Министрдің қабылдауына келген жас маман жұмысқа орналасып шықты

2002

ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Nur Otan алаңында қоғамдық қабылдау өткізді.  

Министрдің қабылдауына келген жас маман жұмысқа орналасып шықты

Қабылдауға ата-аналар, студенттер, мұғалімдер, мемлекеттік емес ұйым мүшелері келіп, білім саласы бойынша өздерін толғандырып жүрген проблемаларды министрге тікелей жеткізіп, көп жағдайда келелі мәселелер шешімін тауып жатты.

Атажұртқа білім алуға келген Айна Камалбек есімді қытайлық қандасымыз 2017 жылы Алматыдағы жоғары оқу орнының бірінші курсын бітіргеннен кейін, туған еліне демалысқа барып, белгілі себептерге байланысты Қытайдан шыға алмай қалған. Оқуға келмегені үшін ережеге сәйкес университеттен шығарылып, грантынан айырылған. Асхат Аймағамбетов болашағын Қазақстанмен байланыстырғысы келетін, білім алуға ынталы жасты жігерлендіріп, қабылдаудан кейін министрлікке ертіп барып, заңнамаға сәйкес оқуға қайта орналастыру мүмкіндігін іздейтіндігін айтты. 

Келесі келген жас ұстаз еңбек демалысынан келген кезде мектеп директоры оны жұмыстан шығарып, орнына басқа адам алғанын айтып шағымданды. Университетті қызыл дипломмен бітіргенімен, қазіргі кезде жұмыссыз жүргенін айтып көмек сұрады. Қабылдауға қатысып отырған білім департаментінің өкілі №87 мектеп ашылатындығын айтып көмектесетіндігін білдірді. Ал білім және ғылым министрі осы мектепке қазан айында міндетті түрде жұмысқа қабылдауларын тапсырды. Осылайша министр қабылдауына шағымын жеткізуге келген келген жас маман жұмысқа орналасып шықты.

Қоғамдық қабылдау барысында осы тәрізді көптеген шағым қаралып, бірқатар мәселе шешімін тапты.

Осыған байланысты ҚР білім және ғылым министрі:"Nur Otan партиясында жеке қабылдау өткіздім. Келушілер көп. Тұрақты түрде өтетін осындай қабылдауларға 40-50 адамға дейін келеді. Көптеген сұрақ қойылды. Азаматтар көбінесе жеке сұрақтарымен келеді, дегенмен кейде маңызды мәселелер де көтеріледі. Бүгін бірнеше адамның мәселесін шешіп тастадық. Бүгін білім жүйесі туралы сұрақтар болған жоқ. Ал қалған мәселелер бойынша тиісті шаралар қолданамыз", – деді министр Асхат Аймағамбетов қоғамдық қабылдаудан кейін.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу