Әлемдегі барлық тілде қазақ халқының атауы "казак" болып айтылады. Мысалы, АҚШ, Ұлыбритания және Еуропаның көптеген тілінде – kazakh (к’азак деп оқылады), түрікше де – kazak, ал қытайша – хазакы болып келеді. Осыдан шетелдік журналистер кейде қазақ пен казакты шатастырып жатады. Себебі Батыс пен Шығыс елдері ресейлік казачествоны этнос ретінде мойындамайды.
Тіпті "Большая советская энциклопедияда" да: "казаки – военное сословие в дореволюционной России XVIII – начале XІX вв., вольные люди, свободные от тягла и работавшие по найму, а также лица, нёсшие военную службу на окраинах страны", – деп жазылған. Ұлт деп көрсетілмеген.
Соған қарамастан, өткен ғасырдың басында орыс тілінде "казах" деген термин бекітілді. Бұл қазақтарды Ресейдің казактарымен шатастырмау үшін бекітілген компромистік ұғым болатын. Оның үстіне орысшада "қ" әрпінің жоқтығы мәлім.
Алайда Ұлы дала елін ен жайлаған еңселі еліміздің есімі көрші елде патша заманында туындаған "әскери сословиеге" бола бұрмаланғаны ұлтжанды азаматтарға ұнамайды. "Ең болмаса, өз елімізде өз ұлтымызды орысша казак атайық!" дейді олар.
Осындай бастаманы ілгерілетушілердің бірі, белгілі кәсіпкер, "Ибрай" компаниясының басшысы Аман Ыбырай тарихи әділдікті қалпына келтіруді сұрап, Үкіметке жүгінді.
"Ел Үкіметіне 1936 жылдың 5 ақпанындағы ҚазКСР Халық комиссарлары кеңесі мен Орталық атқару комитетінің қаулысын қайта қарауды ұсынамын. Сол қаулыда қазақтың орыс тіліндегі "казак" атауы "казах"-қа, ал республика атауы "Казакстаннан" "Казахстан"-ға ауыстырылды. Қаулыда келтірілген шешімнің күшін жойған дұрыс деп санаймын. Бұл мәселені жалпыхалықтық референдумға шығаруға да болады. Өйткені грамматикалық тұрғыдан алғанда qazaq орыс тілінде казак болып жазылады және оқылады", – дейді Аман Нұрпазылұлы.
Мысалы, 1927 жылы Ленинградта шыққан "Казаки. Антропологические очерки" деген жинақта Əлихан Бөкейханов өзінің "Казаки Адаевского уезда" деген соңғы ғылыми зерттеуін жариялады. Ол кездегі зиялылар қазақты орысша казак деп жазғызған екен.
Осы бастамаға Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова түсініктеме берді. Ол ұлтжандылардың Қазақ кеңестік социалистік республикасының Орталық атқару комитетінің және Халық комиссарлары кеңесінің 1936 жылғы №133 қаулысының күшін жойып, орыс тілділерге қазақтардың атын казак деп айтқызу туралы ұсынысымен танысып шығыпты.
"Қазақтардың бастапқыда орысша "казак" деп айтылғаны және жазылғаны рас. Алайда 1936 жылғы 5 ақпандағы қаулыға сәйкес, "Qazaq" сөзінің орыс тіліндегі айтылуы барынша дұрыс әрі мейлінше қазақшасына ұқсас болуы үшін сондай шешім қабылданыпты. Қазақтың қ дыбысына х әлдеқайда жақын деп танылған. Қазақшаға жақындату үшін соңғы әріпті х-ға ауыстыруға ұйғарылған. Сөйтіп, "казак" "казах"-қа айналды. Сәйкесінше, тұңғыш қазақ республикасы саналатын Қазақ АССР-інің атауы Казахский АССР болып өзгерді. Бұл қаулы – тарихи құжат! Демек, оның күшін жоюға деген қажеттілік жоқ", – деді министр.
Ол егер ұлтымыздың атауының орыс тіліндегі транскрипциясы мен жазылуы өзгерсе, онда Қазақстанның Ата заңын да өзгертуге тура келетінін алға тартты.
"Қазақстанның Конституциясына тиісті өзгерістер енгізілсе ғана қазақ сөзі орыс тілінде казак болып грамматикалық тұрғыдан дұрыс жазыла бастайды. Сонымен бірге қазіргі кезде қазақ тілі латын графикасына көшіріліп жатыр. Жаңа әліпбиге ауысқаннан кейін қазақ және Қазақстан атаулары "qazaq", "Qazaqstan" болып қайта жазылады (әзірге халықаралық деңгейде kazakh, Kazakhstan болып жүр). Ендеше осы арқылы аталған проблеманы табиғи түрде шешуге мүмкіндік туады. Себебі, сонда өзге тілдер "qazaq", "Qazaqstan" сөздерін өзгеше идентификациялайтын болады", – деп түйді Ақтоты Райымқұлова.
Басқаша айтсақ, kazak – казактарға қалады, қазақтар – qazaq болады.
Тарихшылар ұлтжанды азаматтардың "казак" атауына таласуы бекер емес дейді.
"Тарихта "казак" деген ұлыс-тайпалардың ерлігі туралы біраз дерек бар. Бірақ олардың бәрі түркі тектес болған. Мысалы, Алаш қайраткері, тарихшы Мұхаметжан Тынышпаев орыс тілді дереккөздерде Қазақ хандығы құрылардан бір ғасыр бұрын, 1356 жылы казактардың Мауреннахрға шабуыл жасағаны туралы дерек тапқан. 1397 және 1410 жылдары Қырым татарлары Литваға көшіп, король армиясына қосылады. Оларды казактар деп атаған. Ол кезде қазақтар Қырыммен тығыз қарым-қатынаста болғаны мәлім. 1471 жылы қазақтың Қасым хандығының ханзадасы Данияр "өз казактарымен" орыстың Новгород қаласын алған. 1508 жылы Қазан ханы Абдуллатиф орыстың князі Василийді "жауынгер казактарымен" қорқытады, одақтасса, олардың орыс князіне тиіспейтініне уәде етеді. 1523 жылы Ыстамбұлда орыс елшісі И.Морозов түрік сұлтанына Азовтағы орыстар түркі тектес казактардан құқай көріп жатқанын жеткізеді. 1534 жылы Ноғай даласына саяхаттап қайтқан орыс елшісі Даниил Губин Иван Грозныйға қалмақтардың батыр халық казактарға бағынатынын хабарлайды", – дейді қостанайлық тарихшы ғалым Сәния Жұмасаева.
Егер қазақ орысша "казак" болып жазылса, осы тарихи деректердің барлығы қисынды түрді біздің халықпен тікелей байланыстырылатын болады. Әйтпесе, ресейлік казачество соның бәрін өздеріне теліп жүр.
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Жанат Ардақ