Миноритарлық акционерлер "Қазақтелекомды" қыспаққа алып жатыр

2770

Корпоративтік кикілжің 12 наурызда сот отырысында қайта қаралады.

Миноритарлық акционерлер "Қазақтелекомды" қыспаққа алып жатыр

"Қазақтелеком" АҚ өкілдері компанияға тиесілі акцияларды кері сатып алуды талап еткен миноритарлық акционерлердің заңгерімен және журналистермен сот залында кездесті.

Сот отырысы басталмай жатып "Қазақтелеком" АҚ заңгері Лейла Тіленова: "Сот отырысына журналистер қатыспасын!" – деген талап қойды. Оның сөзінше, сотта компанияның коммерциялық құпиясы жарияланады, оны естуге, білуге, таратуға болмайды. Келтірген дәйегі дерексіз болғандықтан сот Лейла Тіленованың талабын орындаудан бас тартты. Бірақ сот отырысы ұзаққа созылған жоқ. Себебі...

Естеріңізге салайық, "Қазақтелеком" АҚ мен миноритарийлер арасындағы түсініспеушілік "Қазақтелеком" K-cell мобильдік операторын сатып алғаннан кейін басталды. Бұл операциядан кейін акционерлер дивиденттерінен айырылатынын айтып, дабыл қақты.

"K-cell компаниясымен жасалған ірі келісімшарттан соң біз ортақ шешімге келдік. Бұдан біздің табатын табысымыз жоқ болғандықтан, акцияларды сатпақшы болдық. "Қазақтелекомға" хат жазып, құнды қағаздарын қайта сатып алуға ұсыныс жасадық. Бірақ олар бізді қолдаған жоқ", – деді сол кезде Falconry capital тікелей инвестициялар қорының директоры Руслан Ахмедов.

Оның ойынша, "Қазақтелеком" акционерлеріне 600 млн теңге беруге тиіс.

Бұған дейін экономикалық сотқа "Қазақтелекомға" қарсы 13 инвестор арызданды. Кейін 3 акционер себебін түсіндірмей, арыздарын қайтып алды.

Өз кезегінде "Қазақтелеком" АҚ қаржы директоры Асхат Өзбеков: "Біз акцияларды сатып алудан бас тартқанымыз жөнінде жазған емеспіз. Қазір бас прокуратура біздің апелляциялық арызымызды қарастырып жатыр. Тексеру жұмыстары аяқталған соң акционерлік қоғамның директорлар кеңесі қандай шешімге келгенін жариялайды", – деген болатын.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты корпоративтік кикілжіңді 12 наурызда қайта қарау туралы шешім шығарды. Өйткені көрсетілген уақытқа дейін "Қазақтелеком" АҚ басшылары қазіргі ұстанымын өзгертіп, миноритарлық акционерлермен келісімге келуі мүмкін.

Бұл туралы "Қазақтелеком" АҚ заңгері Лейла Тіленова: "Біз Falconry Capital компаниясынан ешқандай арыз қабылдаған жоқпыз. Осыған байланысты бізге арызбен танысу үшін қосымша уақыт берулеріңізді сұраймыз. Мен жеке өз басым арызбен танысу үшін сот кабинетіне кіре алмаймын. Қазір біздің компания Falconry Capital-ға қатысты мәселені қарастырып жатыр. Олардың жағдай басқалардан бөлек. Қазір келісімге келу мәселесі қарастырылып жатыр. Сол себепті біз қосымша уақыт сұраймыз, бұл дау бейбіт түрде шешілуі мүмкін", – деді.

Қарсы тараптың өкілі, Grata компаниясының заңгері Бақыт Тұқылов "Қазақтелекомның" уәжімен келіспеді. Ол "Қазақтелеком" соттағы ашықтықтан жалтару арқылы біздің адал екенімізді және талабымыздың орынды екенін мойындап отыр.

"Бұл жерде бір ғана құпия болуы мүмкін. Ол – акцияның құны мен саны. Біз бұл ақпараттың жария болуына қарсы емеспіз. "Қазақтелекомда" қандай құпия болуы мүмкін, біз осыны түсінбейміз. "Қазақтелекомның" заңгері  арызбен танысу үшін сот кабинетіне кіре алмайтынын айтты. Сіздер осы сөзге сенесіздер ме? "Қазақтелекомда" интернетке қолжетімділіктің болмауы ақылға сыймайды ғой. Дәл осындай уәжбен олар сот процесінің уақыт созып отыр", – деді Бақыт Тұқылов.

 Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу