Министр болғаннан бері жексенбіде үйде отырмайтын болдым – Әлібек Қуантыров

2353

Ол жалақысы 1 млн теңгеден сәл асатынын жеткізді.

Министр болғаннан бері жексенбіде үйде отырмайтын болдым – Әлібек Қуантыров

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров inbusiness.kz тілшісіне қалай жұмыс істеп жүргенін, жауапкершілік көбейгенін айтты.

"Министр мен вице-министр болудың айырмашылығы бар. Мысалы, осыған дейін мен тек өз блогымды жүргіздім, 4-5 департамент болды. Қазір министр ретінде жауапкершілік көбейді. Себебі қазір Премьер-министр Әлихан Смайылов және басқа вице-премьерлермен жұмыс істеу керек. Бүгінде өте күрделі мәселелерді талқылап жатырмыз", – деді министр.

Ол күн сайын түнге дейін жұмыс істейтінін атап өтті.

"Жұмысқа таңғы сағат 8-де келуге тырысамын. Кешкі сағат 9-10-нан соң үйге қайтамын. Мысалы, кеше жұмыстан түнгі сағат 1-де кеттім. Бір аптада орташа есеппен 2-3 рет түнгі сағат 12-де үйге қайтамыз", – деді Әлібек Қуантыров ағынан жарылып.

Министр ведомстводағы қызметкерлері оның жұмыстан кеткенін күтіп, кешке дейін министрлікте отырмайтынын жеткізді.

"Жоқ, олар мені күтпейді. Маған керек қызметкерлер жұмыста отырады. Мысалы, өте өзекті мәселе болса, оны пысықтау керек қой. Сондықтан сол мәселеге жауапты қызметкерлер жұмыста болады. Мысалы, вице-министрлер, департамент директорлары, олардың орынбасарлары және сарапшылар, ал қалған қызметкерлер үйіне қайтады... Егер бір шұғыл мәселе шығып, қызметкерлер ауырып қалса, басқа мәселесі болса, олар үйіне барады. Біз мәселені ZOOM бағдарламасы немесе телефон арқылы талқылаймыз", – деді ведомство басшысы.

"Негізі олар жұмыстан уақытында қайтады. Мысалы, жұмысқа жаңадан келген департамент директорлары бар. Олар Президент кадрлық резервінен. Бұл қызметкерлер жауапкершілікті түсінеді, түнге дейін жұмыс істеуі мүмкін", – деді министр.

Сондай-ақ ол қызметкерлер мен өзі неге түнге дейін жұмыс істейтінін түсіндірді.

"Қазір бізде жұмыс көп. Биыл қаңтарда Президент берген 150 тапсырманың 80%-ы Ұлттық экономика министрлігіне жүктелген. Бізге өте үлкен салмақ түсіп жатыр. Оның үстіне жаңадан берілген тапсырмалар бар. Мен осы лауазымға келгеннен бері жексенбіде бір рет болса да үйде болмаппын. Шетелге іссапарға шыққан жоқпын. Биыл 11 қаңтардан бастап күн сайын жұмыстамын. Өйткені басқа амал жоқ. Өткен жылы мемлекеттік қызметкерлер саны 15%-ға қысқарды... Қалған 10% әлі қысқарған жоқ. Бұл да жақсы. Алайда министрліктегі қызметкерлер аз", – деді Әлібек Қуантыров.

Сөз соңында министр жалақысы 1 млн теңгеден сәл асатынын атап өтті.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу