Министрдің отставкасы ішкі істер министрлігінің құзырында емес

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
2538

ІІМ орынбасары осылай деді.

Министрдің отставкасы ішкі істер министрлігінің құзырында емес

Ішкі істер министрлігінде өткен брифингте Денис Тенді өлімге душар етті деген күдікпен ұсталғандардың кінәсін растайтын нақты дәлел бар екені жарияланып, министр Қалмұханбет Қасымовтың отставкасы мен брифингке қатыспауының себебі түсіндірілді.

ІІМ орынбасары Рашид Жақыпов қазақстандық мәнерлеп сырғанаушыны өлтірген қылмыскерлер ұсталғанын, тергеу шаралары мен тиісті сараптама жүріп жатқанын жеткізді.

Осыдан соң вице-министр әлеуметтік желілердегі жазбалар мен ел аузындағы әңгімелер негізсіз деп мәлімдеді.  

"...Полиция бірінші кездескен адамдарды ұстап алды деген қауесет шындыққа жанаспайды. Аталған қылмысты жасаған нақты адамдар анықталды. Олардың бұл қылмысқа қатысты екенін бұлтартпайтын дәлелдер бар", – деді Рашид Жақыпов.

Оның сөзінше, тұлғаның кінәлі немесе кінәлі емес екенін сот шешеді.

"Сотқа қылмысты нақты осы адамдар жасағанын дәлелдеп береміз", – деді министрдің орынбасары.

Бұдан кейін Рашид Жақыпов министр Қалмұханбет Қасымовтың отставкасы мен брифингке қатыспауының себебіне қатысты пікір білдірді.

"Министрдің отставкасы туралы мәселеге тоқталсақ, өздеріңіз білесіздер, бұл жағдай ішкі істер министрлігінің құзырында емес. Бұл сауалға қатысты тыңғылықты жауап бере алмаймын. Министр сапарда жүргендіктен, баспасөз мәслихатына қатыса алмады", – деді вице-министр.

Естеріңізге сала кетейік, бұдан бұрын Алматы қалалық қоғамдық кеңесінің отырысында кеңес мүшелері ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов пен Алматы қалалық ішкі істер департаментінің басшысы Серік Күдебаевтың қызметтен кетуін талап еткен болатын.

Кеңес мүшесі Айдос Сарым Алматыда бір жылда 45 мың автокөлік тоналғанын, жедел іздестіру нәтижесінде 4-ақ мың қылмыс ашылғанын алға тартып: "Бізге автобазардағы сатушылар марқұм Денис Тэннің көлігінен ұрланған айнаға ұқсас айналарды қорықпай-үрікпей ұсынды. Біздегі базарлардың мәртебесі нақтыланбаған, сондықтан мұнда тапа-тал түсте заңсыз сауда жасала береді. Автобазарларға бизнес мәртебесі берілуі керек", – десе, қылмыстық іздестіру қызметінің бұрынғы жедел уәкілі Әлібек Шапенов: "Дэнис Теннің орнында басқа адам болғанда бұл қылмыс мүлде елеусіз, ескерусіз қалар еді. Ішкі істер қызметкерлерінің қазіргі жұмысының нәтижесі көңіл көншітпейді. Біз заңды ізгілендіру бағытында әлемдік стандарттардың соңына түсеміз деп жүріп, қылмыстың өршуіне, қылмыскерлердің еркінсуіне жол беріп қойдық. Денис Теннің өліміне күдіктілердің бірі Астанада автокөліктің айнасын ұрлағаны үшін сот залында отыруға тиіс болған, алайда ол Алматыда үйреншікті ісімен айналысып жүрген. Мұны қалай түсінуге болады?" – деп ашынған.

Дәл осы сұрақ Астанада өткен брифингте вице-министр Рашид Жақыповқа қойылды. Бұған министрдің орынбасары: "Арман Құдайбергеновті астаналық патрульдік бекет жасағы 11 шілде күні көлік айнасын ұрлау үстінде ұстаған. Оған қатысты заңға сәйкес, жеделдетілген процедурада сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Бұл процедура бойынша тергеу 15 күнде жүруі тиіс және бұлтартпау ретінде тіркеліп отыру шарасы қолданылған. Тіркелу міндеттемесі күдіктінің қалаларға баруына шектеу салмайды, тек белгіленген уақытта келіп тұрса жеткілікті", – деп жауап берді.

Рашид Жақыповтың сөзінен түсінгеніміз, Денис Теннің өліміне күдікті Арман Құдайбергеновтен қала аумағынан шықпау туралы қолхат алынбаған. Яғни оның еркін жүріп-тұруына шектеу қойылмаған.

Вице-миниср Алматы қалалық ішкі істер департаментінің басшысы Серік Күдебаевқа қатысты сұрақты да жауапсыз қалдырған жоқ.  

"Алматы қалалық ішкі істер департаменті басшысының мәселесіне келсек, қазіргі уақытта ішкі істер министрлігі Алматы ІІД қызметіне тексеру жүргізіп жатыр. Мәселе министрлік деңгейінде тексеру аяқталған соң қаралады", – деді Рашид Жақыпов.

Вице-министр күдіктілер бір-біріне жала жауып отырғанын да айтты.

"Бұл тәжірибе бұрыннан бар және қазір де қолданылып келеді. Яғни ұсталған қылмыскерлер барлық кінәні сыбайласына артып, өзін ақтап алуға тырысады. Қазір біз сараптама жүргізіп жатырмыз. Оның нәтижесі күдіктілердің  қайсысы жәбірленушіге қарсы қару қолданғанын анықтап береді. Қазір күдіктілер бір-біріне жала жауып отыр. Пышақтың кімнің қолында болғаны және оны кім адамға зиян келтіру мақсатында қолданғаны алдағы уақытта анықталады", – деді министрдің орынбасары.

Естеріңізге салайық, Денис Тен 19 шілде күні Алматыда пышақ жарақатынан қайтыс болды. Оң жақ санының жоғарғы тұсынан пышақ жарақатын алған  25 жастағы спортшы ауруханаға өте ауыр халде жеткізілді. Дәрігерлер шұғыл ота жасағанмен, Денис Тенді өлімнен алып қала алмады. Олимпиада жүлдегері сағат 17.30-да көз жұмды.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу