Министрдің жауабы: Жаңа жеткіліктілік шегі тағы кейінге шегеріле ме?

6300

Сарапшылар бұл жаңа шектерді кейінге қалдыру халық пен экономикаға тиімді әрі пайда әкеледі деп табандауда.

Министрдің жауабы: Жаңа жеткіліктілік шегі тағы кейінге шегеріле ме?

Былтыр 2022 жыл үшін зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алуға арналған жеткіліктілік шегі күрт өскенде, бұл жайт халықтың қызу қарсылығын туғызғаны мәлім. Мәселеге Президент араласып, зейнетақы жинақтарының жаңа жеткіліктілік шегін енгізу уақыты әріге ысырылды. Алайда келесі айда шегеру мерзімі аяқталмақ.

Осыған байланысты сарапшылар да, қатардағы қазақстандықтар да қайтадан өзекті бола бастаған мәселеге оралып, шағым жолдауда.

Қаржыгер Дана Жарлығапованың айтуынша, кесірлі қадамы үлкен қоғамдық резонанс тудырғандықтан, Еңбек министрлігі тиісті рәсімді орындады. Сайтта ЖШ-ні есептеу формуласы жарияланды. Бірақ халық күткен ең басты шарт орындалмады. Қоғаммен диалог болған жоқ. Ал Мемлекет басшысының жаңа шекті енгізуді үш айға кейінге қалдыруы әлеуметтік кернеуді тек әріге жылжытты.

"Сонымен 2022 жылғы 1 сәуірде бұрынғы елге ыңғайлы жеткіліктілік шектері жойылмақ. Ал формулаға қатысты мәселе сол бойы шешілмей қалды. ЖШ-ні есептеу кезінде ең төменгі жалақы (ЕТЖ) немесе ең төменгі зейнетақы (ЕТЗ) мен ең төменгі базалық зейнетақы арасындағы айырмашылықты алады. Соған басқа көрсеткіштер көбейтіледі. ЕТЖ биыл 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге дейін, бірден 41%-ға өсірілгені мәлім. Ал ЕТЗ 18 524 теңгеден 19 450 теңгеге дейін, небәрі 5%-ға ғана артты. ЕТЖ-ні негізге алу салдарынан жұртты шошытқан қымбаттау орын алды", – деді сарапшы.

Оның ұсынуынша, формуланы қайта қарап, жеткіліктілік шегі бірден 2-3 миллионға емес, ең болмаса, 100-200 мың теңгеге ғана көтерілетіндей ету керек.

Әйтпесе, болашақта теңге қатты құнсызданса, девальвация, тіпті деноминация болса, ЕТЖ-ні тағы күрт көтеруге тура келеді де, онымен бірге ЖШ кезекті рет бірнеше миллионға шығандайды. Онда халыққа оны қуып жету мүмкін болмай қалады. Демек бұл формула елдегі әлеуметтік шиеленісті күшейтуші фактордың біріне айналады.

"Біздің бәріміз – ресми жұмыс істейтін, бизнесін адал жүргізетін, салық төлейтін әрбір қазақстандық БЖЗҚ клиентіміз. Осы арқылы әрқайсымыз ел экономикасының өркендеуіне үлес қосудамыз. Біздің көбімізге мемлекет осал топқа жатпайсың деп, жеңілдікті баспана алуға құқық бермейді. Пәтеріміздің жалдау ақысын субсидияламайды. Кредиттерімізді кешірмейді. Біз оны сұрап та отырған жоқпыз. Біз тек табан ақы, маңдай термен тауып, жинаған зейнетақы жинағымыздың салмақты бөлігін баспана алуға және емдеуге жұмсағымыз келеді", – дейді қаржыгер.

Ал жаңа жеткіліктілік шегі жүздеген мың адамды бұл мүмкіндіктен айырғалы тұр.

Дана Жарлығапованың мәліметінше, ағайын-туыс, таныстарының көбі зейнетақы жинағын әлі де болса көбейте түсіп, оның артылған бөлігін келешекте баспана алуға, ипотекаға жұмсауды, "Отбасы банкке" аударуды, емделуге бағыттауды жоспарлапты. Алайда наурыз айынан кейін олардың аңсарлы арманының күл-талқаны шықпақ.

"Сондықтан егер "еститін мемлекет" құрып жатыр екенбіз, онда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу үшін жеткіліктілік шегінің шамаларын ақылға қонымды диапазонға қайтаруы қажет", – деп ұсынды қаржыгер.

Оның үстіне ЖШ-ні күрт өсіру мәселесін ілгерілетіп, лобби жасаған Ұлттық банк басшысы Ерболат Досаев қызметінен кетті.

Сонымен бірге "Qazaqstan" ұлттық телеарнасына берген сұхбатында Президент Қ. Тоқаев наурыздың ортасында халыққа Жолдауында реформалардың үлкен топтамасын ұсынатынын жариялай келе, әр істе "азаматтық қоғаммен, дербес сарапшылармен ауқымды диалог жүргізу керектігін", "халықтың пікірі өте маңызды" екенін, бұдан былай биліктің "Адамдар мемлекет үшін емес, мемлекет адамдар үшін" деген ұстанымды ұстанатынын мәлімдеді. Ол Үкіметке халық көңілінен шығатын ұсыныстар дайындауды тапсырған.

Олай болса, Үкімет елді өшіктірген, шиеленісті өршіткен жаңа шектен бас тартатын болар?

Билік не дейді?

Сарапшылар ұсынысына жауабын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов ресми блогында жариялады.

Оның айтуынша, минималды жеткіліктілік шектерін белгілеу әдістемесі "20 жасынан бастап, әр салымшының тиісті жасына қарай зейнетақы жинақтарының сомасын анықтауды қарастырады". Зейнетақы жинақтарының азайтуға болмайтын осы ең төменгі сомасы болашақ 10%-дық жарналарды да есепке алады.

"Яғни салымшы әрі қарай, зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыс істейді және ең төменгі жалақыдан аз болмайтын табыс тауып, одан ай сайын БЖЗҚ-ға 10 пайыздық жарнаны ұдайы аударып тұрады деген есепке құрылған. Сонда бұл оны ең төменгі зейнетақы мөлшерінде зейнетақымен қамтамасыз етеді. Бұл ретте азамат кем дегенде 82 жасқа дейін өмір сүреді деп есептеледі. Тиісінше, ЕТЖ-нің 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 60 мың теңгеге дейін көтерілуі ең төменгі жеткіліктілік шегін де автоматты түрде арттырады. ЕТЖ-ні параметрлердің бірі ретінде қолдану – болашақ зейнеткерлердің зейнетақысы көлемін еңбек табыстарының өсуіне сайма-сай көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – деді министр.

Яғни билік ЖШ есептеуде ең төменгі зейнетақыны емес, ең төменгі жалақыны негізге алу әдістемесінен бас тартпайды.

Ал жаңа ЖШ-ны енгізу мерзімі тағы да әріге жылжытыла ма?

"Зейнетақы жинақтарының негізгі мақсаты – баспана алу, не емделу емес, қартайғанда зейнетақы төлемдерінің адекватты мөлшерлемесімен қамтамасыз ету. Осыны ескере отырып, министрлік бұрынғы жеткіліктілік шектерінің әрекет ету мерзімін тағы ұзартуды жоспарлап отырған жоқ!", – деп шорт кесті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

ЖШ кейінге шегерілсе, экономиканың өсуіне серпін

Министр өз жауабында биылғы ақпандағы жағдай бойынша жалпы саны 800 мыңнан астам азаматтың зейнетақы жинақтарын баспана алуға жұмсағанын хабарлады.

Бірақ бұл деректі БЖЗҚ жоққа шығарды. Оның дерегінше, 2022 жылғы 19 ақпандағы жағдай бойынша тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында 827 234 адамның арнайы есепшотына бірыңғай зейнетақы төлемдері аударылыпты. Алайда соның ішінде 136 692 адам әртүрлі жағдайға байланысты уақытында пайдалана алмай, жинақтары қорға кері қайтарылған. Тиісінше, 690 542 адам ғана жинағына тұрғын үй жағдайларын жақсарта алған. Демек осы мүмкіндікті әлі күнге пайдалана алмай жүргендер көп. Себебі БЖЗҚ-да жалпы саны 11 480 025 адам жинақ жинақтауда. Яғни БЗТ-ны баспана алуға соның 6,02%-ы ғана пайдалана алды.

Еңбек министрлігі "шамамен 172 мың адам зейнетақы жинағын емдеуге жұмсады" дейді. Бұл да шындық болмай шықты. Қордың мәліметінше, 19 ақпандағы мәлімет бойынша емделгісі келген 180 480 адамның өтініші мақұлданып, БЗТ аударылған, алайда соның 32 124-інің БЗТ-сы қорға кері қайтарылған. Нәтижесінде, миллиондаған салымшының тек 148 356-сы ғана БЗТ-ны емделуге пайдалана алды.

Ал наурыз айынан соң, ЖШ межесі көтерілсе, бұл сан нөлге жуықтауы ықтимал. Өйткені ақылы мен айласы жеткендер баспана алып үлгерді. Ала алмай қалғандары ЖШ өскен соң ол мүмкіндіктен қағылуы мүмкін.

Айта кету керек, егер наурыздағы Жолдауында Президент жеткіліктілік шегін ұлғайтуды белгілі бір мерзімге тағы кейінге шегерсе, қазақстандықтарда БЗТ-сын жұмсаудың жаңа мүмкіндіктері пайда болуы мүмкін. Миноритарлық акционерлер қауымдастығы (QAMS) зейнетақы жинақтарының артылған бөлігін пайдаланудың келесі бір тәсілін ұсынды. 

"Заңнаманы өзгертіп, басы артық зейнетақы жинақтарын қазақстандық компаниялардың акцияларын сатып алуға пайдалануға рұқсат ету керек. Осы мақсатта АҚШ-тың 401k есепшоты үлгісінде мамандандырылған инвестициялық есепшотты қолдануға болады. Бұл шара азаматтарға жинағын өз бетінше инвестициялап, өзі шешім қабылдап, БЖЗҚ-ға тәуелді болмауына жол ашады", – деп дәйектеді QAMS.

Бұл ел экономикасының өсуіне серпін бермек.

Атап өтетін жайт, қазір көптеген қазақстандықтар БЖЗҚ-дағы жинақтары көбею орнына күрт азайып қалғанын біліп, Үкіметке шағымдануда. Бұған жауап ретінде қор мамандары зейнетақы активтерін түрлі инвестқұралдарға инвестициялаудың тәсілдерін түсіндірумен шектеледі.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу