Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевке сөгіс жариялағаны мәлім. Бұған геология саласының деградацияға ұшырауы сыртында, бас экологтың 80 мың киікті қыруға рұқсат етпекші болғаны да ықпал етті. Өйткені олар әр өңірде егінге жаудай тиіп жатқан көрінеді.
Дәл қазір қорықшылармен бірге аймақта түз тағыларының мекенін аралап, рейд жүргізіп жүрген Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл осыған қатысты пікірін білдірді.
"Бұл мәселе жөнінде мамандардың, экологтардың ақыл-кеңесін тыңдадым. Олар киіктерді атумен проблема жойылмайды дейді. Себебі бұл – кешенді түрде шешуді қажет ететін түйткіл. Біріншіден, Қазақстанда су көздері тартылып қалуда. Содан ауған ақбөкендер жасанды суландырылатын егістіктерді жағалайды. Екіншіден, жергілікті әкімдіктер ауыл шаруашылығы жерлерін бейберекет тарата береді, бұл салада ғылыми негізделген көзқарас жоқ. Салдарынан киіктердің жайылымы да тарылып барады. Киік егінге емес, бірінші кезекте бұрын жайылған жеріне келеді. Түз тағысы адамның емес, табиғаттың заңына бағынады ғой", – деді Б.Смағұл.
Мамандардың айтуынша, бұдан басқа да ауыр, салмақты проблемалар бар. Мысалы, Үкімет Қазақстанды айқұш-ұйқыш халықаралық трассалармен, ақылы жолдармын жабуда. Трассаның бәрі "сырттан ақысын төлемеген көлік келіп қосылмасын" деп, қапталынан қоршап тасталады. Одан киіктер де өте алмайды. Бұл ақбөкендердің табиғи миграциясын бұзды, киік табындары бір-бірімен араласа алмай қалды. Салдарынан, өзге популяциялармен, табындарымен араласып, қанын жаңарта алмай, тұқымы азғындала бастады деген деректер бар. Ондай киіктер аурушаң келеді, қатаң әрі өзгере бастаған климатқа шыдай алмай қырылуы ықтимал.
Бұл ретте депутат Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жол, әсіресе магистраль салғанда, одан киіктер, жануарлар өтуі үшін жерасты өтпесін қоса қарастыруды ұсынды.
"Президенттің айтқан сынына толық қосыламын. Қазақ үшін киелі жануарды қыруға болмайды, қазір 80 мыңын атса, келесі жылы одан да көбін қыруға тура келеді. Бұл іске министр ресторанның мәзір-менюін қарағандай көзқараспен емес, Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, ұлтымыздың менталитетін ескеріп, кәсіби тұрғыдан келгені жөн. Адамзаттың табиғи үйлесімі де, жаһандық жасылдар қозғалысы да осыны талап етеді. Осы орайда аймаққа сапарым аясында бүгінімді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің "Охотзоопром ӨБ" РМҚК Қызылорда өңірлік филиалы қызметкерлерімен бірге өткіздім. Рейдтік аралауына қатыстым. Біраз жайтқа қанықтым", – дейді Бақытбек Смағұл.
Мамандардың айтуынша, қарақұйрық жануары қатты шөлдегенде, суы жоқ жерлерде, құмда өсетін мәуе ағашымен сусындайды екен. Ол әрине, жеткіліксіз. Содан шілде айында, күн қатты ысығанда олар Жаңадария арнасы бойына жиналады. Су шаруашылығында экологиялық мақсатта бөлінетін су болады. Олар тағы жануарларға арналған. Дегенмен соңғы 2-3 жыл көлемінде осы арнаға су жіберілмей, аң мен құсқа алапат қиындық туғызуда. Депутат арна табанында дұрыс су жоқтығын, содан шөп өспегенін өз көзімен көріпті. Өйткені елде су тапшы.
Осы өлкедегі Аққыр ауылдық округінің әкімі Жаңабек Матаевтың мәліметінше, киіктердің, қарақұйрықтардың ең көп атылып, браконьерлерге жем болатын тұсы – осы Жаңадария арнасы мен Қызылқұмның арасы
"Қызылқұм жақтан су іздеп, осы жаққа ауады, су таба алмай, кері қайтады. Содан әлсіреген жануарларды қаскүнемдер оңай атып алады. Арнада су болса, осы маңда жайылып, аман қалар еді. Қорықшылардың бақылауында болады. 5 жыл көлемінде "Охотзоопром ӨБ" қызметкерлернің техникалық жағдайлары біраз жақсарды. Бұрын олар ескі УАЗ-дармен жер шалатын. Қазір Toyota Land Cruiser пикаппен жүреді. Табиғат қорғаушыларды мемлекет жақсы жарақтандыра бастауының арқасында соңғы 3 жыл көлемінде қарақұйрықтың басы өте жақсы көбейе бастады. Бірақ қорықшылар құлатүзде, жолсызда жүргендіктен көліктер де тез тозады, жаңартуды қажет етеді", – деді Жаңабек Матаев.
Сарапшылар киелі аңды аямай қыратын қаскөйлердің қылмысының алдын алуға бағытталған күресті одан әрі күшейтуді ұсынады.
Әйтпесе, сұлу жануарлардан айырылсақ, табиғаттың қызығы кетіп, даламыздың құлазып қалатыны сөзсіз.
Жанат Ардақ