Bolashaq қауымдастығы мен Халықаралық бағдарламалар орталығының Bolashaq Friday Talks жобасының аясында Білім және ғылым министрлігінің жаңа оқу жылына дайындығы талқыланды. Әуелі Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари қашықтан оқытуға қажет компьютермен жабдықтау жұмыстары қалай жүріп жатқаны туралы қысқаша мәлімет берді.
"3 айдың ішінде 100 пайыз компьютермен қамтыдық деп қиялдануға келмейді. Әзірге мектептерге 300 мыңдай компьютер орнаттық. 450 мың компьютер қосымша сатып алу керек деген ақпарат барлық жерге тарады. Біз бұл істе Жапония, АҚШ сияқты елдердің тәжірибесіне сүйеніп отырмыз. Оларда да қашықтан оқыту үшін оқушыларға уақытша техника беріледі. Компьютер сатып алуға жағдайы келмейтін отбасыларға уақытша техника беру үшін 7 тамызда Үкімет қаулысы шықты. 13 күн ішінде техникаға қойылатын қарапайым талаптар стандартын жасадық. Қолға берілген компьютерді қадағалай алу жағын пысықтадық. Сатылып кетпеуіне, ұрланбайтынына, интернет контенті сүзгіден өтетіндей болуына мән бердік. Әлем бойынша сұраныс артқандықтан көптеп алу оңай балмай жатыр. Сондықтан Сауда және интеграция министрлігімен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Бұл техникаларды сатып алу үшін мемлекеттік сатып алу процесі ерекше тәртіппен жүреді. Жалпақтап айтсақ, әкімдер бір күн ішінде жеткізушімен келісімшарт жасай алады. Ендігі мәселе сырттан келетін техниканың Қазақстанға өту процесіне байланысты. Бұл жерде біздің құзыретіміз жүрмейді", – деді вице-министр.
Оның айтуынша елдегі 7000 мектептің 2600-інде қашықтан оқыту мүмкіндігі жоқ. Шалғайдағы шағын жиынтықты мектептер де осы тізімге қосылыпты.
"Ал бастауыш сыныпта оқитын 530 мың оқушының ата-анасы балалары дәстүрлі тәсілмен білім алғанын қалайтынын айтты. Олар қалыпты режимде оқиды. Сонда қашықтан оқуға қажет техникасы жоқ 300-400 мың бала бар. Әкімдіктер жедел түрде келісімдер жасап, техниканы таратып жатыр", – дейді Рүстем Биғари.
Білім саласындағы белгілі сарапшы, BTS Education компаниясының басшысы Саясат Нұрбек ауылға интернет тарту, оқушыларды техникамен қамту сияқты проблемалардың көлеңкесінде қашықтан берілетін білімнің сапасы деген мәселе қалып бара жатқанын еске салды.
"Мұндайда контент сапасы дейтін мәселе шығады. Бұрынғы методикалық контент қазіргі жүйемен сәйкеспейтінін көрдік. Мұғалімдер бұрын тек бір-бірімен бәсекеге түссе, енді Tik-Tok, Instagram, You Tube сияқты ресурстармен, онлайн ойындармен баланың назары үшін бескелеседі. Бұл ресурстардың контентін жасауға қыруар қаражат, нағыз кәсіби мамандар тартылған. Сондықтан контенті де, жарнамасы да баланың психологиясы мен эмоциясын, жас ерекшелігін ескере отырып, мұқият жасалған. Ал мұғалімнің асығыс дайындаған контенті онымен шендесе алмауы мүмкін. Сондықтан министрлік бейнесабақтар түсірумен ғана шектелмей, сапалы интерактивті білім беру жағына күш салуы керек", – деді сарапшы.
Ол, сондай-ақ, ата-аналар мен ұстаздарға баланың білімін жетілдіруге мүмкіндік беретін Khan Academy, K-12.org, FOXforward, CK-12, Crimson Clobal Academy сияқты халықаралық онлайн-ресурстардың тізімін де ұсынды.
Қашықтан оқыту жүйелі жүруі үшін барлық білім беру провайдерлерін бір арнада түйістіретін бірыңғай портал қажет деген идеяны Саясат Нұрбек те құптап отыр.
"Қазір Қазақстанның білім нарығында 10-ға жуық онлайн-платформа бар. Бірақ оларда бағалау, үлкен деректер жинау, жасанды зейінді қатыстыру, жекелеп оқыту, сапалы контент ұсыну жағы ақсап жатыр. Қашықтан оқыту алаңын мемлекет нарықтық ортаға беріп қойды. Бұл министрлікке қолайлы болғанымен, педагог үшін қиын. Бірыңғай орталық керек деп отырғанымыз сол", – деді ол.
Рүстем Биғари қашықтан оқу басталғанда туындайтын сұрақтарға жауап беретін "1450" нөмірлі call-орталық жұмыс істейтінін мәлімдеді. Бұл нөмірге әзірге ата-ана да, мұғалім де, оқушы да жұмыс уақытында хабарласып, кеңес алады. Ал оқу жылы басталғанда орталық 24\7 режиміне көшпек.
Министрлік биылғы оқу жылында Ресейдің тәжірибесіне сүйене отырып, "Мобильді мұғалім" атты жобаны сынап көрмекші. Пән мұғалімі жетіспейтін, интернеттің сапасыздығынан ұстаздары сапалы контент дайындай алмайтын мектептердің оқушыларын өзге өңірлердің жан-жақты қаруланған "мобильді мұғалімдері" оқытатын болады.
"Мобильді мұғалімдер" карантиндік шектеу болмаған кезде де педагог тапшы елді мекеннің балаларын сапалы біліммен қамтуға мүмкіндік береді. Мысалы, Оңтүстікте тапшы мұғалімдер Солтүстікте немесе Орталықта жеткілікті болуы мүмкін. Осылайша, виртуалды түрде өңірлер мұғалім алмаса алады. Қазір бұл жоба нақтыланып жатыр. Өйткені "мобильді мұғалімнің" қызметі қалай төленетінін дұрыстап ойластыру керек. Осы сиқяты тетіктерін жан-жақты зерделеп жатырмыз", – деді вице-министр.
Есімжан Нақтыбайұлы