Митингке шыққандарды ММА спортшыларымен таратқан

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2669

Ресейде наразылық акциясына шыққан халықты аралас жекпе-жек өнерінің тепсе темір үзетін жігіттерімен қуалап таратқан.

Митингке шыққандарды ММА спортшыларымен таратқан Фото: nevasport.ru

Екатеринбург қаласында кеше осындай оқиға болды. Жергілікті халыққа биліктің осы қаладағы драма театрға қарама-қарсы Әулие Екатерина шіркеуін салатын жобасы ұнамаған. Себебі осы жобаны жүзеге асыру үшін өсіп тұрған ағаштарды отау керек болған көрінеді. Әрі сол жер қоршалып тасталған.

Аталған шіркеудің инвесторларының бірі РМК (Русская медная компаниясы) екен. Олар қала ортасына жиналған халықты өздерінің жекпе-жек өнерлері академиясындағы спортшылармен тарқатуға кіріскен. Сөйтіп қол-аяқтары балғадай, аралас жекпе-жек өнері спортшыларын шығарған. Олардың қарасы 100-ге тарта спортшыны құраған көрінеді...

Олардың арасында Магомед Курбанов, Иван Штырков (суретте) сынды көпшілікке танымал спортшылар да болған. Бұл ретте боксшы Курбановтың "WBO International" чемпионы екендігі де жазылды. Кәсіпқой бокс рингінде 17 жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен. Ал Штырковтың аралас жекпе-жек өнерінде 15 рет жеңіске жетіп, бір рет тең түскендігі, әлі ұтылмағандығы да жарияланды.

Кешегі қақтығыстың бейнежазбалары әлеуметтік желілерде де жүр. Былапыт сөз, айқай-шу, өрескел әрекеттер көп болғандықтан, оны ресейлік басылымдардың өздері де жүктемеуге тырысыпты. Спортшылар наразылық білдірушілерді кейін ығыстырып, құлаған қоршауларды қайтадан қалпына келтірген көрінеді.

Тұздық ретінде, РМК академиясы 2018 жылы құрылған. Оның ашылу салтанаты 4 мамыр күні өтіп, оған Федор Емельяненко да шақырылған. Естуімізше, бұл академияда Майк Тайсон да болып, өте жоғары баға берген. Алты қабатты ғимаратта бокс рингі, балуандар кілемі, тренажер залы, тіпті ММА торы да бар көрінеді.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу