Митингке шыққан 180 адам қамауда отыр – Бас прокуратура

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3531

Оның 100-і – алматылық, 80-і – елорда тұрғыны.

Митингке шыққан 180 адам қамауда отыр – Бас прокуратура Фото: ortcom.kz

9-10 маусым күндері Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында ұйымдастырылған заңсыз митингілерге қатысқан 957 адам сот шешімімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы Сапарбек Нұрсейітов мәлімдеді.

"Бас прокуратура заңсыз митингілерді ұйымдастыруға және қатысуға жол берілмейтіні туралы бірнеше рет хабарлап, түсіндірген болатын. Алайда жекелеген тұлғалар араңдатушылыққа еріп, елорда мен басқа ірі қалаларда наразылық акцияларына шықты. Полиция қызметкерлеріне шабуыл жасалып, өтіп бара жатқан адамдардың, әйелдер мен балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнді. Салдарынан үш полиция қызметкері дене жарақатын алды. Бірақ полиция қызметкерлері ұстамдылық танытты. Арнайы құралдарды қолданған жоқ. Әкімдік, прокуратура және полиция акцияға қатысушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Полиция қасақана құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік ықпал ету шараларын қолдануға мәжбүр болды", – деді Орталық коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған баспасөз мәслихатына қатысқан Сапарбек Нұрсейітов.

Оның айтуынша, заңсыз акцияларға қатысып, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамағаны үшін соттың шешімімен 957 адам әкімшілік жазаға тартылған. Оның ішінде 670 адам қамауға алынды. 115-іне айыппұл салынып, 172 адамға ескерту берілді.

"Мемлекет басшысы прокуратураға ұсталған адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз етуді тапсырды. Қадағалау өкілеттігі аясында прокурорлар жасаған әрекетінің заңсыз екенін түсінген, жеке басын, отбасын және басқа да мән-жайларды ескере отырып, соттарға 311 тұлғаға қатысты олардың қамаққа алу мерзімін қықсарту жөнінде аппеляциялық өтініш-хаттар жіберді. Сот қолдады. Олар босатылды. Қамаққа алу мерзімінің аяқталуына байланысты бүгін тағы да 63 адам босатылады", – деді Сапарбек Нұрсейітов.

Прокуратура өкілінің хабарлауынша, қазіргі уақытта арнайы қабылдау орындарының қамағында 180 адам отыр. Оның 100-і – алматылық, 80-і – елорда тұрғыны.

"Прокуратура органдары ішкі істер органдары тарапынан заң бұзушылықты анықтаған жоқ", – деп нақтылады ол.

Сапарбек Нұрсейітов орын алған оқиғаларға байланысты прокуратура тарапынан арнайы тексеру басталғанын хабарлады. 

"Бас прокурордың тапсырмасына сәйкес, бүгінде әлеуметтік желілерде жарияланып жатқан деректерге және азаматтардан түскен шағымдарға байланысты арнайы тексеру жұмыстары басталды. Тексеру барысында орын алған әрбір оқиғаға егжей-тегжейлі мән беріліп, заң шеңберінде құқықтық баға беріледі. Оның нәтижесін көпшілікке жариялаймыз", – деді Сапарбек Нұрсейітов.

Еске сала кетейік, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурорға қамауға алынған кінәсіз азаматтарды босату туралы тапсырма берген болатын.

Президент Twitter-дегі жеке парақшасына "Бас прокурорға азаматтардың заңды құқықтарын қамтамасыз етуді, ұсталғандардың нақты саны мен кінәсінің деңгейін анықтауды тапсырдым. Кінәсіз азаматтар мен оқиға орнында кездейсоқ болғандарды босату қажет", – деп жазды.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу