Министр Ерман Байменовті құтқаруға неге тікұшақ шығарылмағанын айтты

1945

Юрий Ильин әуесқой альпинистің отбасына көңіл айтты.  

Министр Ерман Байменовті құтқаруға неге тікұшақ шығарылмағанын айтты

Теңіз деңгейінен 3800 метр биіктіктегі Титов шыңы дейтін межені бағындыру үшін тауға шығып, қайтпай қалған 35 жастағы программистің өлімі алматылықтардың наразылығын туғызған болатын. Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин марқұмның отбасына көңіл айтып, альпинисті құтқару ісіне неге тікұшақ қатыстырылмағанын түсіндірді.

"Бірінші кезекте азамат Байменовтің ата-анасы мен туыстарына көңіл айтқым келеді. Кеше оны біздің құтқарушылар тауып, "Катастрофалық медицина және жедел жәрдем" орталығына жеткізген еді. Сонда көз жұмғаны тіркелді. БАҚ-тағы мәлімдемелерге, әсіресе блогерлердің "марқұмды көре тұрып, құтқармапты" дегенге саятын жағымсыз ақпараттарына қатысты мынаны айтар едім. Республикалық жедел құтқару жасағының тобы мен Алматы қаласы әкімдігінің құтқару қызметі іздестіру жұмыстарын күндіз де, түнде де тоқтатқан жоқ.  Марқұмның тұрған жері соңғы рет геолокация арқылы анықталғаны рас. Бірақ кейін ол ұялы телефонның геолокациясында көрсетілген орыннан 1 шақырым жерден табылды. Оның қандай да бір айқайды естігені және құтқарушылардың оны естігені туралы ақпараттар расталған жоқ",  деген министр үшінші күн дегенде әрең табылған жігіттің аяқтары үсіп кеткенін растады.  

"Оны тапқан кезде жағдайы ауыр болды. Денесінің төменгі бөлігі үсіп қалған еді. Сәйкесінше тамыр соғысы жөнді болмады. Оны бірден медициналық мекемеге жеткізудің қамы жасалды. Бұл кезде қас қарайып бара жатқан", – дейді Юрий Ильин.

Министр айтқан блогерлер Ерман Байменов жоғалған аумақта аспан ашық болғанына қарамастан, тікұшақ шықпағанын сынға алған болатын. Юрий Ильин ол уәждерге де жауап айтты.

"Неге әуе техникасы қолданылмады? Әуе қауіпсіздігі Қазақстан аумағында бәрімізге ортақ. Біз де соған бағынамыз. Екі күнгі іздеу кезінде тікұшақ көтермек болдық. Бірақ "Қазгидромет" беретін метеожағдайды бағамдаған "Қазаэронавигация" мекемесі Алматы әуежайынан ұшып шығуға рұқсат бермеді. Расымен де іздеу жүрген ауданда аспан ішінара ашық болған еді. Тағы да айтам, тікұшақты тек Азаматтық авиация комитетіне бағынышты мекеменің рұқсатымен ғана Алматы қаласынан ұшыра аламыз. Алматы аспаны бұл кезде бұлтты әрі тұманды болатын",  дейді ол.

Ведомство басшысының сөзіне сенсек, Ерман Байменовті Күмбелсу шатқалынан қауіпсіз жерге шығару үшін 1 шақырым биікке өрмелеп, 3 шақырым жаяу алып жүру қажет болған.

"Бұл азаматты біздің қызметкерлер кеше сағат 15.00-ге таман тауып алды. Бірден тасымалдау қолға алынды. Әуелі 1 шақырымнан астам биіктіктегі өткелге жеткізу керек болды. Содан кейін барып, 3 шақырымнан астам қашықтықта қолмен көтеріп алып жүру қажет еді. Оның үстіне жер бедері де жолды күрделендірді. Сондықтан табылған кезден бастап оны жылытудың барлық шарасы жасалды. Оны арнайы зембілге салып, жылы киіммен орады. Бірақ, өкінішке қарай, "Катастрофалық медицина және жедел жәрдем орталығының" кезекші құтқарушылары шыққан кезде дәрігерлер өлім дерегін тіркеп жатқан болатын",  дейді министр.

Сөзінің соңында министр Алатауға өрмелеушілерге үндеу жолдады.

"Алматы қаласы мен Алматы облысының белсенді демалысқа құмар тұрғындарына тағы бір рет қайырылғым келеді. Біріншіден, қыдыратын бағдарды алдын ала түзіп жоспарлау керек. Екіншіден, міндетті түрде Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің жергілікті құрылымдарында тіркеуден өту керек. Біздің құтқарушылар сонда ғана кімнің тауға шыққанын, қандай бағдарда кеткенін біліп отырады. Кешегі іздестіру жұмыстары аса қиын метеожағдайда, күрделі жерде жүргізілді. Іздеу жұмыстары күндіз де, түнде де бір минутқа да тоқталыған жоқ",  деді Юрий Ильин.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу