Министр қызметтен кететінін туған күні қарсаңында білген деседі

423

Маржықпаевтар отбасының бизнесі туралы не белгілі?

Министр қызметтен кететінін туған күні қарсаңында білген деседі Фото: Туризм және спорт министрлігі

Президенттің 2024 жылғы 31 тамыздағы жарлығымен Ермек Маржықпаев Туризм және спорт министрі лауазымынан босатылды. Соның алдында, 29 тамызда Ермек Боранбайұлы 55 жасқа толған, бірақ той ұйымдастырмапты. Атын атамауды сұраған оның бұрынғы командасы өкілінің айтуынша, Маржықпаевқа бұл жарлық жаңалық болмаған-мыс, ол министрлік тізгіні уысынан сусып бара жатқанын түсінген көрінеді. Содан көңілсіз жүрген.

Маржықпаев туризм мен спорт салаларына жетекшілік ететін жаңа министрлікті бір жыл да басқара алмады. Ол Президенттің 2023 жылғы 2 қыркүйектегі жарлығымен министр болып тағайындалған еді.

"Маржықпаев Қазақстан құрамасының Олимпиадада нашарлау өнер көрсеткені үшін отставкаға жіберілді деп жазып жатыр әлеуметтік желіде сарапшылар. Бұған тек Ермек Боранбайұлын айыптауға болмайды деп санаймын. Ол министр болып келгенде, құраманың Париж Олимпиадасына дайындығының негізгі бөлігі аяқталған болатын. Тек лицензия жинау кезеңі қалды. Жаңа министр спорт пен туризм саласына ревизия жүргізді. Біраз былықты анықтады. Бұл салаларда қалыптасқан ауыр ахуалды айтып, былтырғы қазанда, биылғы шілдеде Президентке екі рет кірді. Спорт пен туризмді дамытудың сапалық жаңа тәсілдерін ілгерілетудің қадам-қадам бойынша жұмыс жоспарын, спортты басқару институттарын жетілдірудің жолдарын ұсынды", – дейді дереккөзіміз.   

Сонда ел басшылығы ол жоспарларды мақұлдаған екен. Алайда арада екі ай өтпей жатып, оны орнынан алып тастады. Ақорда 2024 жылғы 9 шілдеде Мемлекет басшысы Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевты қабылдағанын хабарлаған болатын. Оған ресми түрде Франциядағы ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына дайындық және лицензиялық турнирлердің қорытындысы себеп болды.

Ақорданың мәліметінше, Ермек Маржықпаев ұлттық құраманың Олимпиадаға дейінгі оқу-жаттығу жиындары мен спортшыларды қолдау шаралары туралы айтты. Сонымен қатар спортты басқару институттарын жетілдіру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың есебін берді. Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан құрамасы әлем алдында мәдениетті, ұстамды әрі озық үлгілерімен ерекшеленуге тиіс екеніне назар аударды".

Сарапшылар бір жайтқа назар аудартады. Билік бұл жолғы жазғы жаһандық Ойындардан ірі нәтиже, зор жетістік күтуге болмайтынын білді. Біріншіден, спорт саласын отыз жыл бойы жайлаған былық еңсерілген жоқ. Олимпиадашыларды даярлау саласында кейінгі үш жыл бойы жүрген реформа тез нәтиже бермейтіні сөзсіз. Екіншіден, тәуелсіз Қазақстанның спорты тарихында Париж Олимпиадасына рекордтық шағын команда аттанды. Парижде небәрі 80 спортшы ел намысын қорғады.

Салыстырғанда, 2000 жылғы Сидней Олимпиадасына – 17 спорт түрінен 130 спортшымыз, 2004 жылғы Афина Олимпиадасына – 17 спорт түрінен 119, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасына – 22 спорт түрінен 132, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасына – 20 спорт түрінен 115, 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасына – 17 спорт түрінен 104, 2021 жылғы Токио Олимпиадасына – 19 спорт түрінен 93 спортшымыз қатысты.

Яғни, осындай ең аз құраммен биыл әлемдік елулікке (42-орында тұрақтады) кіре алуы – қазақстандық спорт үшін қомақты жетістік болатын және оның шынайы деңгейін білдіретін. Сәйкесінше, ел басшылығының Олимпиада үшін министрге қатты ренжуіне негіз аз. Демек, бұл отставканың басқа себептері болуы мүмкін.

Өйткені 2012 жылы, Лондон Олимпиадасында қазақстандық спорт бұрын-соңды болмаған "шыңға" шығып, әлемді таң-тамаша етті. Қазақстанның ұлттық құрамасы 7 алтын медаль жеңіп алып, жаһандық жалпыкомандалық есепте 12-орынға шықты. Алайда ол "жеңіске" қазақстандық спорттың қалай қол жеткізгені ізінше әлемге жария болып, мемлекеттің беделіне дақ түсірді. Отандық "алтын" штангистердің төртеуі допинг пайдаланғаны анықталды.

Ал, Париж Олимпиадасында, спорт басшыларының сендіруінше, Қазақстан допингтен тазалықты барынша сақтаған көрінеді.

Қалай болғанда, әлі жас, зейнеткерлікке шығатын жастан алыс, әрі шаруақор, білікті басшы ретінде танылған Ермек Маржықпаевтың лауазымсыз қалмасы белгілі. Ол сондай-ақ кедейлер қатарын да толықтырмайды.

Statsnet контрагенттерді тексеру сервисі экс-министрдің әйелі Г.Құрманованың салмақты, құнды активтерге ие екенін көрсетті. Мысалы, оның Ақмола облысының Бурабай ауданындағы Златополье ауылдық округінде "дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды егуге, тұқым шаруашылығын жүргізуге арналған" жері бар көрінеді. Тізілімде тек осы бағыттағы табысы 228,4 миллион теңгеге дейін жететіні айтылған. Жергілікті тұрғындар онда мал да өсірілетінін айтады.

Г.Қ.Құрманованың атына сондай-ақ "БИС-Астана" елордалық компаниясы тіркелген: бірінші құрылтайшысы. Бұл ЖШС туризм саласына бағдарланған: өнер, демалыс, көңіл көтеру қызметтерін ұсынады екен. Жылдық табысы бағалау бойынша 44 миллион теңгедей.

Сервис оның иелігінде Ақмола облысының Бурабай ауданындағы Burabai Mall сауда ойын-сауық орталығы болғанын көрсетеді, қазіргі кезде иесі басқа, соған қарағанда сатып жіберсе керек.

Былтырғы тамызда "Обожаю" ютуб-арнасының журналистері Көкшетауда Ермек Маржықпаевпен әңгімелескен болатын. Сонда әкім әйелінің фамилиясын өзі атады және оның бизнеспен, соның ішінде агроөндіріспен айналысатынын жеткізді. Ол кезде Маржықпаев Ақмола облысының әкімі болатын.  

Осыдан кейін "ФБРК" редакциясы аймақ басшысының зайыбына және оның қызметіне қатысты бірқатар жай-жапсарды анықтады. Мысалы, оның дерегінше, Гүлсара Құрманованың меншігінде "Береке-Бурабай" ЖШС компаниясының бар. Әкімнің өзі 2006 жылдан бері "Береке" шаруа қожалығына қожайын екені әшкереленді. Ұқсас атауға ие кәсіпорын оның әйелінің атында да тіркелген. Ол әлгінде сөз етілген, Златополье ауылдық округінде орналасқан шаруашылық.

Ал, сонау 1996 жылы құрылған "Береке-Бурабай" Бурабай курорттық аймағында қонақүйлер желісіне ие. Әкім оларды "шағын қонақүйлер" деп суреттеді.

Еңбек жолын 1991 жылы Целиноград қаласындағы №29 мектепте дене шынықтыру мұғалiмi болып бастап, 1992 жылы Ақмола облысындағы Бурабай кентінде орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып жалғастырған Ермек Маржықпаев соңынан, тәуелсіздіктің елең-алаң шағында ашылған мүмкіндіктерді пайдаланып, бизнеске бой ұрады. Оның өмірбаянында алдымен, "Шонай" ШЖК басшысы, кейін аталған "Береке-Бурабай" компаниясының бас директоры болғаны көрсетілген. Компания тарихына жүгінсек, Маржықпаев оны 1994-2008 жылдары басқарыпты.

Содан кейін 2008 жылы Ақмола облысының Аршалы ауданының әкiмi болып сайланған соң, бизнесін Болат Боранбайұлы Маржықпаевтың басқаруына тапсырған. Ол "Береке-Бурабайды" 2015 жылға дейін басқарды, артынша Гүлсара Құрманова бұл компанияның құрылтайшысына айналды. Компания 100-ден астам мемлекеттік контрактіні орындаған. Мысалы, Денсаулық сақтау министрлігінің Бурабай ауданында орналасқан Курортология және медициналық оңалту ғылыми-зерттеу институтына 50 миллион теңгеден астам қаражатқа отын жеткізген.

Ақпарат құралдары Ермек Маржықпаевтың інісі, бокс жаттықтырушысы Ерік Маржықпаев 2017 жылы Қазақстан кубогінде төрешіні соққыға жыққанын хабарлады. Төбелеске оның ұлы – боксшы Рахат Маржықпаев қатысқан-мыс. Рахат – кәсіпкер және 2018 жылдан бері "Кең Дала-2012" ЖШС-іне иелік етеді. Компания астықпен, тұқым шаруашылығымен айналысады.

Ашық дереккөздердегі ақпаратқа жүгінсек, оның ағасы Берік Маржықпаев 2014 жылы Қазақстан бокс федерациясының үйлестірушісі ретінде танылды. Берік, ресми дерек бойынша "Астаналық бокс федерациясы" қоғамдық бірлестігінің құрылтайшыларының қатарында. Ол шамамен 30 жыл бойы елордалық спорт басқармасын басқарыпты. Біраз уақыт мемлекеттік жаттықтырушы ретінде Олимпиада жүлдегерлерін, әлем чемпиондарын даярлады.

Осылайша, еңбек жолын туған жерінде, болашақ Астанада дене шынықтыру мұғалiмi, бокстан жаттықтырушы болып бастаған Ермек Маржықпаев та, оның ағайындары да спортқа жақын болып шықты.

Ермек Маржықпаев бір жылға жетер-жетпес уақыт бойы Туризм және спорт министрі болып тұрғанда, бұл салалар қараң қалған жоқ, шығандап өрлеп те кетпеді. Туризм саласына биылғы бірінші жартыжылдықта 390,5 миллиард теңге инвестиция құйылған. Бұл Маржықпаевқа дейінгі кезеңдегіден, былтырғы бірінші жартыжылдықтан 2 есе көп. Туристік салада жалпы құны 399,8 млрд теңге тұратын 61 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Ендеше келесі министрдің мақтануы үшін негіз қалануда.

Лудоманиямен күрес аясында министрлік парламентпен бірге ойын бизнесінің, соның ішінде букмекерлік кеңселердің қызметін шектеп, 6 кодекс пен 15 заңға 100-ден аса түзету әзірлеп, өмірге жолдама берді. Маржықпаев тұсында ел тарихында алғаш рет "Қазақстан Республикасында заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары" бекітілді. Шетелдік онлайн казиноларға, букмекерлік кеңселерге тыйым салынды. Бәлкім, сонысымен де жау тауып алды ма?

Бұрынғы министрдің мәліметінше, елімізде бүгінде 4 Олимпиадаға даярлық орталығы және 19 Олимпиада резервін дайындау орталығы бар. Бүгінде 8 миллионнан астам қазақстандық тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Бұл жалпы халықтың 40,4%-ына тең. Егер шын болса, бұл – тарихи рекорд. Соның 3 миллионнан астамы – ауыл тұрғындары. 300 мыңға жуық бала мен жасөспірім 780-нен астам балалар мен жасөспірімдер дене шынықтыру клубтарында спортпен айналысады.

Республикада жыл сайын әртүрлі деңгейде 25 мыңнан аса спорттық-бұқаралық іс-шара тұрақты түрде өткізіледі. Оған 1,2 млн адам тартылады. Ауылдық жерлерде тұратын 500 мың адам да аталған іс-шаралардан сырт қалмайды. Әсіресе, кейінгі жылдары жүгіру, марафон, велошеру мен веломарафон, спорттық фестиваль секілді жарыстар мен отбасылық іс-шаралар халық арасында кең таныла бастады.

2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан құрамасы 365 республикалық және шет елдердегі 419 халықаралық жарыстарға қатысты. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша спортшыларымыз әлем, Азия чемпионаттарында және халықаралық турнирлерде 482 медаль жеңіп алды. Оның 179-ы – алтын, 146-сы – күміс және 157-сі – қола медаль.

Ұлттық спорт та дамуда, республикада ұлттық спорт түрлері бойынша 14 спорт клубы мен 13 спорт мектебі бар. Жыл сайын елімізде ұлттық спорт түрлерінен 1 мыңнан астам түрлі деңгейдегі жарыстар өткізіледі.

Астанада алдағы 8-13 қыркүйекте осы жылдың айтулы халықаралық оқиғаларының бірі – Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары (5th World Nomad Games) өтеді. Дүбірлі додаға жалпы саны 100-ге жуық мемлекеттің делегациясы келеді. Оны ұйымдастырудың басы-қасында Маржықпаев жүргенімен, оның өткізудің мәртебесі жаңа министрге бұйырмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу