"Министрлік емес, корпорациялардың қолында" – электр энергиясы тапшылығы басталды

5825

Энергетика министрі "2022-2028 жылдарға арналған электр энергиясының және қуатының болжамды теңгерімдерін бекіту туралы" бұйрық шығарды. Ведомства басшысы Болат Ақшолақов қол қойған бұл құжат – "көңілсіз". Жыл өткен сайын жарық жеткіліксіз бола береді.

"Министрлік емес, корпорациялардың қолында" – электр энергиясы тапшылығы басталды

Батыс пен солтүстік аймақта алдағы жылдары энергия қуаты артады. Бірақ оңтүстіктегі тапшылық асып кетеді. Биыл ондағы тапшылық елдегі көрсеткіштен 3,2 есе жоғары болады – 14,8 млрд кВтсағ. Оңтүстіктегі тапшылық 2023 жылы сәл төмендеп, 2024 жылы қайта өседі. Сосын 2025 жылы тағы да төмендеп, артынша 2028 жылға қарай 16,4 млрд кВтсағ-қа бір-ақ жетеді. 

Жалпы алғанда елде 2028 жылға қарай жарық тапшылығы 5,2 млрд кВтсағ болады деген болжам жасалды.

Аталмыш құжат "көңілсіз" болатын жөні бар. Inbusiness.kz тілшісі сарапшылардың пікірін шолып шығады.

Жуықта жүзеге аспайтын жобалар

Жоғарыдағы сандарға қарасақ, кейбір жылдары тапшылық сәл-пәл азаяды. Мұнысы – Екібастұз МАЭС-1 жылу электр станциясының сонау кеңес кезеңінен бері авария болып тұрған №1 энергоблогы іске қосылады деген үмітке сүйенгеннен шыққан болжам. №1 энергоблокта қазір жаңа технологиялық жабдықтар орнатылып жатыр. Кешен келесі жылы желтоқсанға қарай іске қосылмақ. Бұл туралы "Самұрық-Энерго" компаниясының баспасөз қызметі хабарлаған.

"Самұрық-Энерго" компаниясы электр қуаты тапшылығын төмендету үшін, жоғарыда айтылған энергоблокты қалпына келтіруден басқа көптеген жобаны іске асыруды жоспарлап отырғанын хабарлайды:

Оның ішінде Екібастұз МАЭС-2-нің қуаты 636 МВт болатын үшінші энергоблогын пайдалануға беру қарастырылған. Осы үшінші энергоблокты салып береді деген үмітпен аталмыш жылу электр станциясы бір кезде Ресейге де берілген. Алайда одан нәтиже болмай, Қазақстан қайтарып алды. "Самұрық-Энерго" үшінші энергоблокты қалпына келтіруге талпынып жатқанымен әзірге жұмыстың жартысы да орындалған жоқ.

"Екібастұз МАЭС-1-дің 3, 4, 5, 6, 7, 8 блоктарын кезекпен жаңартып, жиынтық қуатын 240 МВт арттырамыз" дейді. Алайда ол 2028 жылдан 2035 жылға дейін жүзеге асырылады. Алматы ЖЭО-1 АлЭС қуаттылығын 250 МВт-қа дейін ұлғайта отырып және 2030 жылға (!) дейін маневр жасау мүмкіндігімен қайта жаңарту жоспары да бар. Қапшағай ГЭС-інде қуатты реттеу диапазонын 300 МВт-қа дейін ұлғайтуды қамтамасыз ететін қуаты 40 МВт-тық Кербұлақ ГЭС-і 2026 жылы пайдалануға берілмек.

Кімге қамқор болып отыр?

Экономист, жылу электр орталығын басқарған Петр Своик жаңа жобалардың бүгін-ертең іске аса қоятынына күмәнданады. 

"Биыл жалпы төрт пайыз тапшылық болады деп болжанды. Иә, бұл аса елеулі емес. Дегенмен сіз өзіңізге қажет жарықты азайтуға келісесіз бе? Бүкіл экономика ше, бұған дайын ба? Аталмыш төрт пайыз көлемді жыл бойы бірқалыпты күйде емес, жылу берілетін маусымның қақ ортасында жүйелік апаттың салдарынан жоғалтасыз десе, соған келісесіз бе? (...) Мамандар "даурықпалық, Қазақстанның солтүстік аймағы Ресейден қуат алады, ал оңтүстік аймаққа энергия беретін үш ЭБЖ-500 бар" деп басу айтады. Ал бұлар 25 қаңтарда бірінен соң бірі өшкенін еске сала кетейік", – дейді Своик.

Сарапшының айтуына қарағанда, жаңа электр станциялары мен желілерін салу немесе қолданыстағы электр станциялары мен желілерін реконструкциялауды министрлік жүзеге асыра алмайды. Корпорациялар жүзеге асырады!

"Электр энергетикасын корпорациялар баяғыда бөлшектеп алып қойған. Әрқайсысы ең арзан электр энергиясын, ең көлемдісін, ең тиімді құрылыс жобаларын құпия бөлісіп алған. Энергетика министрлігі, иә, корпорациялар дайындап жатқан инвестициялық келісімдерге қол қояды, энергетикалық құрылыстың кейбір мәліметтерін жариялайды, оларды жиналыстарда оқып, болжамды баланстарға енгізеді. Бірақ бұл салаға жауапты мекеменің емес, есепшінің қызметі. Электр станциялары мен желілерін қалпына келтіру және инвестициялық процесті ұйымдастыру үшін қарапайым қажетті жағдайлар жасалмаған. Электр энергиясын теңдестіретін нарық, ынталандырушы электр станциясы және тарифтік саясатты тұтынушылар жоқ, тиісті қуат нарығы жоқ және бірыңғай сатып алушы жоқ", – дейді сарапшы.

Оның пікіріне қарағанда, Энергетика министрлігін үкіметтің өзі қорғай алады, бірақ тарифтерді белгілеу құқығына ие бола тұра Ұлттық экономика министрлігі мен оған қарасты табиғи монополияларды реттеу комитеті ештеңе істемей отыр. 
Ал "мемлекет басшысының дәл жанындағы" Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі біріңғай сатып алуға көшуге "қарсы". 

"Сол арқылы көтерме сауда нарығында электр энергиясын әділетсіз лоббистік бөлуді жақтап отыр. Көтерме сауда нарығы 30 пайыз ашық деп уәде береді. Бірақ іс жүзінде жылдан жылға жалғасқан "істі" жабық бөліп келеді", – дейді ол.

"Үстіңгі жақтан әлеуетті көмек болмаса, онсыз да мұнай мен газ мәселесімен әбігер болып отырған қазіргі министрліктің жағдайы мүшкіл. Әзірге бұлар жағымсыз болжам жасаушы министрлік болып қала береді", – дейді Своик.

"Инвесторларды жаңартылатын энергия көздерін дамытуға тарту керек"

Не істеу керек? Бай жеріміздегі мол көмірді пайдаланып электр энергиясын өндіруді "өркендете беруге" Париж келісімі мұрсат бермейді.

Кейінгі кезде "17 млрд киловатт-сағат энергия береді" деп жиі айтыла бастаған АЭС салу мәселесі 2030 жылдары бір-ақ іске асады. 

Оған дейін нақты шешім көрінбейді. Қазақстандағы блокчейн және дата орталықтар индустриясы қауымдастығының президенті Алан Дорджиевтің айтуына қарағанда, жеті жылсыз жұртты жарықпен толыққанды қамтамасыз ету мүмкін емес.

"Сондықтан электр қуатын Ресейден импорттауға тура келеді", – дейді ол.

Шығыстағы Өскемен мен Шүлбі ГЭС-терін сатуға қарсы болған экономист, KEGOC-тың бұрынғы басшысы Әсет Наурызбаев "инвесторларды жаңартылатын энергия көздеріне қатысты жобаларға тартқанымыз жөн болады" деген пікір айтады.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу