Министрлік азаматтардан өз ағзаларының "болашағын" айқындауды сұрамақ

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
12022

Қазақстанда көз жұмғаннан кейін өз ағзаларын донорлыққа беру-бермеуін азаматтардың көзі тірісінде заңдастыратын порталды іске қоспақшы.

Министрлік азаматтардан өз ағзаларының "болашағын" айқындауды сұрамақ

Шетелде медициналық ұйымдар дүниеден өткен адамның ағзаларын бөліп алып, трансплантация кезегінде тұрған сырқаттарға жедел жолдап жатады. Кез келген дәстүрлі дін қайраткерлері де пенденің о дүниеге өз мүрдесін алып кетпейтінін, тек жаны ғана маңызға ие болатынын уағыздайды.

Дегенмен, Қазақстанда азаматтар өз ағзаларын тіпті бақиға атанған жағдайда да беруге қорқады. Бұған 90-шы жылдары дағдарған отандық медицина қызметкерлерінің білім мен біліктілік деңгейінің төмен болуы да ықпал етсе керек: қазақстандықтар сырқаттың шынымен дүниеден өткенін дұрыс бағалай алмай, әлі тірі немесе тірілтуге болатын науқастың органдарын тіліп алып, өлтіріп тастайды деп үрейленеді. Оның үстіне көрші Ресейде дүркін-дүркін болып тұратын, дәрігерлердің органдарды "көлеңкелі" нарықта сатуына (қара трансплантологтар) қатысты дау-жанжалдар да біздің отандастарымызды дүрліктіретіні жасырын емес.  

"Ақ халаттылардың" науқасты "көз жұмды" деп санап, туған-туыстарын құлағдар етпей, ағзаларын алып қою жағдайы жақында Қазақстанда да орын алды. Әзірге "мүрделік донорлықтан" бас тарту немесе оған келісім беруді тек еліміздегі емханаларда ғана білдіруге болады: жүгінген әр адамның шешімі сонда тіркелуге тиіс. Бірақ емханаға жұрт денесін "бөлшектеуге" тапсыру үшін емес, емделуге баратыны анық.

Енді бұл жағдай өзгеретінге ұқсайды. "Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың" трансплантация бойынша үйлестірушісі Сәуле Шайсұлтанованың айтуынша, жақында пайда болатын арнаулы электронды порталда азаматтар өлгеннен кейінгі донорлыққа қатысты өз ықтиярын – келісімін не қарсылығын білдіре алмақ.

"Қазір ақпараттық портал әзірленуде. Яғни, Egov сияқты жүйеде, электронды базада біз мүрделік донорлыққа қатысты өз көзқарасымызды тіркей аламыз. Негізі, оны 2017 жылдың басында іске қосу жоспарланған. Бірақ техникалық себептеріне байланысты бұл іс біраз созылып кетті", – деді ол. 

Порталды құру бойынша жобамен денсаулық сақтау министрлігі айналысуда екен.

Сауле Шайсұлтанованың түсіндіруінше, қазір Қазақстанда "келісім презумпциясы" қабылданған, яғни, егер сырқат алдын ала ресми түрде бас тартпаса, ол келісім берді деп саналады да, медицина мамандары өлген адамның органдарын алып қоя алады. Бірақ дәрігерлердің көбі одан қаймығады. Нәтижесінде, Қазақстанда әзірге "мүрделік донорлыққа" қарағанда, туыс-туғанның өз органын беруі басымдыққа ие.  

"Бізде де дамыған елдердегідей ара-қатыс болуы қажет: бір қаза болған адам төрттен жетіге дейінгі тірі, бірақ сырқат адамды аман алып қалғаны жөн. Өкпе мен жүректі біз тірі адамнан ала алмаймыз, оларды тек "мүрделік донор" ғана бере алады", – деді трансплантация бойынша үйлестірушісі.

Қазіргі кезде елімізде ағзаларды ауыстыру бойынша кезекте бес мыңнан астам қазақстандық тұр. Олардың шамамен 200-і жүрек трансплантациясын күтуде. Жалпы алғанда, Қазақстанда 2012 жылдан бері 1 139 ағза трансплантациясы өткізіліпті. Оның ішінде шамамен 100 адамды дүниеден өткен адамдар құтқарған.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қазақстандықтарды әлемдегі ең көп ауыратын ұлттардың бірі деп санауға болатындай: азаматтар жылына 50 миллион рет дәрігерлерге жүгінеді! Жыл сайын бастапқы медициналық-санитарлық көмек дәрігерлеріне жүгіну көрсеткіші ең кем дегенде осы санды құрайтын көрінеді.

"Бұл – бір Қазақстан тұрғыны жылына кем дегенде үш рет дәрігерге барады деген сөз", – деді денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева.

Сонымен бірге, Ләззат Ақтаеваның айтуынша, соңғы он жылда жалпы өлім-жітім 27 пайызға азайған. Өмір сүру ұзақтығы алты жылға ұзарған.    

Вице-министр Қазақстанда онкологиялық аурулармен күресудің жаңа технологиялары қолданылатынын хабарлады.

Ол Қазақстанда онкологиялық аурулардан өлім көрсеткіші төмендеп келе жатқанын, сонымен қатар онкологиялық ауруларды ертерек анықтау көрсеткіштерін жақсарту жұмысы жалғастырылып жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ, диагноз қойған уақыттан бастап, бес немесе одан да көп уақыт бойы емделушілердің дәрігерге тексерілуі, олардың өміршеңдік көрсеткіштері де бар.

"Әрине, егер бұндағы жағдай жақсарып жатса, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерімен салыстырғанда бізге әлі де талай жұмыстарды атқару керек, себебі ЭЫДҰ елдерінің көрсеткіштері бізге мақсатты көрсеткіштер болып табылады. Сондықтан да, әсіресе жаңа технологияларды енгізу тұрғысынан жұмыс одан әрі жалғастырылады. Бүгінде Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық жобасы әзірленіп жатыр, сәйкесінше, аталған мекеме аясында қазіргі таңда әзірге не Қазақстанда, не болмаса ТМД елдерінде жоқ технологиялар әзірленетін болады", – деді Ләззат Ақтаева.

Ол осы аталған жұмыстардың нәтижесінде емделушілердің өмір сүру сапасы мен емдеу сапасы едәуір жақсаратынын мәлімдеді.

Ведомство басшылығының өкілі "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысының қорытындыларына да тоқталды. Мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсаты – мемлекетіміздің әлеуметтік әл-ауқаты мен экономикалық өркендеуінің негізі ретінде азаматтардың денсаулығын сақтаудың тиімді және орнықты жүйесін дамытуды қамтамасыз ету болып табылады.

"Мемлекеттік бағдарламаның негізгі 7 бағыты анықталды: Халық денсаулығын сақтаудың негізі ретінде қоғамдық денсаулық сақтауды дамыту, барлық денсаулық сақтау қызметтерін науқас мұқтаждықтарына қарай интеграциялау, медициналық қызметтердің сапасын қамтамасыз ету, ұлттық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саясатын іске асыру, ниеттестікті ендірудің негізінде денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру және оның қаржылық тұрақтылығын арттыру, денсаулық сақтау саласындағы адами ресурстарды басқарудың тиімділігін арттыру, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік, инновациялар мен қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың негізінде денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі дамытуды қамтамасыз ету", – деді вице-министр.

Сондай-ақ, ол денсаулық сақтау аясындағы мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың арқасында соңғы он жылда барлық негізгі көрсеткіштер оң динамикаға ие болып отырғанын, ана өлімі  4 есе төмендегенін, сәби өлімі 1,6 есе, қатерлі ісік аурулары 20 пайызға, туберкулез ауруынан қайтыс болғандардың саны 5 есе азайғанын баяндады.

Вице-министр денсаулықты нығайту және ауруларды алдын-алу бойынша тиімді және қолжетімді тетіктерді құру мақсатында қоғамдық денсаулық қызметі қалыптастырылғанын да жеткізді. Осы тектес қызмет түрі аймақтарда да құрылуда.

Ләззат Ақтаеваның айтуынша, Қазақстанда жедел медициналық жәрдем қызметінің екі деңгейлі үлгісі жасалады.

"Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету (алғашқы МСК) үлгісінің құрылымы қайта қаралды, ол жалпы дәрігерлік практиканың шағын формаларын дамытуға бағытталған. Бұл бір дәрігерге артылған жүктеменің 2019 жылға қарай ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне дейін, яғни, 1500 адамға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Алғашқы МСК медициналық қызметкерлерінің қызметін жеңілдету үшін есеп және тіркеу формаларының саны 30%-ға қысқартылды, бұл қағаз түріндегі құжат айналымын қысқартуға және медициналық қызметкерлерге және алғашқы МСК ұйымдарындағы кезекке жүктемені азайтуға мүмкіндік береді", – деп түсіндірді вице-министр.

Сондай-ақ, жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмекті бірден 3 айға жазып берудің арқасында емделушілердің емханаларға баруға уақыт шығыны едәуір азайыпты. Ай сайынғы тегін дәрі-дәрмек жазып беру тек қымбат тұратын және сирек препараттар үшін ғана сақталады. 

Бұдан өзге, аурулардың бес тобы бойынша ықпалдастырылған үлгі енгізіледі, ол облыстық ауқымдарда медициналық көмек көрсетудің үш деңгейі бойынша денсаулық сақтау ұйымдарын бөлуді қарастырады.

"Жедел жәрдем көрсетуді жетілдіру мақсатында жедел медициналық көмек қызметінің екі деңгейлі үлгісі жасалады. Ақпараттық қамтамасыз етудің бірыңғай жүйесі бар үлгі Павлодар және Қызылорда облыстарында сынақтан өткізіледі", – деді Ләззат Ақтаева.

Сондай-ақ, ол Қазақстанда көп бейінді стационарлардың ауруларды қабылдау бөлмелерінің жаңа форматын: триаж жүйесі, емделушіге бағытталған әдіс, бөлімшелердің кадрлық және материалдық-техникалық жабдықталуын қайта қарауды енгізу жоспарланғанын атап өтті.

Вице-министрі шетелдік ЖОО-лармен серіктестік орнату арқылы медициналық оқытуды жаңғырту жұмыстары жалғастырылып жатқанын жеткізді. Ол Қазақстанда халықты дәрігерлермен қамтамасыз ету ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда жоғары екенін, алайда мейірбикелер саны төмен екенін айтады.

Сонымен қатар мамандармен қамтамасыз ету мен мамандарды даярлау сапасы негізгі мәселелер болып табылады, әсіресе ауылдық жерлерде маман тапшы.

"Осыған орай, біз шетелдік ЖОО-лармен стратегиялық серіктестік орнату арқылы медициналық білім беруді жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Медициналық ЖОО-лардың серіктестері анықталды, 5 жылға дамудың стратегиялық жоспарларын әзірлеу жұмыстары жүргізілді, олардың мәні – оқыту бағдарламаларын өзгерту, медициналық ЖОО-лардың академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейту, университеттік клиникаларды ашу, профессор-оқытушылар құрамын қайта оқыту", – деді денсаулық сақтау министрінің орынбасары.

Сондай-ақ, ол қолданбалы бакалавриаттың фин моделі негізінде мейірбикелік білім беруді жаңғырту жұмыстары жалғасын тапқанын айтып өтті. Ол бойынша алты пилоттық колледжде 320 адам білім алып жатыр.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу