Министр Дүйсенова 2 миллион жұмыс орнын ашуға уәде етеді

5664

Дегенмен Тамара ханым Біржан Нұрымбетовтың қолына су құя алмайды. Еңбек экс-министрі түрлі мембағдарламаларды жүзеге асыру арқасында бір ғана 2020 жылы 1 миллион 220 мың қазақстандық үшін жаңа жұмыс орнын құруға сөз берген. Онысы сөз күйінде қалды...

Министр Дүйсенова 2 миллион жұмыс орнын ашуға уәде етеді

Халықты жұмыспен қамту – шенеуніктердің ел қаржысын армансыз жұмсауына мүмкіндік беретін түпсіз құдық.

Қазақстандықтарды еңбекпен қамту бағдарламаларына аста-төк қаражат шығындалады, алайда оның қайтарымы шамалы. Себебі тұрақты жұмыс орындарын құрудың нақты тетігі сол бойы түзілмеді.

Бұл ретте Еңбекмині Президенттен де сөз естіді: Қасым-Жомарт Тоқаев жүздеген миллиард ел қаржысы басым көпшілігінде (85 пайыздан астамы) уақытша жұмыс орындарын ашуға жұмсалып кеткенін сынады. Салдарынан қаржы игеріліп болған тұста жұмысқа тұрды деген азаматтар қайтадан жұмыссыздар қатарын толықтырады.

Өйткені екі қолға бір күрек іздеген азаматтар мектептерді, ауруханаларды, ТКШ нысандарын салуға және жөндеуге, сондай-ақ елдімекендерді абаттандыруға жұмылдырылады. Құрылыс аяқталған соң олардың бәрі жұмыссыз қалады. Оның үстіне жұмыс істеу кезінде жұмыссыздар ешқандай жаңа білім, кәсіпті игермейді, жоғары біліктілік-машыққа ие болмайды. Осылайша, бюджеттен жұмыспен қамтуға бөлінген ұлан-ғайыр ел қаржысы билікке жақын әлдекімдерді байытқаны болмаса, жұмыссыз бұқараға пайда, ұзақ мерзімді тиімділік әкелмейді.

Жалпы сарапшылар айтып жүргендей, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі миллиардтарды босқа игеру жөнінен алдына қара салмайды. Ол бір мезгілде "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасын", Жұмыспен қамтудың жол картасын жүзеге асырды. Жұмыспен қамту шараларына сонымен қатар Нұрлы жол, Нұрлы жер, өңірлік карталар, басқасы аясында да қаражат бөлінді.

Дағдарыспен күрес бағдарламасы аясында 2020 және 2021 жылдары халықты жұмыспен қамтамасыз ету шараларына жалпы сомасы 1 трлн 80 млрд теңге бөлінген. Бұл – орасан зор қаражат. Осынау ұшан-теңіз, ұлы дария қаржыны ұқсатып, ұтымды жұмсағанда, тек миллиондаған жаңа жұмыс орындарын ашып, қазақстандықтардың барлық санаттарын, соның ішінде мүгедектігі бар жандарды тегіс өнімді жұмысқа орналастыруға, сонымен шектелмей, басқа да қордаланған әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге, экономиканың көптеген салаларына серпін беруге болатын еді. Бірақ олай болмады.  

Осыған орай Үкімет не құзырлы органдар жүздеген миллиард ел қаржысының сайда саны, құмда ізі қалмағаны үшін соған жол берген жауапты тұлғаларды жаппай жазалап, талан-тараж болған қаражатты қайтартқызған болар? Жоқ.

Жаңа Үкімет көне сүрлеуге түсіп, уақыт сынынан өткен ескі тәсілге жүгінді. Төрт ай бұрын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тізгінін қайта ұстаған Тамара Дүйсенова "2025 жылға дейін еңбек нарығын дамыту" атты жаңа кешенді жоспарын ұсынып отыр. Оған ғаламат қаржы – бірнеше триллион теңге шығындалмақ.

Министр Тамара Дүйсенова Премьерге түсіндірме жазбасында "бұл бағдарлама Президенттің қатысуымен өткен Үкіметтің 2022 жылғы 14 шілдедегі кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша хаттамалық тапсырма негізінде әзірленді" дейді.

"Жобаны қабылдау әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға соқтырмайды. Қаулы жобасын қабылдаудың мақсаты – "азаматтардың жекелеген осал санаттарын жұмыспен қамтуға жәрдемдесу" саясатынан "еңбекке қабілетті азаматтардың барлық санаттарын нәтижелі жұмыспен қамту үшін бастапқы тең жағдайлар туғызуға" көшу болып табылады", – деп қысқа қайырды Еңбек министрі Тамара Дүйсенова.

Жаңа бағдарлама да салмақты шығындарды қарастырады. Біріншіден, жастар арасында жұмыспен қамтуды арттыру үшін бірнеше жоба ұсынылған: бұлар – "Бірінші жұмыс орны" (NEET жастарға арналған, оларға берілетін субсидия мөлшері мен мерзімі ұлғайтылады), "Түлектер үшін жастар практикасы" және "Ұрпақтар келісімшарты". 2022-2024 жылдары бұларға республикалық бюджеттен 105,4 млрд теңге бағытталмақ.

Екіншіден, "Жасыл Қазақстан" ұлттық жобасының "Үнемдi Қазақстан" және "Табиғат" бағыттарын іске асыру арқылы жұмыс орындарын құруға және еңбек табысын арттыруға 2022-2025 жылдары 1 трлн 322,5 млрд теңге бөлу жоспарланған: 2022 жылға – 146,9 млрд, 2023 жылға – 240,3 млрд, 2024 жылға – 365,6 млрд, ал 2025 жылға – 569,7 млрд теңге.

Үшіншіден, "Күміс жас" жобасын іске асыру арқылы ересек тұрғындар арасында жұмыспен қамтуды арттыруға жағдай жасауға, яғни 50 жастан асқан әйелдер мен 55 жастан асқан ерлерді жұмысқа орналастыруға 3 жылда 156,5 млрд теңге шығындалады.

Кешенді жоспардың өзге "ұсақ-түйек" шығындары көп. Мысалы, ақыл-кеңеске, яғни әлеуметтік бейімделу, оқыту, кәсіпкерлік бастамашылық, "бір терезе" қағидаты бойынша заңгерлік, психологиялық, әлеуметтік, тұрғын үй және басқа кешенді консультациялар беруге жергілікті бюджеттерден 1,3 млрд теңге талап етілмек.

Бір сайттың жұмысына – "Электрондық еңбек биржасы" мемлекеттік ақпараттық порталының Skills Enbek кәсіптік оқыту платформасы арқылы жұмыссыз азаматтарды кәсіптер мен дағдыларға онлайн оқытуға 2024 жылы – 726,4 миллион, ал 2025 жылы – 759 млн теңге шығындалады.

Осы жүздеген миллиард шығындардан елге не пайда келмек? Еңбекмині "2025 жылға дейін еңбек нарығын дамыту" бағдарламасын жүзеге асыру және мол қаржыны игеру аясында 2022 жылы – 444 443, 2023 жылы – 499 103, 2024 жылы – 535 637, ал 2025 жылы – 569 487 жұмыс орнын құруға уәде етеді. Жалпы алғанда, осы 4 жыл ішінде 2 млн 48,6 мыңдай жұмыс орны ашылуға тиіс.

Бас индикаторлық нысана ретінде Қазақстандағы жұмыссыздықтың жалпы деңгейін биылғы 5%-дан 2025 жылы 4,7%-ға дейін азайтуды жоспарлапты. Негізі, мұнысы көзбояушылыққа ұқсайды: ресми мәлімет бойынша 2020 жылы жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды құраған. Былтыр 4,9% болды. Енді жаңа бағдарламада "өршіл" мақсат-міндет қою үшін оны 5%-ға дейін көтергендей көрінеді. Себебі кәсіпорындар жаппай дағдарып, жұмыс орындары карантинге жабылған пандемияның шырқау шегінде де жұмыссыздық деңгейі төмен көрсеткіште ұсталған болатын.

Демек Еңбекминінің бұл тірлігі алдымен бағаны шарықтатып, соңынан "ауқымды жеңілдіктер" мен "жаппай сатуды" жариялап, бағаны бұрынғы деңгейге қайтара салатын алыпсатарларды еске түсіреді.

Жаңа бағдарлама жобасында жастардың жұмыссыздығының деңгейі 2022 жылғы 3,9%-дан 2025 жылы 3,7-ға дейін төмендетілетіні белгіленді. Алайда Үкіметтің өзі 2020 жылдың қорытындысында жастар арасындағы жұмыссыздық небәрі 3,8% болғанын хабарлаған еді.

Қынжылтатыны сол, жаңа бағдарламада басқа нысаналы көрсеткіш – түпкі міндет жоқ. Яғни триллиондарға жұмыссыздықты жеңу, экономика салаларына серпін беру, халықтың әл-ауқатын көтеру міндеттері бекітілмеген.

Биылғы 14 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Тоқаев шамамен 3 миллиондай қазақстандық медсақтандыру жарнасын төлемейтінін хабарлады, яғни осынша адам ресми жұмысқа орналаспаған, өз күнін өзі көруге мәжбүр.

Еңбек министрлігінің дерегінше, әлеуметтік-еңбек саласының дерекқорын талдау негізінде Қазақстанда бүгінде кем дегенде 300 мыңға жуық фрилансер жұмыс істейтіні анықталған. Бұл мәселелер де жаңа бағдарламадан тыс қалған. Ендеше министрдің жаңа бағдарлама арқасында "еңбекке қабілетті азаматтардың барлық санаттарын нәтижелі жұмыспен қамту үшін бастапқы тең жағдайлар туғызу" саясатына көшеміз дегені шындық ауылынан алыс қонған сыңайлы.

Тағы бір түйткіл, жасы егде тартқан әйелдердің үлкен бөлігі жұмысынан айырылған. Кешенді жоспар жобасында "55 жастан асқан әйелдердің арасында табысы жоқтарының үлесі жоғары" делінген. Қазіргі кезде 55-тен 60 жасқа дейінгі әйелдердің жалпы саны 634,5 мың адам. Олардың шамамен 24%-ының табысы жоқ. Олардың ең көп саны 3 өңірде – Алматы, Түркістан облыстарында және Алматы қаласында қоныстанған. Шау тартқан әйелдердің биліктен зейнет жасын төмендетуді талап етуі де осыдан. Әйтпесе, триллиондарды оңай игерген Еңбек министрлігі оларға лайықты жұмыс тауып бере алмай, "қиналып" жүр. Мемлекет бір жағынан министрліктің қымбат еңбек бағдарламаларына, екінші жағынан әйелдердің зейнет жасын төмендетуге, яғни екі рет шығындалуға мәжбүр болуы ғажап емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу