Өндірістік жарақаттануды жасыру еңбек қауіпсіздігіне әсер ететін мәселенің бірі болып тұр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Өндірістік жарақаттануды жасыру еңбек қауіпсіздігіне әсер ететін мәселенің бірі болып тұр. Ол жұмыс берушілердің жауапкершіліктен жалтаруына, жұмыскердің әлеуметтік қорғалмауына, кепілді әлеуметтік төлемдердің болмауына әкеледі. 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда жұмыс берушілердің өндірістік жарақатты жасыруы туралы 39 факті тіркелген", – деп атап өтті министр.
Асқарбек Ертаевтың айтуынша, экономика салалары бойынша жасырылған жарақаттану фактілерінің дені – қызмет көрсету саласында (18 жағдай). Ал өңдеуші өнеркәсіпте және құрылыс саласында 5 жағдайдан тіркелген. Ведомство басшысы аймақтар арасында жасырылған жарақаттанудың ең көбі Атырау облысында екенін айтты (10 жағдай). Астанада – 7 жағдай, Ақмола облысында – 6 жағдай.
Айта кету керек, бұған дейін Қазақстанда 479 мың адам зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтінін жазғанбыз.