министрі балаларды түнде қараусыз қалдырғаны үшін қайтыс болған сәбилердің ата-анасына қатысты іс қозғалмайды деп сендірді.

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев қайғылы жағдайдан кейін өрт қауіпсіздігіне арналған тексерулердің сапасын бақылауды күшейтуді тапсырды.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу