Министр: студенттердің банк картасына тамақтың ақшасы аударылады

3690

125 мыңдай қазақстандық қолдауға қол жеткізбек.

Министр: студенттердің банк картасына тамақтың ақшасы аударылады

Биыл "атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетігін" іске асыру аясында АӘК алатын отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік топтамалар беру басталған болатын. Ол ақшалай емес, заттай ұсынылады.

Бұл шара биылғы ақпан айында еліміздің барлық өңірінде қолға алынды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаменті директорының орынбасары Аяжан Жанғабылованың айтуынша, АӘК алатын отбасылар балалары азық-түлікпен және тұрмыстық химия тауарларымен қамтамасыз етіледі. Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынымы бойынша әзірленген тауар себеті айына бір рет беріледі.

Себет 1-ден 3 жасқа дейін және одан одан жоғары жастағыларға арналған болып бөлінеді. Мысалы, сәбилердің әлеуметтік топтамасына ең кем дегенде 600 грамдық жеміс езбе-пюресі, 610 гр көкөніс езбесі, 320 гр балалар ботқасы, 400 гр жүгері жармасы, 800 гр сұлы үлпегі,180 гр балалар печеньесі және құнарлығы 2,5 пайыздық 2 литр балалар сүті кіреді.

3-тен 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндерге берілетін пакет бұдан қомақтырақ: ол ең кемі 2 литр сүттен, 800 гр макарон мен осынша сұлы ұлпасынан, 800 гр сары майдан, 240 гр гематогеннен, таңғы ас үшін 250 гр сүтті жастықшалардан, 400 гр печеньеден, 1 келі арпа жармасынан, 1,6 келі қарақұмық жармасынан, 800 гр бұршақтан, 700 гр ұнтақ жармасынан (манная) және 200 гр табиғи балдан тұруы тиіс.

Бұдан бөлек, аз қамтылған отбасыға тұрмыстық химия тауарларының жиынтығы табысталады. Атап айтқанда, онда әр балаға 50 мл кем емес тіс пастасы, ай сайын 1 тіс шөткесі, 180 гр гипоаллергенді балалар сабыны, 200 мл балалар сусабыны, 42 мл балалар кремі, 200 гр қара сабын, 800 гр кір жуушы ұнтақ қарастырылған. 

АӘК алатын отбасылардың ересек балалары да назардан тыс қалмады: бұл әлеуметтік төлем 4 бөліктен құралады және 6-дан 18 жасқа дейінгі әр баласына біріншіден, жылына бір рет мектеп формасы, екіншіден, жылына 1 рет оқуына қажетті құрал-жабдықтары – рюкзак, кітаптар, дәптерлер, пенал, албом, 5 қорап қарындаш, 10 қалам беріледі. Үшіншіден, олардың қалалық көлікте 50 пайыз жеңілдікпен жүруіне жағдай жасалды. Төртіншіден, оқитын күндері мектепте ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.

Аяжан Жанғабылованың мәліметінше, әрбір балаға берілетін азық-түлік жиынтығы түріндегі 1 кепілдендірілген әлеуметтік топтаманың (КӘТ) құны 4700 теңгеден асады. Ал оған қоса ұсынылатын тұрмыстық химия тауарлары пакетінің әрқайсысының құны жергілікті билікке 1700 теңгеге түспек.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, наурыз айы басында барлық өңірде табысы аз отбасылардың мектеп жасындағы балаларына осы топтамалар тапсырылды.  

Ведомство КӘТ-ті алушылардың жалпы саны 103 мың отбасының 125 мың баласын құрайтынын хабарлады.

Облыс орталықтарында пакеттер ірі сауда желілері мен кәсіпорындар арқылы беріледі. Мысалы, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Жамбыл, Алматы, Солтүстік Қазақстан облыстарының орталықтарында Magnum сауда желісі монополист атанды: барлық КӘТ-ті сол қалыптастырып, таратады.

Ал Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар және Түркістан облыстарында әлеуметтік топтамаларды Анвар, Алтындар, Көктем, Империя заботы сауда желілері және басқа да жеткізушілер ұсынады.

Алайда коронавирустың таралуына және төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты мектептер жабылғаны мәлім. АӘК алушы отбасылар осыған шағымдануда. Мысалы, олар мектептерде берілетін ыстық тамақтың құнын енді карталарына ақшалай аударуды сұрапты. Билік бұған көнді.

"Бүгінде елде енгізілген төтенше жағдайға байланысты менің інім барлық студенттермен бірге қашықтан оқуға көшірілді. Ол Шымкент қаласында колледжде оқиды және көп балалы отбасы мүшесі ретінде колледже тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Демек, қашықтан оқуына байланысты тамақ ақшасы наурыз және сәуір айлары үшін толық төленеді ме?" – деп сұрады Білім және ғылым министрлігіне хатында Нұрсұлтан Еркебаев.

БҒМ басшысы АЕК алатын отбасылардан шыққан мектеп және колледж шәкірттері енді тегін ыстық тамақтың орнына ақшалай төлемақы алатынын растады.

"Құрметті Нұрсұлтан! Ініңіздің қашықтан оқуына байланысты ыстық тамаққа төленетін ақшасы оқу жылының соңына дейін толық төленетін болады. Колледждерде карантинге дейін ыстық тамақпен қамтылған студенттердің карточкалық есепшоттарына қашықтан оқыту кезеңінде ақшалай өтемақылар төленіп жатыр", – деді министр Асхат Аймағамбетов.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу