Министрлік мектепте орамал, кимешек пен хиджабқа рұқсат етпеді

4227

БҒМ орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды жаңартып жатыр.

Министрлік мектепте орамал, кимешек пен хиджабқа рұқсат етпеді

Ведомство "Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы" Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" жаңа бұйрық жобасын жариялады.

Меморганның түсіндіруінше, бұл талаптарды енгізу бірнеше мақсатты көздейді.

Біріншіден, орта білім беру ұйымдарының міндетті мектеп киімін қолдануында бірыңғайлық қамтамасыз етіледі.

Екіншіден, ата-аналардың мектеп формасына жағымды көзқарасын қалыптастыру көзделеді.

Үшіншіден, оқытудың зайырлы сипатын сақтау бірінші орынға қойылады, осы мақсатта оқу орны басшыларының, мектеп кеңесінің, қамқоршылық кеңесінің, ата-аналар комитетінің жауапкершілігі арттырылады.

Сондықтан ата-аналардың балаға шашы мен мойнын жабатын бас киім түрлерін – хиджаб, орамал, тіпті қазақта тек әжелер киген кимешекті кигізуге рұқсат ету туралы ұсынысы қабылданбады.

Жаңа киім түрінен тек бомбер ғана қосылып отыр.

"Қыздардың мектеп формасы: пиджак, жилет, юбка, шалбар, түймелері немесе бекіткіш-замогы бар трикотаж кардиган (бомбер), классикалық жейде-блузка (қысқы уақытта: трикотаж жилет, сарафан, водолазка). Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы тобықты жауып тұруға тиіс", – делінген жаңа құжатта.

Мектеп формасына орта білім беру ұйымының ерекшелік белгілерін – эмблеманы, тігіспелерді, шевронды және басқасын орналастыруға рұқсат етіледі.

Мектеп киімінің түсін, фасонын және белдемше-юбканың ұзындығын мектеп басшылығы мен мектеп кеңесі, қамқоршылық кеңес, ата-аналар кеңесі айқындайды, сондай-ақ ол жалпымектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітілуі қажет.

Қағидаларға жаңа норма енгізіліп отыр.

"Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, ауданның білім беруді басқару органы ата-аналарға мектеп формасын соны тігетін отандық өндірушілерден сатып алуды ұсынады. Бірақ мектеп формасының жекелеген өндірушілеріне артықшылық жасауға жол берілмейді. Ата-аналар өндірушіні таңдауда және мектеп формасын сатып алуда тәуелсіз. Білім беруді басқару органдары ата-аналар мен білім беру ұйымдарына жергілікті жерде мектеп формасының бірыңғай түсін таңдауға кеңес береді", – делінген бұйрық жобасында.

Осы арқылы білім басқармаларының киім сататын отандық кәсіпкерлердің тізімін ұсынуы заңдастырылады. Бірақ олардың ішінен қайсысын таңдайтынын ата-аналар өздері шешуге тиіс.

Дегенмен құжат ата-аналардың наразылығын туғызды. Өйткені талаптар жаңартылатынын күнібұрын естіген қазақстандықтар одан Жаңа Қазақстанға тән жаңашылдықтар, демократиялық жеңілдіктер күтіпті.

"Дұрысы, рұқсат етілген киімдер қатарына орамал, палантин, шарф, шәлі сияқты баскиімдерді қосуы керек еді. Юбка, басқа да киім түрлері іскерлік стилге сәйкес келуге, оқушыларды оқу процесінен алаңдатпайтындай болуға, яғни тым қысқа, денеге жабысып тұратындай, ішкі киім көрінетіндей мөлдір болмауға тиіс деп жазған жөн", – деген пікір білдірді ата-аналар белсендісі, елордалық кәсіпкер Зуфар Ситдиков.

Бұйрық жобасын талқылауға қатысқан тағы бір белсенді Арман Түсіпбеков бұйрықтың зайырлы сипатты бекітетін 13-ші бөлімін "жас ұрпақты діни нышаны бойынша кемсіту және құқығын шектеу" деп санайды. Мысалы, бірқатар дамыған елдерде оқушы қыздарға шашын орамалмен жабуына рұқсат етіледі.

"Мектеп дегеніміз бірінші кезекте білім беретін, түрлі ғылымдардың негіздеріне үйрететін оқу орны. Егер ата-ана баласын зайырлы мектепке берген екен, демек, ол қараңғы адам емес. Ал баланың орамал таққаны оның білім алуына қалай кедергі болады? Бұл бұйрық Ата заңға қайшы деп есептейміз. Оның орнына оқу орындарында оқушыларға дәстүрлі емес ориентациясын паш етуге тыйым салатын түзетулер енгізу қажет", – дейді ол.

Жалпы пікір білдірушілердің, ғаламторда сын айтушылардың көбісі БҒМ-нің қыздардың бас киіміне рұқсат етпеуіне, сондай-ақ юбканың ұзындығы белгіленбегеніне қатысты наразылық білдіріпті.

"Қыздардың қап-қара түсті бас киім киюіне ғана тыйым салу керек. Ал ақ түсті бас киімі жарасымды көрінеді әрі бұл қыз баланың киімін таза ұстайтынын, ұқыпты екенін паш етіп тұрады. Белдемше-юбкасы тізеден төмен болуға тиіс деп жазған абзал", – дейді Талғат Мұратов.

"Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығындағы 13-пункті алынып тасталынсын! Ол Конституцияның 14-бабының 2-тармағына қарсы! "Юбка етегінің ұзындығы тізеден ең кемі 10 сантиметр төмен, оқушылардың қалауы бойынша тобыққа дейін" болып өзгертілсін. Әйтпесе блузкасының ұзындығымен бірдей мини юбка киіп жүрген оқушы қыздар жетерлік", – дейді Армат Мақсотов.

Ержан Мантиков "оқудың зайырлы сипатын сақтау" деген сөздерден кейін "мемлекеттің рухани және мәдени мұрасы мен құндылықтарын сақтау" деген ұғымды, сонымен қатар "оқушы қыздың қалауы бойынша орамал тағуға рұқсат" деген сөздерді қосуды ұсынады.

Алматы тұрғыны Юлия Ибатулина министрліктің талаптары жергілікті жерлерде бәрібір сақталмайтынына назар аудартады. Өйткені БҒМ бәрін мектеп басшылығы мен ата-аналар кеңесінің шешуіне беріп қойған.

"Мен мысалы, форманың түсін, фасонын мектептің айқындағанын қаламаймын. Көптеген мектеп қыз балаларға шалбар киюге үзілді-кесілді тыйым салады. Егер қыз бала өзін шалбарда жайлы сезінетін болса, неге оның тілегін ескермеске? Министрліктің бұйрығымен қыздарға шалбар киюге рұқсат етіледі. Алайда біздің мектеп оған рұқсат етпейді. Қызым сонда да киіп барып еді, қайта-қайта ескерту жасап, сөккен, завучқа шақырған, бізді директорға баруға мәжбүр етті. Осының бәрінен өтуге тура келді. Балам жақсы оқиды. Ақ блузка, қара шалбар, туфли киіп жүргенді ұнатады. Сонысы үшін қылмыс жасап қойғандай жазалайды", – дейді ана.

Оның дерегінше, шалбар юбкаға қарағанда арзандау тұрады.

Ұқсас шағымдар өзге өңірлерден де түсіпті. Осы орайда 2022 жылы бірқатар облыста білім басқармалары шағым түскен мектептерге қатысты тексеру жүргізді. Сонда мектеп директорларының мәліметінше, қыздарға шалбар киюге рұқсат етсе болғаны, олардың кейбірі джинсы және басқасын киіп келе бастайтын көрінеді. Мысалы, мектептер әкімшілігі оқушылардың мектеп формасын және тәртіпті қалай сақтайтынына бақылау жүргізгенде, оқушылардың сабақта "толстовка", джинсы, кең балақты балахон-шалбар, кюлот-шалбар киіп жүретінін анықталған. Сондықтан оқушылар мен ата-аналар арасында түсініктеме жұмыстары жүргізілген екен.

Яғни БҒМ талаптары әзірге ата-аналар арасында қолдау емес, қызу пікірталас тудырып тұр.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу